Сырдариядағы үш көтеріліс: ол туралы не білеміз?

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы – бұл қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін белес. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық тарихымызды зерделеудің маңызы арта түсті. Айта кетейік, соңғы жылдары тарих ғылымына мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетіліп, арнайы бағдарламалар қабылданған болатын. Биыл ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, өңірлерде тиісті жұмыстар жүргізіле бастады. 

Мемлекеттік комиссияның мақсаты – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи деректерді толық қалпына келтіру. Мемлекеттік комиссияның Түркістан облысындағы жұмыс тобы, олардың ішінде белгілі ғалымдар мен өлкетанушылар осы бағытта мұрағаттық құжаттар негізінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын құқықтық және саяси тұрғыдан толық ақтауға қажетті деректерді жинақтап, ұсынымдарды қорытуда. Сонымен қатар, оңтүстік өңірінде 1929-1931 жылдары ұжымдастыру саясатына қарсы орын алған көтерілістерді зерделеуде. 
Комиссия мүшелері көтерілістерді басу кезінде сотсыз немесе тергеусіз атылғандарды, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты материалдардың басым бөлігін мұрағат қорларынан алып, қорытынды шығарады. 
1927 жылы БОКП (б) ХV съезінің шешімімен ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру саясаты қабылданып, бекітілді. Күштеп ұжымдастыру саясаты халықтың наразылығын тудырды. 1928 жылдың 27 тамызында Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесі «Байлардың шаруашылығын тәркілеу туралы» заң қабылдады. Осы заңның негізінде байлармен қоса орта шаруаларды, дін адамдарын қудалау мен жазалау да кең етек алды. Осындай солақай саясат қарапайым халықтың тұрмыс жағдайын күрт нашарлатты. Ұжымдастыру салдарынан орын алған ашаршылық халықты ашындырды. Осының барлығы халықтың көтеріліске шығуына әкеп соқты. 
1929-1931 жылдар аралығында Қазақстанның барлық өңірінде 380-ге жуық қарулы көтеріліс болды. Ең ірі көтерілістердің бірі Сырдария округінде орын алған еді. Созақ, Бостандық, Сарысу және Қарнақ көтерілістері көп жылдар бойы әділеттілікті аңсаған азатшыл рухтың оянған көрінісі еді. Көтерілістер тарихи құжаттар, архив материалдары, ОГПУ, НКВД, партия, кеңес құжаттары және сол тарихи оқиғаларды көзбен көрген адамдардың әңгімелері негізінде зерделенуі керек. Себебі, архив құжаттары кеңес заманындағы идеологияға сүйене отырып жазылып, сақталған. Құжаттардың мазмұнында «бандалық көтерілістерді» басуға әрекет жасаған кеңес өкіметінің жергілікті қызметкерлерінің аты-жөндері нақты айтылғанымен, қарсы баррикададағы азаматтардың есімдері толық келтірілмейді. Бұл түсінікті жағдай. Дегенмен, біздің қазіргі міндетіміз – қолдағы бар құжаттарды ақтарып, оның әрбір парағына тереңірек үңіліп, көтерілісшілердің аты-жөндерін анықтау және ел үшін билікке қарсы шыққан іс-әрекеттеріне тиісті бағасын беру.  
Сырдария округіндегі 1930 жылдың 29 қыркүйегінде Бостандықта, ал, 6-16 ақпан аралығында Созақ ауданында халық көтеріліске шықты. Көтерілістердің ең ірісі, ең ауқымдысы – Созақ көтерілісі еді. Оның басталуына негізінен мал-мүліктің заңсыз тәркіленуі, кеңес өкіметі уәкілдерінің зорлық-зомбылық әрекеттері мен бассыздықтары, салықтардың көбеюі себеп болды. Ірі байлармен қатар орта шаруалар да тәркіленуге ілінді. Ортаға өткізілген мал қырыла бастады. 

Олар «Аллаһу!» деп ұрандатты 

Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихы архивінің (ТОҚСТА) 3 қорында және Түркістан облысының мемлекеттік архивінің (ТОМА) 74 қорында Созақ көтерілісіне байланысты бірнеше құжат сақталған. 
Мәселен, Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихы архивіндегі мәліметтерде: «...Соңғы күндерін өткізіп жатқан капиталистік элементтер кеңес өкіметінің билігіне барынша тегеурінді қарсылық көрсету үшін қолына қару алып, социалистік құрылысқа қастандық жұмыстарын жүргізіп келеді. Олар кеңес өкіметі өкілдері мен ауыл белсенділерін өлтіріп, өрттер ұйымдастырды. Мұндай көріністер округтің Бостандық, Созақ, Сарысу аудандары мен Түркістан ауданының Қарнақ қыстағында орын алған, бай мен ишандар ашық түрде қаруланып, Алашорданың ұранымен кеңес өкіметі билігіне қарсы шыққан. Наразы халық «Алла! Алла! Алла!» деп ұрандатып шығып, ең алдымен Созақ абақтысында жатқандарды босатып алды» деп келтірілген. «Алла» ұранымен басталған көтеріліс тек ишандардың ұйымдастыруымен орын алған наразылық деп айтылған. Өйткені, кеңес өкіметі дінге қарсы атеизм саясатын ұстанған болатын. «Созақ пен Сарысу көтерілістері – бай-ишандардың қарсылығы» деп бағаланды.  
 7 ақпан күні 400 көтерілісші аудан орталығын басып алып, ауданның 18 басшы қызметкерін өлтіріп, кеңселерді өртеп, байлардың тізімі мен басқа да құжаттарды жойып, билікті өз қолдарына алғаны туралы жан-жаққа хабар бере бастады. Оларға Бостандық пен Сарысу аудандарындағы көтерілісшілер қосылып, кеңес өкіметіне ұйымдасқан түрде қарсы шықты. 
Созақ көтерілісінің басшысы 50 жастағы Сұлтанбек Шалақов болды. Ол 1880 жылы дүниеге келген. №7 ауылдың старшинасы болған деп көрсетіледі. Сұлтанбек Шалақұлын  ақ киізге көтеріп, хан сайлады. Шалақов әскери  штаб ұйымдастырып, 20 адамнан тұратын хан кеңесін құрады.
Орталықтан көтерілісті басуға жазалаушы отряд келіп жетеді. (ТОҚСТА 3 қор, 1 тіз., 17 іс) «53  адам коммунар,  1200 данадан 4 жәшік патрон. Шымкенттен күндізгі сағат 12-де  шығып, жолда вагон жанып кетіп, жолаушылар поезына ауысып, Түркістанға кешкі сағат 9-да ғана жетеді. Отряд Түркістанда казармада түнейді. Округтен Мусиннің басшылығымен Созаққа – Ашысайға қарай Түркістаннан 50 коммунар, көмекке таулы жолмен 13 коммунар, Қызылордадан Түркістанға 50 адам 1 пулеметпен аттанады. Ашысай жолында 15 шақырымдай жерде 120 көтерілісші болды. Олардың қарулары:  30 мылтық, көбісі айыр мен орақтармен қаруланды. Балықшы маңайында тауда 4 мыңға жуық көтерілісші болды. 12 адамнан тұратын отряд толығымен шатқалда ұсталып, қырылды» .  
Мұрағат қорындағы материалдарда  «500-600 адам шатқалда, сол жағынан 200 адамдай тағы шығып, қолдарына ақ жалау алып, «Алла, Алла!» деп ұрандатып жабылды. Коммунарлар зеңбіректен 2 рет атып, көтерілісшілерді артқа шегіндірді» делінген. Коммунарлардың қарапайым халыққа қарсы зеңбіректерді пайдалануынан-ақ мұның соңы қанды қырғынға ұласқанын елестетуге болады. 
13 ақпан күні Исаев отряды Қарнақ пен Иқан тұрғындарын үгіттеуге келе жатқан 2 адамды ұстап алады. Бұл қыстақ тұрғындары осы көтерілісшілермен бірге еді. Созақ көтерілісіне қатысқан 400-500, кейбір деректерде 2000-дай адамның  атылғандығы айтылады.  
«16 ақпан күні 4 сағаттық текетірестік шайқаста Созақ коммунарлар қолына өтеді. Негізі қарсылас топтардағы көтерілісшілер хан және атты нөкерлерінің басшылығымен 500-600-ге жуық адам болды» деген мәліметтер кездеседі. «... көтерілісшілер саны 4000-ға жуық болған деген хабар тарады. Сондықтан кейбіреулері Бабайқорғаннан отрядпен шығуға қорқып, оның үстіне қалың қар жауып, боран, тұман, ауа райы да қолайсыз болды. 300-400-дей атты әскери отряды шабуылдады». 10 күн бойы көтерілісшілер Созақ билігін қолына алып, кеңес өкіметіне қарсылық танытты. 
Созақ көтерілісін басып жаншуға жіберілген Шымкент отрядының 12 коммунары (А.Иманкулов,  К.Мирсагатов, Т.Абикеев, Р. Юсупов, А.Юсупов, 
Ч.Утебаев, А.Турсунов, Белов, П.Зубавенко, Аманов, С.Даулетшин, А.Береговой, Т. Махмутов) жауға қарсы күресте жауапкершілік танытпағаны үшін жұмыстан босатылып, партия қатарынан шығарылған.  
Созақ көтерілісімен қатар Қарнақ, Сарысу, Бостандық жерінде де көтерілістер орын алғанын білеміз.

82 көтерілісші атылды

«Бостандық» көтерілісі 1929 жылдың қыркүйек айында басталып, 3 күннің ішінде басылды. Көтеріліске 400-ден аса адам қатысты. Мұрағат деректеріне сүйенсек, «Бостандық» көтерілісіне Піскем ауылынан 150 адам қатысқан. Ал, Мусабаев, Одинаев, Гаипов, Азизов, Самат Одинаев, Шапагаддин Вадишев сияқты байлар деп көрсетілген азаматтар ұйымдастырушылар ретінде көрсетілген. Құжаттағы мәліметтерге сүйенсек, оған дайындық шілде айынан басталған екен. Ұйымдастырушылар Шатқалы диқандарымен («басмашылармен») байланысты үзбей отырған. 
Ұзын ауылынан келген 80 адамға Юлдаш Нанаев басшы болып сайланды. Көтеріліске Богустан қышлағынан – 2,  Сыджақ ауылынан 20 адам, ал, Ходжакент ауылынан 8 бай қатысты. Олардың басшысы Исмаилов болды. Дау Халмуратов, Молда Әлім сынды байлар «басмашыларға» қосылып, 29-30 қыркүйек күндері отряд жасақтап әкеледі. «Бандыларға» 38 адам қосылып, біразы басмашылармен бірге кетеді. 
1929-1930 жылдары астық өндіру жоспарының орындалмауына байланысты қарапайым шаруаларға қатаң жаза қолданылды. Оларға қойылатын талаптар күшейтілді. Жалтарып жатқан жағдайда оларды «контрреволюциялық қылмыс» деп танып, РКФСР ҚК 58-бабы бойынша ату жазасына кесті. Мәселен, архив материалдары көрсеткендей, елді аштық жайлап тұрған кезде астық дайындау жоспарының орындалмауының себептерін анықтау үшін тексеру комиссиялары жіберіліп, астық қорын байлар мен кулактар жасырып отыр деген желеумен, шынында жоқ астықтың мөлшерін жоғарылатуды талап еткен.   
 Тексеру комитеті орталыққа «Бостандықта 255 пұт астық дайындау жоспарына келетін болсақ, бұл нақты емес, сонымен қатар азайтылып айтылған, менің есебім бойынша ауданда астық өнімділігін ескере отырып, «артық» астық мөлшері 291,489 пұтты құрайды. Сондықтан партия ұйымдарының басшылығымен кедей және орта шаруаларды жұмылдыру арқылы байларға қысым жасап, астық тапсыруды жалғастыру қажет. Бостандықтағы жағдайдан кейін кейбір қызметкерлер астықты мемлекетке өткізуді тоқтату керек деп байларға толықтай жеңілдік беретін басымдықтарына жол беріп отыр» деп мәлімдеген. «Прокурорлық қадағалау мен сот органдарының құзырын күшейтіп, нан қоры негізі кулактардың қожалықтарында шоғырланғанын ескере отырып, оларды  астық пен нанды тығып сақтап отырғаны үшін, «алыпсатарлар» деп 107-бап бойынша барлық заңды шараларды қабылдау керек» деп ескертіледі. Астық салығын өткізу кезінде Бостандық ауданынан Өзбекстанға «30 бай» деп танылған қожалық көшіп кеткен болатын. 
Бостандық көтерілісіне қатысқан 32 адамның РФКСР ҚК 58-бабы  (58-2, 58-8, 58-10)  бойынша жазалануы туралы нақты деректер бар. Айта кетейік, олар: Талиб Мусабаев, Тюляген Азизов, Исак Ражаматов, Бекай Халматов, Альманбет Шадманов, Хасан Карачулаков, Ирмат Шадманов, Ахмеджан Нигмаджанов, Юлдаш Нанаев, Тургумбай Чамышев, Примкул Берюбаев, Абдуманап Абдуразаков, Авезбадалов Алимджан, Ярходжи Турсунмухамедов, Ташбулат Дадабаев, Дюсен Альчинбаев, Чемурбай Джанабаев, Мирзадаулет Кариев, Зиятдин Мирзаев, Касан Саржанов, Абдукагар Адинаев, Абдусамат Адинаев, Назармет Мусамат, Джамал Аккулов, Нажметдин Мусабаев, Мансур Султанов, Хидырали Самалиев, Шагабуддин Убайдулла, Иргеш Юльчиев, Нугмат Мадмуратов, Султан Исамбеков).  Көтерілісті басқаннан кейін жалпы 181 көтерілісші сотталып, 82 адам атылды. 

Жазалаудың негізгі объектісі шаруалар болды 

Түркістан қаласының солтүстік-батысына қарай 25 шақырым жерде орналасқан Қарнақ қыстағының тұрғындары (15 мың халқы бар) да кеңес заманында күштеп ұжымдастыру науқаны кезінде асыра сілтеу саясатына қарсылық білдіріп, билікті өз қолдарына алды. Он бес мыңдай халқы бар бұл қалашық кеңес заманында «шолақ белсенділерге қарсы көтеріліс жасаймыз» деп Атабай ауылы атанды.
Мұрағат деректері көрсетіп тұрғандай: «Округ бойынша партия ұйымдарының интернационалдық тәрбиеге дұрыс мән бермеуі салдарынан бірқатар коммунистердің тарапынан өрескел қателіктерге жол берілген.  Мысалы, Түркістан әскери отрядының командирі Қарнақ қыстағына кулак бандыларының қарсылығын басуға жібергенде отрядта қазақтар мен өзбектерді алмайтындығын және тек қана орыстармен баратынын  ашық айтқан». Сонымен қатар, «Созақ көтерілісі кезінде шайқаста ұлты орыс  7 коммунар қаза тапқанда «тек орыстар ғана өлді» деп наразылық білдірген. Осындай кереғар көзқарас  ұлтшыл деп бағаланатын қазақ коммунарлар тарапынан да орын алған» (ТОҚСТМА 3-қор, 1-тіз., 15 іс.) 
Кеңес билігінің ең қатал шараларының бірі – кулактар мен байлардың жойылуын орындауға бағытталған мемлекеттік саясат  болды. 1920-1930 жылдар аралығында шаруалар жазалау шараларының негізгі объектісіне айналды. 
Сырдария округіндегі 1930 жылы орын алған көтерілістерді тәуелсіздікке жету жолындағы шайқастар деуге әбден болады.  Кеңес өкіметіне, ұжымдастыруға қарсы ұйымдастырылған көтерілістер еліміздің тарихында аса ауыр, қайғылы саяси қуғын-сүргінге ұласты. 1930 жылы Созақ пен Сарысуда, Бостандық пен Қарнақта өткен қанды қырғын көптеген көзі ашық оқыған азаматтарды жойып жіберді. Дін адамдарын қудалап, ату жазасына кесті. Сондықтан бүгінгі және ертеңгі ұрпақ шындық пен ақиқатты білгені жөн.  

  Ақмарал САНДЫБАЕВА,  
тарих ғылымдарының 
кандидаты, доцент.
Пікір қалдырыңыз