«Елдік істердің ешқайсысынан шет қалған емеспіз»

Алдағы айдың 16-сы күні Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толмақ. Еліміздің еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен жастардың ерліктері әрқашан жадымызда жаңғыра бермек. Олардың сол қаһарлы күндердегі ерен ерліктері бүгінгі және кейінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Осы айтулы датаға желтоқсандықтар қандай дайындықтармен бармақ? Көтеріліске қатысушылардың ерліктері қалай бағаланып жүр? Осы және басқа да сауалдарға жауап алу үшін біз «Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының төрайымы Сажида Жақсылыққызымен сұхбаттасқан едік.

– Сажида Жақсылыққызы, ызғарлы желтоқсанда империя бодандығына қарсы бұлқынған намысшыл жастардың бұрқ еткен көтерілісіне де, міне, 35 жыл толғалы отыр. Сіздің де сол оқиғаның ортасында жүргеніңізді білеміз. Жалпы, Желтоқсан оқиғасына қандай баға бересіз?
– Желтоқсан көтерілісі ұлттық рухтың қуатын, ерлік пен елдіктің мұратын танытатын көтеріліс болды. Тарихтан белгілі, қызыл империя одақтас он бес республиканы ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келді. Конституцияда әр мемлекет КСРО құрамынан шығып кетуге құқылы деп жазылғанымен, империя олардың ешқайсысын уысынан шығарған жоқ. Бар байлығымыз вагондап орталыққа қарай жөнелтіліп жатты. Мұны біле тұра, көре тұра аузымызды ашпадық, «ел тыныш болсыншы» деген оймен тыныштықты ту етіп отырдық. Бесжылдықтардың балғасын солқылдата соғып жүрген ерлеріміз озбыр империяның тәуелсіздігімізге дейін қол сұғып жатқанын аңғармады ғой деп айта алмаймын. Бірақ, «іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» күйде болдық. Сөйтіп жүргенде қазақ халқының мүдделері мен мақсаттарына, ұлттық намысына пысқырып та қарамаған империя Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметіне бұрын аты-жөні белгісіз қайдағы біреуді ішкі Ресейден әкеліп қонжита салғаны бітеу жараны ашып жіберді. Осыдан соң кеудесінде намысы бар жастар мұның мән-жайын білу үшін Л.И.Брежнев атындағы орталық алаңға ағылды. Олардың мақсаты КОКП Орталық Комитетінің шешіміне қарсы шығу немесе  бүлік шығару емес еді, бейбіт шеру арқылы өз наразылықтарын көрсету ғана болатын. Ал, билік не істеді? Жалаңқол келген жастарға қарата тасборан ұйымдастырды. Жастарды, олардың ішінде қыздарды шаштарынан сүйреп, мұзға отырғызды. Шеттерінен түрмеге қамап, білгендерінше жазалады, ұрды-соқты. Сол бір қатерлі күндерде мен де алаңда болдым. Ә дегеннен соққының астында қалып, миым шайқалып, есеңгіреп қалғанмын. Бірақ, біз алған бетімізден қайтпадық, қандай құқай көрсетсе де арқаланып, алаңды тастап кетпей тұра бердік. Мұздай боп жаранған жасақ бізге тап-тап берді. Ұсталғандарды машиналарға малша тиеп, белгісіз жаққа алып кетіп жатты. Бәрінен де жанға қатты батқаны осы оқиғаны қазақ ұлтшылдарының көрінісі деп КОКП Орталық Комитеті арнайы қаулы шығарғаны. Дегенмен, осы көтеріліс алып КСРО деген империяның құлауына алып келді. Біз өз тәуелсіздігімізді алдық. Бұл ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік еді. Сондықтан мен Желтоқсан оқиғасы Тәуелсіздік бастауы деп нық сеніммен айта аламын.
– Сажида Жақсылыққызы, желтоқсаншылардың жанқиярлық ерліктері жайында там-тұмдап айтылғанымен, оқиғаның құпия беттері әлі де ашылмағанын білеміз. Көтеріліс Тәуелсіздігіміздің бастауы болғанымен, желтоқсаншыларды дәріптеу, оларға мемлекет тарапынан жеңілдіктер беру жағы әлі де кемшін соғып тұрған сияқты. Бұл жайында не айтар едіңіз?
– Рас, желтоқсаншылардың ерліктері күні бүгінге дейін өз дәрежесінде дәріптелмей келді. Бұған кезінде КОКП Орталық Комитетінің атышулы қаулысы себеп болған да шығар. Көтеріліске қатысушыларды ұлтшыл, маскүнемдер, нашақорлар деп өзекке тепкен күндер де өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында: «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деп атап көрсетті. Мемлекет басшысы тарапынан желтоқсаншыларға берілген бұл баға біздің еңсемізді көтеріп, жігерімізді жаныды. Арнайы іс-жоспарлар түзіп, алдымызға қадау-қадау міндеттер қойып, өзімізді қоғамның белді мүшесі сезініп қалдық. 
– Осы орайда алға қойған мақсаттарыңыз, жоспарларыңыз жөнінде айтып өтсеңіз.
– Ең әуелі біз заңды тұлға ретінде 2021 жылдың 7 шілдесінде облыстық әділет басқармасынан қайта тіркеуден өтіп, жұмысымызды бастадық. Қоғамдық бірлестік алдында үлкен міндеттер тұр. Бірінші кезекте желтоқсандықтардың мәртебесін көтеруіміз керек. Олардың ерліктері лайықты бағасын алуы тиіс. Оларды Ұлы Отан және ауған соғысы ардагерлеріне теңестіру қажет. Шынын айтқанда, кешегі герман соғысына бірлі-жарым азаматтар болмаса, өз еркімен барған адамдар сирек. Қызыл империя оларды мылтықтың күшімен айдап отырып, соғысқа салды. Ал, ауған соғысына жастарымызды алдап апарғаны тағы жасырын емес. Желтоқсан оқиғасына жастар ұлт намысы үшін ерікті түрде шығып, жапа шекті емес пе? Ендеше, олардың ерліктері неге бағаланбасқа?!
Бұдан кейінгі міндет желтоқсандықтар да соғыс ардагерлері сияқты қоғамдық көліктерде тегін жүруі тиіс. Оларды жылына бір рет болса да санаторийлерге арнайы жолдамамен жіберіп тұруға қол жеткізуіміз керек. Емдеу орындарына кезексіз қабылдаса дейміз.  Сосынғы бір сұранарымыз, олардың коммуналдық қызметіне де жеңілдіктер қарастырылса. Желтоқсандықтарды мемлекеттік марапаттарға ұсынып жатырмыз. Көтеріліске қатысушылардың алды алпыс жасқа келіп қалды. Оларды қоғамдық жұмыстарға кеңінен тарту керек-ақ. Құрбандарға көше аттарын бергізу, желтоқсаншылар аллеясын ашсақ деген үмітіміз бар. Қазір облыстық тарихи- өлкетану музейінен бір бұрыш алуға келісіп отырмыз. Онда Желтоқсан оқиғасы жөнінде мол мұралар болмақ. Бұдан да басқа толып жатқан жоспарлар бар. Жоғары оқу орындарында, мектеп пен кітапханаларда желтоқсаншылармен кездесулер өткізбекпіз. Тағы бір міндет – әр желтоқсаншының құжаттарын реттеп, арнайы папкалар ашпақпыз.
– Сажида Жақсылыққызы, желтоқсаншылардың қоғамдағы белсенділіктері қандай?
– Иә, олар да қоғамдық жұмыстардан, айналада болып жатқан оқиғалардан тыс қалмайды. Мәселен, Арыстағы жарылыс, Мақтаарал ауданындағы тасқын кездерінде біз де қол қусырып қарап отыра алмадық. Ол кезде бірлестіктің облыстағы  төрағасы Батырхан Сағынтаев болатын. Арысқа, Мақтааралға біз де қол ұшын создық. Қаржылай көмек көрсеттік. Ауыл-ауылды аралап, концерт қойып, тұрғындардың көңілдерін көтердік. Осылай олардың ауыртпалықтарын жеңілдетуге аз да болса үлес қостық. Өр рухты, бойында жалыны тасқындаған желтоқсандықтар ел болып жұмылар тірліктерден тыс қалған емес. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айтқандай, «Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы». Біздің ұстанған жол, міне, осы!
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Ońtústik Qazaqstan».
Пікір қалдырыңыз