Автонарықта жаңалық көп

Көптеген автокөлік өндірушілер 2022 жылға арналған жоспарларын жариялады. Олардың арасында бұрын-соңды болмаған жаңа модельдер де бар. Модельдердің түрі өте көп болғандықтан, ішінен ең үздіктерін ғана таңдап алып отырмыз. Айта кетейік, бұл тізімдегілердің кейбірі таяу арада нарыққа шыққанымен, енді біреулерінің нақты қай уақытта өндірілетіні белгісіз. Бір анығы – біз бұл көліктерді күндердің бір күнінде әйтеуір бір көретін боламыз. Бәлкім, нәсіп болса, мінетін де шығармыз... 
2022 жылы шығарылатын Audi e-tron GT көлігінің электр қуатын қолданатын қозғалтқышы қалыпты қозғалыста 469 аттың күшіне ие болса, белсенділікті арттыру кезінде 522 ат күшіне дейінгі қуатпен қамтамасыз етіледі. Бұл қуат седан үлгісіндегі көліктің жылдамдығын сағатына 100 шақырымға 3,9 секундта жеткізе алады. Ал, мұнан кейін шығаруды жоспарлап отырған Audi RS e-tron GT көлігі алдыңғысынан да жылдам болмақ. Өйткені, ол қосымша қойылатын артқы қозғалтқыштың арқасында қалыпты күйде 590, ал, белсенді режимде 637 аттың күшіне ие бола алады. Сонда бұл көліктің жылдамдығы 100 км/сағ-қа есептегенде бар болғаны 3,1 секунд болмақ. Audi компаниясының ақпаратына сүйенсек, e-tron GT көлігі бір рет толтырылған қуатпен 385 шақырым, ал, RS e-tron GT үлгісі шамамен 378 шақырым жол жүре алады. Бұл көліктер алдымен АҚШ нарығына қойылып, e-tron GT 99 900 және RSetron GT 139 900 доллардан сатылады деп жоспарланған. 
BMW компаниясы бұған дейін i3 және i8 көлік үлгілерін аз мөлшерде өндіргенімен, жаңа BMW i4 брендін әжептәуір таралыммен шығармақ. Негізінен, бұл бензин қолданатын BMW 4 сериялы Гран Купе көлігінің электрлік баламасы. Қозғалтқышында 335 аттың күші болатын BMW i4 eDrive40 үлгісінің бастапқы бағасы 55 400 АҚШ долларын құрайды. BMW компаниясының бағалауы бойынша электр қуатымен толық зарядталған көлік сол күшімен 480 шақырымнан астам жол жүреді. Сонымен қатар, BMW 536 ат күші бар қозғалтқышпен жабдықталған i4 M50 көлігін шығарып, ол өнімін 65 900 АҚШ долларына сатуды жоспарлап отыр. Ол көліктің жылдамдығы секундына 100 шақырымға есептегенде 3,7 секунд болмақ. Айта кетейік, і4 көліктері 2022 жылдың көктемінде шығарылуы керек. 
Биыл канадалық «Ванкувер» компаниясы өте керемет көлік шығармақ. Electra Meccanica Solo деп аталатын бір орынды, үш доңғалақты электромеханикалық көліктің толық қуаты 250 шақырымға дейін жетеді. Оның алдында екі, ал, артында бір ғана доңғалақ болады. Бір қарағанда сайқымазақтың ебедейсіз үлкен аяқ киіміне ұқсайтын көлік 18 500 доллардан сатылымға шығарылады. Ал, Lucid Air атты керемет сипаттамаларға ие төрт есікті седан 1111 аттың күші бар электрлі қозғалтқышпен жабдықталған.  Көліктің жылдамдығы 100км/сағ-қа есептегенде 2,5 секунд болмақ. Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің бағалауы бойынша көлік толық қуатпен 760 шақырым жүре алады. Аталған көліктер қазірдің өзінде алдын-ала төлем әдісімен 176 500 АҚШ долларына сатылып жатыр. Демек, бұл автомобиль жақын арада ашық нарыққа шығады деген сөз. 
Бұл тұрғыда әлемдегі бай адамдардың көш басында келе жатқан Илон Маск та өз өнімін көпшілікке ұсынбақ. Оның айтуынша, Tesla Roadster деп аталатын көлік 2020 жылы шығарылуы тиіс еді. Алайда, пандемияның салдарынан бұл жоспар жүзеге аспай қалған. Дегенмен, сөзіне берік компания үш қозғалтқышпен жабдықталатын көлікті биыл құрастырмақ. Оның қуаттылығы сонша, 100 км/сағат жылдамдыққа 1,9 секундта жете алады. 200 000 АҚШ долларына бағаланған көлік толық қуатпен 100 шақырымға жуық жол жүре алады. 
Биылғы жалдың тағы бір жаңалығы – ұзақ жылдар бойы өндірісі тоқтап қалған Acura Integra моделінің жаңа түрі құрастырылмақ. Жаңа үлгі жаңартылған Honda Civic секілді төрт есікті, алты сатылы беріліспен жабдықталған көлік болады. Айта кетейік, Acura Integra моделінің өндірісі 2006 жылдан кейін тоқтап қалған еді. 
Барыс жылы бұрынғы Mercedes-Benz EQ үлгісінің флагмалық седаны да нарыққа шығады. Аты аңызға айналған S класс баламасының EQS 450+ аты түрі 329, ал, EQS 580 4Matic моделі 516 ат күші бар қозғалтқышпен жабдықталады. Ал, Mercedes-AMG EQS атты көлік қозғалтқышының қуаты 751 ат күшіне ие. Сондай-ақ, көлікке жақындаған кезде оның есіктері автоматты түрде ашылатын етіп жасалады. Бағаларына тоқталар болсақ, Mercedes EQS 450 + 102 310 және Mercedes EQS 580 119 110 АҚШ долларына бағаланған. Олар дилерлік орталықтарда 2021 жылдың соңы мен 2022 жылдың басында, ал, 2022 жылдың көктемінде американдық сақтандыру аукциондарында пайда болады деп күтілуде. 
Байқасаңыз, қазір барлық беделді компаниялар электр қуатын тұтынатын көлік өндіруді қолға алып отырғандай. Көптеген мамандар бұл үрдістің экологиялық тұрғыдан пайдалы болатынын айтуда.
Пікір қалдырыңыз