Кездесу тақырыбы – Сирия...

Баян ДарҒожина, «Ońtústik Qazaqstan».

Сирия жөніндегі жоғары деңгейлі 17-ші халықаралық кездесу 21-22 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Екі күнге созылатын келіссөздерге Иран, Ресей және Түркия кепілгер елдерінің, сондай-ақ, Сирия үкіметінің өкілдері, сондай-ақ Сирия қарулы оппозициясы мен БҰҰ делегациясы қатысты.

Сирияда 2011 жылдан бастап қарулы қақтығыс жалғасуда. Нұр-Сұлтандағы келіссөздер 2017 жылдан бастап жүргізілуде, ал, 2018 жылғы қаңтарда Сочиде Сирия Ұлттық диалогының конгресі өтті, ол қақтығыс басталғаннан бері бір келіссөз алаңында қатысушылардың кең құрамын жинауға алғашқы әрекет болды. Конгрестің басты нәтижесі Женевада жұмыс істейтін және негізгі міндеті конституциялық реформаны дайындау болып табылатын конституциялық комитет құру туралы шешім болды.
Астана процесінде қарулы қақтығысты тоқтату және босқындардың өз еліне қайтып оралуына қолайлы жағдай жасау, тараптардың уағдаластықты сақтауы маңызды екендігі аталды. «Мұндай келіссөздер раунды қолайлы болғанымен, оппозиция ілгерілеуді күтуде» деп мәлімдеді  Сирия оппозициясы делегациясының басшысы Ахмад Тома. Айтуынша, осы кездесуде олар Сирия халқын қорғап, мәселелер туралы өз көзқарастарын ұсына алады. Келіссөздер қорытындысы бойынша оппозиция Сирия төңірегіндегі жағдайдың жақсаруына үміттенеді.
Сенімді дереккөздер бүгінде террористік топтардың іс-әрекеттері елдің солтүстігінде ғана емес, бүкіл Сирияда күшейе түскенін айтады. Ал, бұл әлем елдерінің алаңдаушылығын тудырып отыр. Кезекті халықаралық кездесуде террористік топтарға қарсы іс-қимылды жандандыру және барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін ұштастыру талқыланды. «Біз солтүстікте, солтүстік-батыста жағдайды түзету бойынша түрік әріптестерімізбен тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Әрине, түрік тарапының барлық міндеттемелері орындалған жоқ, бірақ, біз олардың осы процеске жәрдемдесуге деген құлшынысын көріп отырмыз» деді  Ресей президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев журналистерге берген сұхбатында.
Сирияның солтүстігінде орналасқан Идлиб аймағы Сирияның едәуір бөлігі әлі де бандалардың қолында  қалған жалғыз аймағы болып саналады.  2017 жылы сол жерде солтүстік құлдырау аймағы құрылды, онда Шығыс Гутаның Дамаск маңында және елдің оңтүстік аумақтарында қару-жарақтарын тапсырудан бас тартқан экстремистер орнығып алды. Провинция аумағында түрік армиясының бақылау бекеттері орналасқан. Ресей Федерациясы мен Түркия президенттері арасындағы  2020 жылдың 5 наурызында Мәскеуде қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, екі елдің әскери күштері Идлибте бірлескен патрульдер өткізеді.
Ал, АҚШ қарулы күштері Сирияның солтүстігінде және солтүстік-шығысында – Сирияның ең ірі мұнай және газ кен орындары орналасқан Дейр-эз-Зор, Эль-Хасеке және Ракка провинцияларындағы аумақтарды заңсыз басқарады. Ресми Дамаск бірнеше рет өз аумағында АҚШ әскери күштерінің болуын оккупация және мемлекеттік қарақшылық деп атаған болатын.
Жуырда Сирия әскері мен жергілікті тұрғындар Сирияның солтүстік-шығысындағы Эль-Хасика провинциясындағы американдық әскери колоннаның жолын жауып тастады. Дереккөздердің хабарлауынша, Телл-Захаб ауылының тұрғындары Сирия әскери күштерінің көмегімен елді мекенге бес бронды машинадан тұратын американдық колоннаның баруына мүмкіндік бермеді. Тұрғындар АҚШ колоннасына қарай тас лақтырған. Өздеріне осындай ыңғайсыздық жағдайлар туындағанына байланысты АҚШ жақында Сириядан кетуі ықтимал дегенді айтады Ресей тарапы. Кім білсін?..
Таяу күндері ресейлік әскерилер «Джунуд аш-Шам» тобы жетекшілерінің бірі Муслим аш-Шишани Маргошвилидің көзін жойды. Ол бірінші және екінші шешен соғыстарына қатысқан, 2012 жылдан бастап Сирияда көтерілісшілер жағында соғысқан адам. Ал, «Джунуд аш-Шам» тобы – Сирия оппозициясын қолдайтын және негізінен Идлиб және Латакия провинцияларында жұмыс істейтін шешендік сунниттік әскери ұйым. Бастапқыда оның саны шамамен 250 адамды құрады, бірақ, кейін қатары азайды.


Пікір қалдырыңыз