Президент бизнес элитасын бірлесе жұмыс істеуге шақырды

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес қоғамдастықты жаңа экономикалық саясат қалыптастыруда бірлескен жұмыс бастауға шақырды» деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Парақты аударып, жаңа Қазақстанның негізіне айналуы тиісті жаңа экономикалық саясат қалыптастыруда бірлескен жұмысты бастау қажет» деп атап өтті Мемлекет басшысы еліміздің ірі бизнес өкілдерімен кездесуі барысында.

 ҚР Президенті жаңа экономикалық саясаттың негізгі принциптері адал бәсекелестік, қабылданған шешімдердің ашықтығы, мемлекеттік саясаттың болжамдылығы, бизнестің салықтық адалдығы, кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі екендігін баса айтты. 
«Әлеуметтік-экономикалық реформаларды табысты жүзеге асыруға дәл осы ірі бизнес, біздің буржуазия мүдделі екендігіне түбегейлі сенімдімін. Сондықтан да елдің дәл осы бизнес элитасының жоғалтып алары бар. Бірақ, сонымен қатар өз ісін одан ары кеңейту үшін де жақсы мүмкіндіктер бар» деді ҚР Президенті. 
Кейінге көз сала отырып, шартты түрде екі экономикалық бетбұрысты бөле айтуға болады. Біріншісі, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу. Қазақстан күрделі күйзелістер және шығындар арқылы ауыртпалықты, бірақ қажетті реформалар жүргізе отырып көтеріле, бейімделе алды. 
 ҚР Президенті бұл өзгерістерді қаржыландыру кеңестік жүйеден мұра болып қалған мемлекеттік мүліктерді жекешелендіру есебінен жүзеге асырылғанын атап өтті. 
«Сол іргетаста отандық кәсіпкерліктің жаңа санаты өсіп шықты. Екінші бетбұрыс нөлдік жылдардағы шикізаттық суперциклмен байланысты. Экономика жаһандық процестерге бейімделе алды, шетелдік инвесторларға жағдай жасалып, бұл елге мол қаражатты, бірінші кезекте өңдеу және банк салаларына тартуға мүмкіндік берді. Бұл қаржылар қазақстандық экономиканы қорландырды және оған тұрақтылық берді. Әлеуметтік бағдарланған мемлекет қалыптастыруға мүмкіндік туғызды. Бірақ, біз сыртқы әл-ауқаттың арқасында сыртқы игіліктің шикізаттық лағынетке айналғанын байқамай қалдық. Біз трансформацияда ұтқыр бола алмадық. Сапалы түрленулер мұндай түрленулерге қарсы түрлі топтардың мүддесімен бетпе бет келді. Нәтижесінде біз әртараптандырылған экономика құра алмадық» деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Қазақстанда саяси трансформация және қоғамды жаңғырту саясаты жалғасады. 
«Билік пен бизнестің сындарлы өзара іс қимылы әлеуметтік тұрақтылықтың мығым негізін құрады. Ал, ол өз кезегінде экономикалық, сонымен қатар саяси реформаларды сәтті жүзеге асыру үшін маңызды шарт саналады» деді Мемлекет басшысы.
 ҚР Президенті саяси трансформация және қоғамды жаңғырту бағыты жалғасатындығын баса айтты. 
«Таяуда саяси трансформацияның магистралды бағдарынан еш ауытқу болмайтынын мәлімдеген едім. Мен Мемлекет басшысы ретінде саяси трансформация және қоғамымызды жаңғырту саясатын жалғастыра беретін боламын. Сондықтан экономикалық реформалар бағдарламаларымен бірлесіп жұмыс істеу қажет. Реформа бағыты берілді. Нарықтық әлеуметтік бағдарланған және әртараптандырылған экономикаға көшу керек» деп атап өтті Қасым-Жомарт 
Тоқаев. 
Пікір қалдырыңыз