Күдіктен гөрі үміт басым

Өткенге салауат айтып, келер күннен үміт күтетін қазақы қалпымыз бар. «Ауру кірді дегенше, әлек кірді десейші» деп дана халқымыз айтпақшы, әлемді шарпыған пандемияның зардабын тартпаған ел жоқ шығар. Індеттің ылаң салғанына екі жылға жуықтады. Былтыр жаз айында өршіген КВИ мен пневмония көптеген адамдардың өмірін жалмады. Тұрғындарды былай қойғанда, ақ желеңділердің өздері де ажал құшып жатты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдарының шешімдеріне сәйкес емдеу протоколдарын уақыт өте келе өзгертуге мәжбүр болды. Қауіпті дерт мутацияға тез ұшырайды. Мұның өзі көптеген қиындықтар туғызды. Өтіп бара жатқан жылы «Дельта» штамы әлек салды. Алғашқы ащы сабақтан тәлім алған медицина қызметкерлері едәуір тәжірибе жинақтаған еді. Олар проблемаға өздерінің білімі мен біліктілігін, қажыр-қайратын қарсы қоя білді. Екпе салу жұмыстары ұйымшылдықпен жүргізілді. Қазір жасөспірімдер мен жүкті әйелдерге вакцина салынуда. Мұның өзі тәжтажалды тоқтатуға екпін бергені сөзсіз. 
Әлемнің пандемияны 2022 жылы тоқтатуға мүмкіндігі бар. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Гебрейесус «Известия» газетінде шыққан мақаласында жазды. Ол үшін 2022 жылдың ортасына қарай жаһандық мақсат – әлем тұрғындарының 70 пайызының вакцина алуына қол жеткізу қажет. Сонда ғана қалыпты өмірге қайта оралуға мүмкіндік туады. Ұжымдық иммунитет нығайып, қатерлі дерт кері шегінеді. ҚР Денсаулық сақтау минис-трінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев жақында өткен Үкімет сағатында әлемдегі және Қазақ-стандағы эпидемиологиялық жағдайды баяндады. Тәулігіне 500 мыңнан астам жағдай тіркеліп, пандемиядан дүние жүзінде 5,3 миллионнан астам адам қайтыс болыпты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық бөлігінде 54 елдің 15-інде соңғы аптада сырқаттанушылықтың артқаны байқалды. Мәселен, Данияда бұл көрсеткіш 70 пайыздан асқан, Италияда, Швецияда – 50 пайызға, Франция, Ұлыбританияда – 40 пайызға, Норвегия мен Португалияда 30 пайызға жеткен» деді Жандос Бүркітбаев Үкіметтің отырысында. Ал, елімізде соңғы аптада сырқаттану 31 пайызға төмендеген. Әлемдік рейтингте Қазақстан КВИ-ге қарсы екі дозамен вакциналау бойынша 208 елдің ішінде 103-орында тұр. Оның ішінде ТМД елдері арасында еліміз екінші орында келеді. Қазақстандықтардың 44,5 пайызы вакцина алған. Мұндай ақпараттар жан жадыратады. Түркістан облысында ревакцинациялау ойдағыдай жүруде. Эпидемиологиялық ахуал матрицасы бойынша біздің өңір «жасыл» аймақта тұр. 
Ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқасын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Барыс жылы табыс жылы болғай!

 Нұрділдә ТҮЗЕЛБАЕВ,
 медицина ғылымдарының докторы, профессор.
Пікір қалдырыңыз