Түркілер «ұйым» болып төрге шықты

12 қарашада Түркияның Ыстамбұл қаласында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің (Түркі кеңесі) VIII саммиті өтті. Демократия және бостандық аралында өткен алқалы жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қатысты. Сондай-ақ, іс-шараға бақылаушы елдердің басшылары Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан да келді. Іргелес орналасқан көрші елдермен қарым-қатынасты одан әрі дамыту және нығайтуды маңызды бағыты санайтын Түркіменстан саммитке бұл жолы бақылаушы ретінде қатысқанымен, келер жылы ұйымның толыққанды мүшесі атанбақ. Саммит «Цифрлық дәуірдегі жасыл технологиялар мен ақылды қалалар» тақырыбына арналды.  Мемлекеттер басшылары аймақтағы бірқатар маңызды саяси және экономикалық оқиғалар туралы пікір алмасты. Сонымен қатар сауда мен инвестицияларды ұлғайту, көлік және логистика, жасыл әрі жаңартылатын энергия, қоршаған ортаны қорғау салаларында жемісті ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігіне маңыз берілді.

Елді елең еткізген жаңалық

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі өтетінінен хабардар жұрт осы жиында түркі елдерінің одағы құрылады екен деген жаңалыққа елең етіскен. Бұл қандай одақ болады, осыдан кейін көршілес екі алпауыт ел – Ресей мен Қытайдың біздің елге көзқарасы өзгере ме, әлде бәрі бәз-баяғы қалпында қала ма деген сауалдар елшіл азаматтардың қай-қайсысын да ойландырғаны сөзсіз. Түркі кеңесі 2009 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Биыл наурыз айының соңында өткен Түркі кеңесінің бейресми саммитінде Түркия президенті Р.Ердоған Кеңесті Ұйым деңгейіне көтеру уақыты келгенін айтқан болатын. Кеңес Ұйым деңгейіне көтерілсе, ұйым шеңберінде қабылданатын құжаттар мен келісімдер анағұрлым салмақты болады деп санайтынын да жасырмаған. 
«Сабақты ине сәтімен» деген осы болар, аталған жиында ынтымақтастық кеңесін бұдан былай Түркі мемлекеттері ұйымы деп атау туралы шешім қабылданды. Сол-ақ екен, әлеуметтік желі беттерінде ұйым құрылуына орай қуанышты құттықтауға толы жазбалар қаптап кетті. «Заманында бүкіл Еуразия аймағында Түркі қағанатын құрып, дүниені дүр сілкіндірген түркі халықтары биік жауынгерлік рухтың, терең білім мен озық өнердің үлгісін көрсетті. Енді бүгінде Көк бөрінің ұрпақтары саналатын түркі халықтарының өзара бас қосып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы – бұл үлкен жетістік, әрі ата-бабаларымыздың асқақ арманының орындалуы! Атақты Күлтегін ескерткішінде жазылған: «Түркі халқы жойылмасын, ел болсын!» деген өсиеттің күні бүгінде жүзеге асқандығын көріп, көкірегімізді қуаныш кернеуде. Бұл саммиттің ерекшелігі сол, ұйымның атауы ресми түрде өзгертіліп, ендігі жерде Түркі мемлекеттер ұйымы болып аталатын болды» деп жазса, енді бір айғайындарымыз «түбі бір түркінің ұлы мұраты осылай заманы жетіп, уақыты келген кезінде Түркі мемлекеттері ұйымы болып құрылды. Ендігі меже «Ұлы Тұран» одағы. Жаһандану жағдайындағы Түркі әлемінің ұраны: «Бірлік пен өзара ынтымақтастық» деген пікір қалдырған. «Түркі әлемін біріктіруде Режеп Тайып Ердоғанның еңбегі ерен. Алып империялардың тегеурініне төтеп бере алатындай, ғаламдық геосаясатта өз орны, өз үні бар ұйым болу үшін жұдырықтай жұмыла білу керек» десті.
Саммит кезінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің VIII саммитіне қатысушыларға видео сәлем жолдады. Елбасы өз сөзінде: «...бүгіннен бастап біздің бірлестік Түркі мемлекеттерінің ұйымы деп аталады. Бұл қадам елдеріміз арасындағы ықпалдастықты ілгерілету ісін жаңа деңгейге көтеріп, ұйымның мәртебелі миссиясын жүзеге асыруға тың серпін береді деп сенеміз. Осылайша, Ыстамбұлда қабылданатын шешімдер бауырлас мемлекеттердің көпқырлы ынтымақтастығын жандандыруға елеулі ықпал етуі тиіс.
...Осы ретте ірі көршілерімізбен, әсіресе, Ресей, Қытай, Үндістан және Еуроодақпен өміршең әрі өзара тұрақты қарым-қатынаста болуына мүдделіміз. Оның үстіне, интеграциямыздың стратегиялық мақсаттарының бірі – түркі әлемі негізгі өзегін құрайтын Үлкен Еуразияның бірігуіне ықпал ету. Бұл Үлкен Еуразияның барлық мемлекеттерінің әрекеттестігіне негізделген құрлықтық қауіпсіздіктің берік жүйесін қалыптастыруға да септігін тигізеді.
Үшінші месседж бүкіл әлемге бағытталған. Біз осы жаңа ұйымның барлық мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастыққа дайын екенін паш етіп отырмыз. Оның ешкімге қарсы бағытталмағанын атап өткен жөн. Бұл – жаңа блок емес, қызметі БҰҰ Жарғысының негізгі мақсаттары мен принциптеріне сай келетін прогрессивті бірлестік» деп атап өтті.
Саммитте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның әлеуетін тиімді пайдалануға шақырды. Айта кету керек, қазір кеңеске қызығушы елдер көп, тіпті бақылаушы ретінде кіргісі келеді. Бірақ барлығын қабылдау мүмкін емес. Сол үшін оларға серіктес мәртебесі берілетін болды. Қазір ұйымға мүше мемлекеттердің халық саны 160 миллионға жуықтайды. Ұйымның жаһандық тұрғыдан өзінің лайықты орнын табатынына кәміл сенген Қ.Тоқаев түркі әлемі бірлесіп әрекет етуі тиіс маңызды бағыттарды атады. Алғашқысы жасыл экономикаға көшу, содан соң жаһандық жылыну үдерісі, су және азық-түлік қауіпсіздігі, трансшекаралық су ресурстарын тиімді  әрі  әділ пайдалану секілді аса маңызды мәселелер бар. Бұл шекаралас жатқан елдер үшін ортақ проблема болғандықтан Қазақстанның бірлесіп гидроқұрылымдар салуға дайын екенін жеткізді.  

Ресей басылымдары не дейді?

Ал, Ресей басылымдары болса Ердоғанның ойында не барын білмей дал. «Ыстамбұлда өткен саммитте «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламасы қабылданған күннің ертеңінде Түркияда «Түркі әлемінің картасы» пайда болды. Онда үлкен түркі әлемі Солтүстік Мұзды мұхиттан Болгарияға дейін созылады, оның ішінде Ресейдің үштен бірі – Дағыстан мен Орынбор облысынан Алтай мен Якутияға дейін – федерацияның жиырма шақты субъектісі бар. Сонда Ердоғанның ойында не бар? Ыстамбұлда Түркі кеңесі Түркі мемлекеттерінің ұйымы болып қайта аталды. Ол Ресейді құлату арқылы ғана шындыққа айнала алатын ұлы Тұранның болашағының ұйытқысы» делінген  басылымда. 
Автордың пайымынша, Ресей – түркі мемлекетіне жатпағанымен, түркілер ғасырлар бойы осынау алып державаның маңызды құрамдас бөлігі болып келеді.  Сірә, бұлай деуіне ондаған түркі халықтарының Ресей азаматы атанып тұрақты тұруы, сондай-ақ, басқа да мыңдаған адамдардың ақша табу үшін баратыны түрткі болса керек. Оның үстіне ғасырлар бойы Ресей империясының құрамында болған халықтар бүгінде тәуелсіз мемлекеттерге айналды. «Ресей түркі мүдделерін құрметтейді және себебін жақсы түсінеді, – деп жазған басылымда. – Біз түркі халықтарының жақындасуына қарсы емеспіз, бірақ, біз өз мүдделерімізді қатаң қорғаймыз. Ал, мүддеміз түсінікті – Ресейде тұратын түркілер тек Ресей азаматтары ғана емес, сонымен бірге Ресей халқының бір бөлігі болып табылады. Олардың саяси, экономикалық, мәдени және діни өмірі Ресеймен байланысты. Түркия әлемнің әртүрлі бөліктеріндегі саяси ықпалын нығайту үшін әрекет жасай берсін, тек Ресейде емес. Ердоғанның тұсында Түркия түркі факторын қолдана отырып, қайтадан ислам әлемінің көшбасшысы болғысы келді. Дәл осы кезде орыстар мен түркілерді бір-біріне айдап салуға қызығушылық танытқан сыртқы күштерде тамаша мүмкіндік пайда болды».
Ресей мен Түркияда бірлесіп даму мен күшеюге байланысты жеткілікті мүмкіндіктер бар екендігін жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, автордың: «Қалай болғанда да Орта Азия Ресейдің кем дегенде әскери және экономикалық ықпалы мен мүдделерінің аймағы болып қала береді» деуі көңілге кірбің ұялатады. Бұдан соң тіпті дөңайбат та көрсетіп қояды. «Түріктер түркі әлемінің жетістіктеріне Ресейдің ығыстырылуы немесе құлдырауы арқылы қол жеткізуге болатындығы туралы түсініктерінің қауіпті әрі бос қиял ретінде қалатынын білгені жөн. Сонымен қатар, түріктер мен орыстардың дәстүр, патриотизм, ақылға қонымды консерватизм, нағыз отбасылық құндылықтар жағынан бұрыннан көп ұқсастықтары бар. Егер түріктер Ресеймен бірге болашаққа баруға дайын болса, елімізді бақылаушы ретінде түркі мемлекеттерінің ұйымына қосылуға шақыруы керек. Және өздері де Еуразиялық одаққа өтінім беруге дайындалсын. Кезінде Ердоғанның осындай ықыласы барын байқағанбыз» дейді.
Ыстамбұл саммитінде Түркия президенті мыңдаған жылдар бойы түркі елдері мәдениет пен өркениеттің орталығы болғандығынан шығар, күн шығыстан шыға бастайтын уақыт келеді деген үмітін білдірген.
Ұйым болып құрылғаннан кейін, әрине, ортақ тіл қажет. Осыған байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Қазақ тіліне айрықша ықыласпен қарап, зерделі зерттеулер жасап жүрген түрік ғалымдарының бірі – Оғыз Доған бір сұхбатында: «Түркі бірлігінің ұйытқысы қазақ тілі болуы қажет. Өйткені, терминдерді орыс, араб, парсы сөздерінен тазартып, түркілерге ортақ тіл қалыптастыруға тек қазақ тілінің құдіреті жетеді деп ойлаймын» депті.
Саммит барысында бірқатар маңызды мәселелер бойынша шешім қабылданды. Жоғарыда атап өткеніміздей, Түркі кеңесінің атауын «Түркі мемлекеттерінің ұйымы» деп өзгертуден бөлек, түркі инвестициялық қорын құру туралы айтылды. Сондай-ақ, ұйымның орта және ұзақ мерзімді мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламасы бекітілді. Мемлекет басшысы атап өткендей, тұтас түркі жұртын тарихи тамырластық пен ортақ мүдде біріктіреді.
  
 Дайындаған Б.ДАРҒОЖИНА.
Пікір қалдырыңыз