Елбасының ерен еңбегі туралы әңгімеледі

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық  университетінде 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орайластырылып Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері,  «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиевпен кездесу болып өтті.
Кедесуді кіріспе сөзбен ашқан университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева айтулы мерекенің мән-мағынасына тоқталып, Тұңғыш Президент күні қарсаңында еліміздегі белгілі қоғам қайраткерлерімен, көрнекті ғалымдармен кездесу өткізу дәстүрге айналғанын айтып, жиын қонағы, академик Кәрімбек Арыстанбекұлына сөз берді.
Белгілі ғалым университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттеріне арнап ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел дамуының өзегі – адами капиталды дамытудағы ерен еңбегі туралы әңгімеледі. Елбасының білім саласындағы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қолға алған бірегей жобасы – «Болашақ» бағдарламасының қабылдану тарихына тоқталып, әлемдік университеттерде білім алған жаңа тұрпатты жас кадрлардың еліміздің әлеуметтік-экономикасының дамуына қосып жатқан мол үлестерін баяндады.
Сондай-ақ, «Білім мен ғылымды екінші орынға қойған ел, ешқашан ешбір салада бірінші орынға көтеріле алмайды» деген Елбасы тұжырымдамасының арқасында елдің адами әлеуетін арттыру бойынша мемлекеттік бағдарламалар қабылдануына жол ашылып, нәтижесінде тәуелсіздіктің жемісі ретінде ғылым – білім жүйесі жетілдірілгенін тілге тиек етті.
Кездесу аясында ҚР Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған Кәрімбек Құрманәлиевтің академиктер туралы жазылған «Тіл және Тұлға» кітабының таныстырылымы өтті.
Кездесуде сөз алған профессорлар мен жас ғалымдар академикпен кездесудің тағлымдық-тынымдық жүздесу болғанын айта келе, академиктер жайлы жазылған еңбегі университет ұжымына да қолжетімді болатындығына қуанышты екенін жеткізді.

Д.ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.

Пікір қалдырыңыз