Қиын сәтте Президентке тіреу болайық!

Жаңа жылдың алғашқы күндерінде Жаңаөзенде басталған бейбіт шеру дәл осылай Қазақ елінің Тәуелсіздігіне жасаған, алдын-ала жоспарланған шабуылға ұласып кететінін ешкім де білген жоқ. Маңғыстау облысында халық атынан айтылған талаптар орындала бастады. Мемлекет басшысы шұғыл өткізген мәжілістен кейін бұл сыртқы күштердің әрекеті екенін білдік. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтіп, жаңа белестерге ұмтылған кезімізде мемлекетіміздің іргесін шайқалтуға бағытталған арандатушы, арнайы дайындалған содырлар тобы халық ішіне кіріп алып, өздерінің арам ниеттерін жүзеге асырмақшы болды. Елдің берекесін алатын лас, қарақшылық әрекеттер жасады. Ата-бабамыз  «Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» дейтін. Шындығында да солай болды. Алматыдағы, Шымкенттегі және өзге де өңірлердегі адам шошырлық оқиғалар жан түршіктірді. Террористер мен экстремистер ерекше маңызы бар нысандарды басып алып, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскерилерді ұрып-соғып, тіпті, өлтіруге дейін барды. Бұл шын мәнінде біздің тұрақтылығымыз бен бірлігімізді көре алмайтын ішкі-сыртқы күштердің ісі болып шықты. Әлі де ақ-қарасы ашыла жатар. Қаншама жазықсыз жандар жапа шекті, қайғы жұтты.
Осындай сын сағатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы нақты шешім қабылдады. Президенттің шешімімен ҰҚШҰ (Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымының) бейбіт өмір орнататын бітімгершілік күштері қысқа мерзімге шақырылды. Халық сайлаған Президенттің және Қауіпсіздік Кеңесінің бұл шешімін көзіқарақты, көкірегі ояу әрбір Қазақстан азаматы қолдауы керек. Басшымыз біреу, қалғанымыз тіреу бола білейік!
Қазір елдегі жағдай тұрақталып келеді. Төлеби ауданында да 3 бақылау- өткізу бекеті қойылды. 
140 адамнан құралған халық сақшылары жұмыс істеуде. Қоғам белсенділерінен жасақталған 20 адам елді мекендерді аралап, қазіргі жағдайды түсіндіріп, тұрғындарды арандатуға ермеуге шақыруда. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Бабалар арманы Тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтайық! 

Сержан ДҮЙСЕБАЕВ,
Төлеби ауданы әкімінің орынбасары.
Пікір қалдырыңыз