Осыдан 200 жыл бұрын қазақ қыздары қалай киінген?

Қазақ әйелдерінің ұлттық киімі көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, желек, тақия, камзол, кәзекей, кебіс-мәсі, көкірекшеден тұрады. Олар әшекей бұйымдармен безендіріледі. Қыздарға арналған киімдер негізінен қынамалы болып келеді. Кеудесі, жағасы мен жеңі кестеленеді. 

Әйелдердің көйлегі ұзыннан тұтастай және мықынға дейін бөлек пішіліп, тігілген. Сонымен қатар, онда міндетті түрде жең болған. Ойын-сауыққа, той-думанға арналған бір киер көйлектерге жібек, шұға, барқыт секілді қымбат маталар таңдап алынған. Камзолға көбіне түкті пүліш мата қолданылған. Қыздар мен жас келіншектер алқызыл, ал, орта жастағылар көк, жасыл, сарғыш түсті камзол киген. Оның етегіне ою немесе өрнек жүргізген. 
Мына суреттегі қоңыр-қызыл барқыт матадан, кеудесінен етегіне дейін айналдыра сары түсті паршадан оюлап тігілген камзол 1938 жылы 8 тамызда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына өткізілген екен. 
Тұрмысқа шықпаған қыздың бөрігіне үкінің, көк құтанның немесе тотының үлпек қауырсындары тағылады. Қыздардың құндыз, кәмшат терісімен жиектелген бас киімдерін «кәмшат бөрік» деп атаған. Ал, маржандармен әшекейленгені «қалмаржан бөрік» делінеді. Суреттегі кәмшат бөрік облыстық тарихи-өлкетену музейінің қорына 1928 жылы өткізілген. Ол ашық-қызыл барқытпен қапталып, түрлі әшекейлермен безендірілген.
Қазақтың киімінің тәуірін ежелден қыз-келіншектер киген. Әсіресе, ұзатылатын қызды үлде мен бүлдеге ораған. Сөз соңында бүгінгі дизайнерлердің  ұлттық нақыштағы осындай киімдерді қайта жаңғыртып, халыққа ұсынып жүргенін айта кетейік. 

Б.ТОЙШЫБЕКОВА, 
облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.
Пікір қалдырыңыз