Халыққа керегі – әділетті әлеуметтік саясат

«Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің қаулысымен 2022 жылғы  28 қаңтарда партияның кезектен тыс ХХІ съезін өткізу туралы шешім қабылданды. Коронавирусқа байланысты шектеу шараларын ескере отырып, съезд онлайн-форматта өтеді. 
 Төменде біз үш азаматтың осы съезге қатысты ой-пікірлерін жариялап отырмыз.

Ұлжанат ЖҰРЫМБЕТОВА, облыстық мәслихат депутаты, Мақтаарал аудандық «Атакент» ауруханасының бас дәрігері: 
– «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің қаулысымен 2022 жылғы  28 қаңтарда партияның кезектен тыс ХХІ съезін өткізу туралы шешім қабылданды.
Мемлекет басшысының Үндеуінен тәуелсіздікті сақтаудың, ел дамуының жаңа нақты тұғырына аяқ басқанымызды аңғарғандаймыз. Нақтылық бар жерде тиімділік бар, бірлік бар жерде тұрақтылық болады.
Халыққа керегі – әділетті, әлеуметтік саясат. Біз, партия мүшелері халықпен тығыз қарым-қатынаста болып, оларды толғандыратын барлық мәселелерді бақылауда ұстап, шешу жолдарын қарастыруымыз керек. Жастардың бойындағы патриоттық сезімді, иммунитетті нығайтуға күш салуымыз керек. Ұлттық сананы қалыптастырудың діңгегі – патриоттық тәрбие. Алдымызда жаңа міндеттер мен басымдықтар тұр, ол ұтқырлықты, кәсібилікті, отансүйгіштік сезімге құрылған жарқын бастамаларды талап етеді.
Жастардың саяси мәдениеті мен қоғамдық санасын арттыруға атсалыссақ, еліміз бұрынғыдан да мықты, гүлденген, бәсекеге қабілетті бола түсеріне сенімдімін.
Сапарбек САХОВ, ОҚМА доценті, тарих ғылымдарының кандидаты:
– 28 қаңтар күні өтуі жоспарланған «Nur Otan»  партиясының съезінен қазақстандықтар, меніңше, түбегейлі партиялық саяси өзгеріс күтіп отырған жоқ. Иә, ұйымдық мәселелер қаралуы мүмкін... 
Келесі бір ойым, азаматтық қоғамдағы билікке таласуға шамасы келетін партиялар сол қоғамның идеологиясын қалыптастырушылар; саяси мақсаттар мен шешімдердің авторлары мен жетекшілері; бір-бірімен саяси бәсекелесу арқылы азаматтардың сенімі мен саяси мәдениетін жандандырушылар, сайлау арқылы қол жеткізетін лауазым иелерін ұсынушылар және тәрбиелеушілер болуы керек. Қоғамдағы алдыңғы қатардағы белсенді азаматтар  өзінің саяси қөзқарасындағыларды қолдаушылар немесе билікке ұмтылу арқылы оны жүзеге асыруға әрекеттенушілер болуы керек.                          
Дәл қазір біздің мемлекетімізге саяси реформалар ауадай қажет. Ата заңдағы халық билігін қамтамасыз ету, құқықтық қатынасты тереңдете енгізу, зайырлылықты   Ататүріктің, Махаткир Мұхаммедтің үлгісі арқылы іс жүзіне айналдыру, толыққанды әлеуметтік мемлекет құру мұраттарына уақыт оздырмай, қол жеткізсек, қане!
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Nur Otan» партиясының мүшесі облыстық мәслихат депутаты:
–  Күні кеше өткен «Nur Otan»  партиясы  Түркістан облыстық филиалы саяси кеңесінің отырысында ХХІ съезге облысымыздан қатысатын делегаттарды сайлау мәселесі қаралып, 28 делегаттың бірі болып сайландым.  Басқосуда өңір басшысы, партия филиалының төрағасы Ө.Шөкеев қаңтар айындағы қасіретті оқиғаларға тоқталып,  барлық күш-жігерімізді Конституциямыздың мызғымастығын сақтауға, халықтың әл-ауқатын көтеруге жұмсау қажеттігін атап өтті. Осынау күрделі кезеңде өңірімізде қоғамдық қауіпсіздік сақталып, тәртіпсіздіктерге жол берілмеді.
Апта соңында өтетін съезде партия алдағы бағыт-бағдарының негізгі ұстанымдарын нақтылай түспек. Жалпы, еліміздің жетекші  саяси күші саналатын партия бұған дейін «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын қабылдағаны белгілі. Ауқымды құжатта көзделген міндеттердің өз деңгейінде орындалуы партия жетекшілерінің назарында.
Президент Қ.Тоқаев бұған дейін өз сөзінде елде саяси өзгерістер жасау қажеттігін атап өткені белгілі. Көпшіліктің талап-тілегін тыңдап, талқылап, оны іске асыру жөніндегі шаралардың қыркүйекте жарияланатынын да мәлімдеген болатын. «Nur Otan»  жетекші партия ретінде осы өзгерістердің  басы-қасында болады, іске асыруға белсене араласады деген ойдамыз.  

Сауалнаманы жүргізген 
Б.ДАРҒОЖИНА.

Пікір қалдырыңыз