Ұлағатты ұстаздар ескерткіш болып оралды
Жақында Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінде аталмыш оқу орнын ұзақ жылдар басқарып, оның дамуына өлшеусіз үлес қосқан Қасым Асанов пен Боранбек Шүкірбековтерге ескерткіш қойылды. «Ардагерлерімізді ардақтау – ұрпақ парызы» атты тақырыпта өткен іс-шараға білім ошағын сенімгерлік басқаруға алған «DALA FRUIT.KZ» ЖШС-нің басшысы Болатбек Нәжіметдинұлы демеушілік жасады. Ескерткіштің авторы – сәулетші Асқар Мамырбаев.
Қасым Әбуұлы Шымкент совхоз-техникумын 1973 жылдан 1987 жылға дейін басқарды. Ол оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтып, ғылым мен өндірісті байланыстыра отырып оқытуды іске асырды. Сабақ барысында озық технологияларды қолдануға көңіл бөлді. Дендрологиялық саяжайды ұйымдастырып, оны көгертуге атсалысты. Шымкент совхоз-техникумын сол кездерде көпшілік «Асановтың академиясы» деп атап кеткен болатын.
Қасым Асановтың ғылыми еңбектері негізінен Қазақстанның оңтүстік-шығыс және батыс аймақтарындағы жайылымдық жерді зерттеуге арналды. Ғалым шөлейт жердің құнарлылығын арттыру үшін Атырау облысында тәжірибе жүргізді. Белок пен витаминдердің сапасын жақсарту мақсатында мал азығына көк балдырды қосып беруді ұсынды.
Қасым Әбуұлы Ленин, «Еңбек Қызыл Ту», «Қазан Революциясы», «Халықтар Достығы», «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор.
Экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Боранбек Шүкірбеков облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып қызмет атқарған азамат. Ол Шымкент облыстық тәжірибе стансасының және «Шымкент ғылыми-өндірістік бірлестігінің» директоры қызметтерін де абыройлы атқарды.
Боранбек Шүкірбеков Ленин, «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған. Социалистік Еңбек Ері атанған.Тың және тыңайған жерлерді игерудің 20, 30, 40, 50 жылдық мерекелік медальдарының иегері. КСРО Орталық сайлау комиссиясының мүшесі және КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.
Жалпы аталған оқу орнына осы күнге дейін 14 адам басшылық жасады. Солардың ішінде Қасым Асанов пен Боранбек Шүкірбековтің тұсында оқу орны қомақты-қомақты табыстарға қол жеткізді.
Алғашқыда «Шымкент совхоз-техникумы» болып құрылған білім ошағы қазір «Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық колледжі» деп аталады. «DALA FRUIT.KZ» ЖШС-іне 10 жылға сенімгерлік басқаруға берілген. Аталмыш серіктестік студенттердің теория жүзінде алған білімдерін тәжірибеде қолдануына барынша жағдай жасап жатқанын да айта кеткен жөн.
Шарада қоғам қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарының құрметті азаматы Бекет Тұрғараев, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісінің, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Орынбай Рахманбердиев және экономика ғылымдарының кандидаты, Арыс қаласының, Отырар, Созақ, Ордабасы аудандарының құрметті азаматы, осы ескерткіш тақтаның тұрғызылуына ұйытқы болған Досыбай Шерімқұлов сөз сөйлеп, ескерткіштің лентасын қиды.
Ал, қоғам қайраткері, «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін», «Белсенді қызметі үшін», «Тыңға – 50 жыл», «Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері Шалатай Мырзахметов, «Қаракөлшілер» қауымдастығының төрағасы, КСРО және ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Хисметолла Үкібаев, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Түркістан облысының құрметті азаматы Кенжехан Төлебаев ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Салтанатты жиыннан кейін жиналған жұртшылық Қасым Асанов пен Боранбек Шүкірбековтің рухына арнап берілген асқа қатысты.
Сандуғаш ЖАҚЫП,
Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық колледжі директорының
тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.