Ұшырғандармыз пырағын, Фәнидің кеңістігінен...

Өмірзақ Қожамұратов 1936 жылы Өзбекстан республикасының Бұқара облысы, Тамды ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастап, аудандық ерікті спорт қоғамының төрағасы, аудандық газеттерде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, Қызылорда қаласындағы Халық шығармашылығы үйінің әдіскері секілді қызметтер атқарды. 
«Жиделі Байсын», «Таңғы дауыс», «Жол аяқталмайды», «Ой кешу», «Күн астында – құдірет», «Суреттегі жұмбақтар» секілді жыр жинақтары жарық көрген. Өзбекстанның қазіргі Науаи облысы, Үшқұдық қаласындағы №4 қазақ орта мектебіне Өмірзақ Қожамұратовтың есімі берілген. 
Өмірзақ Қожамұратовтың шығармаларын әріптес ағалары, замандастары өте жоғары бағалаған. Қазақтың көрнекті ақыны Әбділда Тәжібаев «Өмірзақ арналы да ойлы лирик болатын, жақсы үні мен жақсы сырлары бар әуезді үндері оқушыны сезімге бөлейді, әсем ырғақтар бесікше тербейді. Әр алуан суреттер елестеп, әр алуан дыбыстар ойнайды» десе, Әбу Сәрсенбаев «Өмірзақтың бойында ақынға тән байқағыштық, суреткерлік бар» деген баға беріпті. Әйтсе де, екі елдің ортасын жол қылып өткен ақынның өмір жолы бұралаң-бұлтарыстарға толы болса керек. Сондықтан болар, Мұқағали Мақатаев: «Осы пақыр әзірге пойызға билетсіз мінген адам тәрізді. Өз құрбыларының қатарынан орын тимей-ақ қойды. Оған кел деп те, кет деп те ниет білдіре алмадық» деп қынжылған. «Өмірзақ Қожамұратов – қазақ поэзиясының асқарына Жұмекен Нәжімеденов, Жүсіп Қыдыров, Құдаш Мұқашев, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов сынды тарландармен қатар шыққан. Алайда, өзінің де, өлеңінің де бағы ашылмай кетті» дейді ақынның жерлес інісі Қали Жолдасов. 
Биыл Өмірзақ ақынның туғанына 85 жыл толып отыр. Айтулы күнге орай ақынның көзін көрген жерлестерін іздестіріп, біршама пікірлері мен естеліктер жинақтауға тырыстық. 
«Ұшырғандармыз пырағын,
Фәнидің кеңістігінен.
Өлген жоқ ешкім, шырағым,
Есебі кемістігінен.
Өлмей де жүрген жоқ ешкім,
Ақылы асқандығынан.
Өліп те жатқан жоқ ешкім,
Албасты басқандығынан.
Біле кет!
Ақылдан адасқандардың,
Ажалдан адаспайтынын.
Тақ үшін таласқандардың,
Табытқа таласпайтынын» (Өмірзақ Қожамұратов. «Құлпытастағы жазулар») деп жырлаған ақынның сезім мен лирикаға толы, сүйіспеншілікке суарылған өлеңдері ұлтымен бірге жасай берері анық.

Өмекеңмен өткен жылдар

1969 жылы жолдасым Шәкір Жапқараевпен бірге жоғары оқу орнын бітіріп келіп, Ленин атындағы орта мектепте ұстаздық қызметімізді бастадық. Өмірзақ Қожамұратовты тануым да сол жылдардан бастау алды. Ол кісі аудандық «Социалистік шаруашылық» газетінде жұмыс істейтін. Бірсыдырғы, тұйықтау кісі еді. Қонаққа келсе, ертерек қайтуға тырысатын. Бауырларына қамқор жан еді. 
1974 жылы Алматыға барған сапарында Айгүл есімді қызбен табысып, ауылға, келін етіп түсірді. Айгүл дәстүрлі әнші, ақындығы да бар келіншек болатын. Ауылға келген соң, Ленин мектебіне жұмысқа орналасты. Сол жылдары отбасымызбен араласып едік. «Айгүл Тамдыға үйрене алмай жүр. Көңілі бөлінсін дедім» деп ақын аға келіншегін ертіп, үйге келіп тұратын. Айгүл шынында да Тамдыға үйренісе алмады. Кейде ашыла сырласып қалған сәтімізде ақынды жиһазға толы үйі, көлігі бар кісі екен деп ойлағанын жасырмайтын. Олар небәрі бес ай бірге тұрды. Айгүл ақыры шыдамай Алматыға қайтты. Райынан қайтаруға тырысып, біраз үгіттегенімізге көнбеді. Ақын ағамыз өзі апарып ата-анасына табыстап келді.
Ф.Энгельс мектебінде жұмыс істеп жүрген кезімде Өмекеңе оқушылармен кездесу өткізуге ұсыныс жасадым. Ол кісінің келісімін алған соң аудандық Мәдениет үйінде кездесуге дайындалдық. 9-11-сыныптың оқушыларына ақынның өлеңдерін жаттатып, аудандағы беделді, белгілі кісілерді шақырып, әдемі кеш ұйымдастырғанбыз. Сол кездесу ақынға керемет әсер етті. Мәдениет үйіне жиналған 300-ге жуық оқырманы түрлі сауалдар беріп, Өмекеңнің өлеңдерін оқып, ақынның өзі шешіле сыр шертіп, тамаша кешті атқарып шықтық. Ақынның қуанышында шек болмады. Кездесуден кейін алғысын айтып тұрып, «соншама қазақ тілі пәнінің мұғалімдері тұрғанда, орыс тілінің мұғалімі ұйымдастырғанын қайтерсің» дегені есімде.

Райса Ижбулдина, 
байырғы ұстаз. Алматы қаласы.

Ол ешқашан ұмытылмайды

Ағам Өмірзақ Қожамұратов Өзбекстанның Бұхара облысына қарасты Тамды ауданында дүниеге келген. Біз көп балалы отбасында өстік. Ата-анамыз өмірден өткен соң ағам ізінен ерген бауырларының барлық жауапкершілігін өз мойнына алды. Ағам жастайынан поэзияға, шет тілдеріне, сурет салуға өте құмар еді. Бұғанасы қатпаған бауырларының қамымен жүріп, өзіне көп көңіл бөле алмады. Кітаптары да сирек шықты. Бірақ, өлең жазуын тоқтатқан жоқ. Мектепте, аудандық газетте жұмыс істеді. Бауырлары үшін қандай ауыртпалық болса да бас тартпады.
Ағамның іздеушісі де, зерттеушісі де Зейнолла Серікқалиев. Өмекеңнің қарашаңырағына келіп, қолжазбаларын жинақтап «Күн астындағы құдірет» деген кітабын шығарды. 2009 жылы Қали Жолдасов демеушілік жасап, «Сезім сәттерін» оқырман қолына тигізді. 80 жылдық мерейтойында тағы да демеушілердің көмегімен «Тонаған ғұмыр, жасын уақыт-ай» деген кітабы жарық көрді.
Ағам небәрі 47 жасында өмірден өтті. Осы аз ғұмырында жазған жырлары ел арасында әлі күнге дейін айтылып жүр. Ақынның аты өлмейді. Ол біздің жүрегімізде сақталған, ешқашан ұмытылмайды.

Күләнда Қожамұратқызы, ақынның туған қарындасы.

Сексеуілді даладан шабыт алған

Бірде өз арамызда Өмірзақ Қожамұратовтың жырлары туралы қызу әңгіме өрбіген еді. Көпшілікті үнсіз тыңдап отырған Қайрат Тобаев ініміз кенет орнынан сәл қозғалып қойды да «мен тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезімде Өмекеңмен бір айдай бірге болған едім. Исі қазаққа аты танымал дарынды ақынмен дастарқандас болып, қолына су құйып, қызмет еткенмін. Керек десеңіз, ол кісімен бір бөлмеде қатар жатқанмын» деді. Біз сенер-сенбесімізді білмей, аң-таң болып қалдық. Өзіне оншалықты сене қоймағанымызды байқаған Қайрат шыр-пыр болып, «маған сенбесеңіздер, мен ол кісіні қалай, қашан көргенімді айтып берейін» деп әңгімесін бастады.
– 1981 жылдың күзі еді. Жаздың жер бетін шыжғырып жіберетіндей қапырық ыстығының беті қайтып, күздің салқын сызының кәдімгідей сезіле бастаған кезі. Мен сол жылы тоғызыншы сыныпта оқып жүргенмін. Әкем Аман Тобаев кеңшар орталығынан шалғайлау орналасқан Жақау фермасына меңгеруші болып тағайындалған соң біздің үй ферма орталығына көшіп барды. Жан-жағын бұйра-бұйра құм төбелер мен сексеуілдер қоршаған ферма орталығында бес-алты-ақ үй бар екен. Ол кездері мектеп оқушылары кеңшардың барлық маусымдық жұмыстарына белсене жәрдем беретін еді ғой. Қазан айы басталысымен-ақ мектептегі жоғары сынып оқушыларын түгелдей күйек алу науқанына жәрдемге аттандырып жіберді. Мен әкемнің қарамағындағы ферманың қоймасына жүк түсіруші болып орналастым. 
Бір күні әкем аяқ астынан аудан орталығында өтетін жиналысқа кетіп, бірнеше күннен кейін қасына бір кісіні ертіп келді. Көзінің қарасынан аласы басымдау, үстінде ақшылдау шолақжең көйлегі, бұтында қара шалбары бар ұзын бойлы, кең кеуделі азамат екен. Арыстанның жалындай қалың қайратты шашын шалқасынан қайырған бейтаныс адамға әкем ерекше ілтипат көрсетіп келеді. Мен іштей «апыр-ау, бұл кісі кім болды екен» деп ойланып тұрғанмын. Қасқыр көрген ешкідей селтиіп тұрғаным ерсілеу көрінсе керек: – Балам, сен селтимей, тездетіп мына атаңның қолына су құйып жібер, – деп әкем бұйыра сөйледі. Ол кісінің сөзін екі ету жоқ, үйден таза сүлгі мен құманды ала шықтым. Жылы-жұмсағы мен тәттісін баласына бермей, қонағына сақтайтын қазақ емеспіз бе, шешем қолы-қолына жұқпай дастарқан жаза бастады. Шай үстінде әкем маған қарап «балам, мына кісі Тауелібай елінің дарынды ақыны Өмірзақ Қожамұратов деген атаң болады. Мен бүгіннен бастап сені осы атаңның көмекшісі етіп тағайындаймын. Сенің міндетің: осы жерде мына атаңның шығармашылықпен емін-еркін айналысуына жағдай жасау. Ақын адам шабыттанғанда тыныштығын бұзып, кедергі келтірмеу керек. Сондықтан жауапкершілігі мол осы жұмысты сенің мойныңа жүктеп отырмын» деп мойныма ауыр міндет жүктей салды да, екеуі рахаттана күлді.
Шайдан кейін шешем жарығы молдау, кең бөлменің біреуін Өмекеңе босатып берді. Асықпай қағаз-қалам, дәптерге толы қара сөмкесін ыңғайлы жерге жайластырып қойған ақын сәлден кейін шағын ауылдың батыс жағындағы биік құм төбеге қарай беттеді. Төбенің басына шыққан соң айналаға ойлана көз тастап біраз тұрды. Бір кезде ойына бірнәрсе түскендей төбенің басындағы тарбия өскен кәрі сексеуілдің қасына жақындап келді де, сексеуілдің бүр жара бастаған бұтағын алақанымен аялай сипап: 
«Таң емес топырағыңның кекселігі, 
Кебірден қаулап өскен сепсе бүрі. 
Қарсы алған борай соққан бұрқасынды, 
Кел, кеңес кексе құмның сексеуілі!» деп өзінің жағымды қоңыр даусымен бір өлеңді нәшіне келтіріп, мәнерлеп оқи бастады. Мен сол кезде ғана ақын аузынан шыққан жыр шумақтарының тұла бойыңды шымырлататын құдіретін түсініп, ішкі жан-дүниеңді еріксіз толқытып жіберетін сиқыры бар екенін ұққандай болдым. Күнде балтамен қиратып, отқа жағып жүрген сексеуілдің сезімге толы жырға өзек болатындай қасиеті барын сол кезде сездім-ау деймін. Екі қолын артына ұстап алған Өмекең биік төбенің басында әрлі-берлі аршындап жүрді де, бір кезде екі қолын қыранның қанатындай кере ашқан күйі алысқа көз тіге тұрып, өзінің саңқылдаған даусымен:
«Маған Мекке Мәдине, 
Венеция, 
Париж не? 
Туған жердің шөліндей ыстық емес,
әрине! 
Жан анамдай қадірлі менің туған 
байтағым, 
Жердің жәннат-жұмағы Қызылқұм деп айтамын» деп керемет жыр оқуын жалғастыра бастады. Сол кезде мен ақын ағаның саңқылдаған ашық даусынан заңғар көкте қалықтаған қыран құстың шаңқылдаған үнін естігендей болдым! Не деген ғажап, қандай құдірет! Төбеңді тесіп кететіндей Қызылқұмның қапырық аптабы мен ұшқан құстың қанаты талатын ұшы-қиыры жоқ шөлін Венеция, Парижден артық жәннат етіп көрсеткен ақын мадағынан кейін осы киелі мекен Қызылқұмда туылғаныма бойымда бір мақтаныш сезімі пайда болғандай болды. Бір кезде бойындағы шабыты шарықтай шегіне жетсе керек, Өмекең үстіндегі жұқалау костюмінің қалтасынан қағаз-қаламын суырып алып, сексеуілдің жанына отыра қалды. Қалтасынан алған қағазын тізесіне қойып, бар ынтасымен шұқшиып алып сусылдатып жаза бастады. Мен үндемей қасында қаққан қазықтай қалшиып тұрмын. Анда-санда көзіне түсіп кеткен қалың да ұзын шашын артқа қарай қайыра серпіп тастайды да, сәл ойланып алып жазуын жалғастыра береді. Бір кезде сиясы кеппеген өлеңді бар мәнерімен шабыттанып оқи бастады. Кез келген жырдың автор аузынан шыққанда ерекше түрленіп кететінін сонда көрдім. Сол күндер әліге дейін ойымнан бір сәт шыққан емес. Мен кейде өзімнің Өмекеңнің отты жырларының бірінші тыңдаушысы болғанымды мақтаныш етемін.
Қайраттың әңгімесінен құс қанаты талатын ұлан ғайыр даладан шыққан дарынды ақынның тағы бір қасиетін ұғынғандай болып біз отырдық.

Құрманғали Адамқұлов. қарт ұстаз.

Ақыннан ақыл сұраған кез

Өмірзақ ақынды мектепте оқып жүрген кезден білуші едік. Ол кісінің үйі К.Маркс көшесінде болатын. Ары-бері өткенде ашық терезеден ол кісінің газет-журналдың ортасында қағаз жазып отырғанын көретінбіз. Ол кісі аудандық «Социалистік шаруашылық» газетінде жұмыс істейтін. 1982 жылы Ташкент пединститутынның орыс тілі мен әдебиеті факультетінде оқып жүрген кезде Өмірзақ Қожамұратовпен кездесудің сəті түсті. Ол тұста Тамды–Ташкент əуе рейсі болатын. Ол кісі күз айында самолёттен түсіп, Шахматная 43 көшесіндегі студенттер пəтеріне келіпті. Алматыға ұшатын самолёті келесі күні екен. Сол күні сонда тұратын жолдастарыма мен де барған болатынмын. Сол пəтерде тұратын Оразбай деген қарақалпақ жігіті (3-курс студенті) де өлең жазатын. Сол жігіт Өмекеңе өзінің өлеңдерін оқып, ақыл-кеңес сұрады. Біз де ықыласпен тыңдадық. Өмекең ол жігіттің өлеңдерін талдап, ол жігітке Р.Рождественский, А.Вознесенский сынды ақындарды, əсіресе Е.Евтушенконы жиі оқуды ұсынды. Қазақ поэзиясының классиктерін де оқып жүруі керектігін айтты. Ол кісі шашын арқасына қайтара тарап қойған, шашы желкесіне түскен кейіпте еді. Байыпты, маңғаз, ұзақ ойланып, темекісін ұзақ шегіп отырады екен. Ертеңіне ол кісі Алматыға ұшып кетті. 

Орынбек АЙТБЕНБЕТОВ.
Приозёрск қаласы, Қарағанды облысы. 

Тамды әнінің тарихы

1970–1980 жылдары Тамды ауданындағы Мәдениет үйінің директоры (марқұм) Бердімұрат Тобажанов ағамыз болатын. Ол кісі Өмірзақ ағамен көрші әрі ағайынды кісілер еді. Жастары шамалас болған соң сырлас екендері де аңғарылып тұратын. Бердімұрат ағаның да аз-маз өлең жазатыны бар. Мәдениет үйінде балалар мен үлкендерге арналған кітапхана болды. Өмірзақ аға күнде келіп ұзақ уақыт кітап қарап жүреді. Көп оқитыны сырт көзге анық аңғарылып тұратын. Бойшаң, кең маңдайлы, маңғаздығы бойына жарасып тұратын. Кешкісін Бердімұрат ағамызбен әңгіме құрып, бірге қайтады. 
Ол жылдары Тамды ауданында Әлмен Базаров, бұрын Тамды ауданына қараған, қазір Үшқұдық ауданына қарайтын Құлқұдық елді мекенінде Сенбі Әйтпенбетов секілді өнерге құмар, өздері де өлең жазып ән шығаратын, көңілдері таза, жандары жайсаң азаматтар болды. Әлмен ағаның Тайын деген баласы да өнерлі жігіт еді. 
Сексенінші жылдардың ішінде «Ақтау халықтық ән-би ансамблімен» Құлқұдық ауылына бет алдық. Жолда Тайын қолына гитарасын алып қайта-қайта
«Тамдымды ауылым деп мақтанамын,
Ақтауды тауым бар деп шаттанамын.
Өрісі малға толы кең жайлауым,
Өзіңді шат сезіммен еске аламын,
Тамдым-әнім» деп қайталай берді. Жас кезімізде естігенімізді бірден қағып алатын едік. Мен «кешке концертте осы әнді айтамын» дедім. Бірақ, ол әннің бір ғана шумағы бар, әлі қалай аталатыны да белгісіз еді. Дереу ән кітапшаны қарап жіберіп, ұқсастығы келетін екі шумақты қосып, әннің атын «Тамдым әнім» деп қоя салдым. Сол күні кешкі концертте баянның сүйемелдеуімен айтып шықтым.
Ән халыққа ұнап, ел ішіне тез тарап кетті. Ұяттау жері 2-3-ші шумақтардың сөзі ұрланған еді. Бірде, Өмірзақ ағам Мәдениет үйіне келгенде, әрі еркелеп, әрі қорқыңқырап тұрып, бұйымтайымды айттым. «Қазақстаннан ақын, композиторлар келсе, мына әнді естіп, шумақтарының ұрланғанын білсе, қиын болады. Ұрлығым ашылып қалайын деп тұр» деп жата жабыстым. Өмекең, жымиып күліп алды да, қағаз пен қалам сұрады. Менің «ұрлығым» осылай жабылды.
Кейін, Ташкентте Қодири атындағы мемлекеттік мәдениет институтында сырттай балалар хоры дирижёрлығында оқыдым. Мемлекеттік емтиханға балалар хорын ұйымдастырып, шығарма тапсыратын кезде «Тамдым әнімнің» сөзін балаларға жаттатып шықтым. 
Мәдениет үйінен жұмыстан шығып, Энгельс атындағы орта мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып жүрген кезде де бұл әнді балаларға үйретіп жүретін едім. Барған жерлерімізде, отырыстар мен тойларда, концерттерде «Тамдым әнім» міндетті түрде шырқалатын еді. Өмірзақ ағамыз жазып берген шумақтар әнмен үйлесіп, елге ұнады. Сол жылдары бұл әнді Тамдының әнұранына айналды десем де болады.

Бағила Мұратова, 
«Халық құрметі» орденінің иегері.
Көкшетау облысы. Степногорск қаласы. Ақсу кенті,
мәдениет қызметкері.
Пікір қалдырыңыз