Біздің алар асуларымыз алда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде соңғы жылы елімізде орын алған қуаңшылық салдарынан жиналған астық көлемі жылдағыдан 4 миллион тоннаға кемігенін, болжам бойынша ағымдағы жылы да ахуал күрделі болуы мүмкін екенін айтып, Үкіметке агроөнеркәсіп құрылымдарының тұқымдық материалдармен, жем-шөппен, тыңайтқышпен қамтамасыз етілуін және егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстау керек екендігіне назар аударды. Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажеттігін, инфляцияны ұстап тұрудың алғышарты нарықта азық-түліктің мол болуы екенін айта келіп, бағаны тұрақтандыру Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі міндет екенін айрықша ескертті. 
Байыптай қарасақ Үкіметке жүктелген міндеттердің салмағы мол. Бұл бір-екі жылда еңсере салатын науқандық шаруа емес. Кешегі кеңестік кезеңді көксегенім емес, бірақ ол кездердің жақсы жақтары да мол болды. Әсіресе, жоспарлау мәселесіне ерекше мән берілетін. Белгіленген жоспар бойынша ет пен сүт, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін. Шаруа оны қайда өткіземін деп бас ауыртпайтын, тиісті орындарға тапсырады. Бұл мемлекеттік деңгейде шешілетін. Алдын-ала жүйелі түрде ойластырылған тұтас механизм тетігі барлық жұмыстарды шебер үйлестіретін-ді. Қазіргі кезде «Нарық бәрін өзі реттейді, бәсекелестік орта қалыптастырса бәрін орнына қояды» деген қағида өзін-өзі толық ақтай қойған жоқ. Өркениетті елдерде агросектор саласына мемлекеттік деңгейде қамқорлық көрсетеді. Ауыл шаруашылығы тауарларын шығаратын фермерлерді қаржылай қолдайды, жеңілдіктер жасайды, оларға түрлі субсидиялар қарастырылған. Ал, біздегі шаруалардың бәріне бірдей осындай қамқорлық жасала ма? Бұл – ойланатын мәселе. 
Жалпы, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша әзірленген жол картасында да 2022 жылы Төлеби ауданы тұрғындарының табысын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында межелік индикаторлар көрсетілген. Мәселен, қара мал басын 65,5 мыңға, жылқыны 34,5 мыңға дейін көбейту жоспарланған. Сондай-ақ, Ақбастау, Қарақуыс, Ащы су қоймалары мен каналдарды жөндеу арқылы қосымша 700 гектар суармалы жерлерді айналымға қосу межеленген. Оның үстіне жыл өткен сайын ағын судың тапшылығы өткір сезілуде. Сондықтан мұндай тығырықтан шығудың төте жолы – тамшылатып суару тәсілі. Осылайша оның көлемін 2500 гектар алқапқа дейін ұлғайту, ал, қарқынды бау көлемін қосымша 625 гектар танапқа жеткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің жаңа нысандарын ашу да жоспарланған.
Мемлекет басшысының барлық бастамасын қолдай отырып, ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеру үшін біз, аудандық мәслихаттың депутаттық корпусы да, өз жоспарымызға түзетулер мен толықтырулар енгізетін боламыз. Күшіміз бірлікте! Жаңа Қазақстанды бірге құруға белсене атсалысайық! 

Нұрлан ҚОЙБАҒАРОВ,
Төлеби аудандық мәслихатының хатшысы, 
«Nur Otan» партиясының мүшесі.
Пікір қалдырыңыз