Салымшылардың табысы артты

Карантиндік шектеу шараларына қарамастан, БЖЗҚ салымшыларының жеке зейнетақы шоттары қажетті жарналармен толығып жатыр. Тіпті, 2020 және 2021 жылдары есептелген инвестициялық табыс өткен жылдардың көрсеткіштерінен асып түскен. Бүгінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) салымшылар мен алушыларға өз шоттарын бақылау және басқа да зейнетақы қызметтерін алу мүмкіндігін жеңілдету үшін заманауи әрі барынша ыңғайлы қызметтерді ұсынып отыр. Бұл туралы бізге БЖЗҚ АҚ-ның Шымкент қалалық филиалының директоры Мұхтар МҰСАЕВ әңгімелеп берді.

– Мұхтар Әбдібайұлы, биыл зейнетақымен қамсыздандыру саласында біраз өзгерістер орын алды. Соның арқасында қазақстандықтардың едәуір бөлігі зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану  мүмкіндігіне ие болды. Оны кімдер ала алады?   

– Қазақстандықтар өз жинақтарының бір бөлігін кезек күттірмейтін қажеттіліктерге, атап айтсақ, тұрғын үй жағдайларын жақсарту мен емделуге пайдалануы – еліміздегі ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі. Себебі, жаңа өзгерістен кейін салымшыға инвестициялық портфельді басқарушыны таңдау және оған өзінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін аудару мүмкіндігі пайда болды. Жинақты мерзімінен бұрын пайдалану және инвестициялық портфельді басқарушыға аударудың басты шарты – жинақ жеткіліктілік шегінен асып түсуі тиіс. Басқаша айтқанда, бұл мүмкіндікті көптеген жылдар бойы тұрақты түрде (қазақстандық жинақтаушы зейнетақы жүйесіне биыл 23 жыл) аударымдар жасап және зейнетақының ең төменгі мөлшерін қамтамасыз ету үшін қажетті соманы жинақтағандар пайдалана алады. 

Бұдан өзге, зейнетақы жинақтарының ұлғаюына және кейін оларды ұзақ мерзімді пайдалануға ықпал ететін басқа да маңызды жаңалықтар аз емес. Солардың бастысы ретінде БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері әдістемесінің, ерікті зейнетақы жарналарын ашу және төлеу шарттарының өзгеруін айтар едік.  

– Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалануда БЖЗҚ-ның атқаратын рөлі қандай?  

– Еске сала кетейік, БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар тұлғалар өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе емделу ақысын төлеу үшін пайдалана алады. Ол үшін жеке зейнетақы шотындағы МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен жинақталған зейнетақы қаражатының сомасы жинақталған зейнетақы қаражатының ең аз жеткіліктілік шегінен асып түсуі тиіс. Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемінің мөлшері салымшының (алушының) МЗЖ немесе МКЗЖ есебінен жинақталған зейнетақы қаражатының сомасы мен жинақталған зейнетақы қаражатының ең аз жеткілікті шегі арасындағы айырма сомасынан аспауы тиіс. 

Екіншіден, отставкадағы судьялар үшін зейнетақы мөлшері Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіппен айқындалатын 40 пайыздан төмен емес деңгейде алушының орташа айлық табысын алмастыру коэффициентін қамтамасыз етеді. Орташа айлық табысты алмастыру коэффициентін есептеу кезінде алушының зейнеткерлікке шығу күнінің алдындағы, бірақ, республика бойынша орташа айлық табыстан аспайтын табысы ескеріледі. Бұл жағдайда біржолғы зейнетақы төлемінің мөлшері салымшының (алушының) МЗЖ немесе МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары мөлшерінің 50 пайызынан аспауы тиіс.

Үшіндіден, сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасағандар үшін біржолғы зейнетақы төлемінің мөлшері салымшының (алушының) жеке зейнетақы шоттарындағы МЗЖ немесе МКЗЖ есебінен жинақталған зейнетақы қаражатының мөлшерінен аспауы тиіс.

Сондықтан азаматтардың өз пайдасына, жұбайының немесе жақын туыстарының тұрғын үй жағдайларын жақсартуға зейнетақы жинақтарын алу үшін өздері немесе жұбайы болмаса жақын туыстарының емделуіне ақы төлеу үшін аталған шарттардың біріне сай келуі тиіс.

Ең алдымен, азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін өздерінің зейнетақы жинақтарын тексеріп, БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында алуға қолжетімді соманың бар екеніне көз жеткізулері тиіс. Қордың enpf.kz корпоративтік сайтындағы жеке кабинетте, сондай-ақ, БЖЗҚ жаңартылған мобильді қосымшасында осы жылдың қаңтар айынан бастап алу үшін қолжетімді сома туралы ақпаратты онлайн режимінде тексеру мүмкіндігі іске асырылды. Зейнетақы жинақтары туралы қажетті мәліметтерді egov.kz порталы арқылы да алуға болады.  

БЖЗҚ-дағы өзінің зейнетақы жинақтарын тексергеннен кейін тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе емделуге ақы төлеу мақсатында зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану туралы шешім қабылдаған салымшылар (алушылар) арнайы шот ашу және электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, біржолғы зейнетақы төлеміне өтініш беру үшін уәкілетті операторға интернет порталы арқылы жүгінуі тиіс.

Бұл ретте уәкілетті операторға төлем жасауға өтініш берген кезде салымшы (алушы) біржолғы зейнетақы төлемі кезінде жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу тәсілін өзі таңдауы қажет (жарналарды БЖЗҚ-ға аударған кезде ЖТС алынбайтынын естеріңізге саламыз). Яғни азаматтар БЖЗҚ-ға ЖТС-ті біржолғы зейнетақы төлемі сомасынан қай уақытта ұстап қалу керектігін өздері көрсетеді. Оның екі жолы бар: бірден толық көлемде немесе кейінге қалдырылған кезеңде (зейнетақы төлемдерінің кестесі бойынша зейнетақы жасына жеткен кезде ай сайын тең үлестермен). 

Уәкілетті оператор екі жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға электрондық хабарлама жібереді. Оны алғаннан кейін қор 5 жұмыс күні ішінде уәкілетті операторға салымшының (алушының) біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын аударады, ол өз кезегінде оны салымшының (алушының) арнайы шотына салады.

Біржолғы зейнетақы төлемінің сомасы уәкілетті операторда (егер бұл «Отбасы банк» АҚ болса) ашылған салымшының (алушының) арнайы шотында 45 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде болуы мүмкін. Осы мерзім ішінде уәкілетті операторға нысаналы мақсаттарға арналған құжаттар ұсынылуы қажет. Олар көрсетілген мерзімде берілмеген жағдайда біржолғы зейнетақы төлемі салымшының (алушының) БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына қайтарылады.  

Осылайша, азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе емделуге ақы төлеу мәселелері жөніндегі барлық өтініштерін уәкілетті оператор «бір терезе» қағидаты бойынша қарап, азаматтар тарапынан БЖЗҚ-ға жеке өтініш жасау талап етілмейді.

Қараша айының басында БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануға берген 485 772 өтінішін орындады. Уәкілетті оператор-банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 1,96 трлн теңге аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 4,0 млн теңге.

Шымкент қаласы бойынша деректерді келтіретін болсақ, 2021 жылдың 2 қарашасы бойынша біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен үй жағдайын жақсартуға 15 495 салымшының 46 871 млн. теңге көлеміндегі өтініштері қанағаттандырылды. Осыған сәйкес, үй жағдайын жақсартуға қолданылған сомалардың орташа мөлшері 3 млн.теңгені құрады. Айта кетейік, шамамен 270,5 млрд теңге өтініш берушінің өтініші бойынша және өзге де себептер бойынша қазақстандықтардың біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде пайдаланбауына байланысты уәкілетті операторлардан салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) қайтарылды. 

Сондай-ақ, БЖЗҚ жалпы сомасы 54,0 млрд теңге болатын 59 464 өтінішті орындады. Бұл ретте алымдардың орташа сомасы 0,9 млн теңге болды. Сонымен қатар, салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на уәкілетті оператордан («Отбасы банк» АҚ) 7,9 млрд теңге қайтарылды, бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған. 

Шымкент қаласына қатысты деректерді келтіретін болсақ, 2021 жылдың 2 қарашасы бойынша зейнетақы жинақтарын емдік шараларға қолдану үшін берілген 1 724 салымшының 1,7 млн.теңге көлеміндегі өтініші мақұлданды. Аударылған сомалардың орташа мөлшері 1 млн.теңгені құрады.

– Әрине, тұрғын үй алуға және емделуге алынған біржолғы төлемдер болашақ зейнетақының мөлшеріне әсер етуі мүмкін екенін естен шығаруға болмайды. Зейнеткерлікке шыққан кезде салымшы үшін біржолғы зейнетақы төлемдерінің салдары қандай болуы мүмкін? 

– Дұрыс айтасыз, жинақтардан алынған кез келген біржолғы төлем салымшының болашақ зейнетақысына әсер етеді. Болашақта ол біржолғы төлем алу мүмкіндігін пайдаланбаған салымшыларға қарағанда төмен зейнетақы алатынын есте ұстаған жөн.

Зейнетақы жинақтарын алуға мүмкіндік беретін зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткілікті шегі әрбір жас үшін өзінің жеке зейнетақы шотында базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшерін алып тастағанда (2021 жылы – 43 272 теңге) ең төмен зейнетақы мөлшерінде БЖЗҚ-дан ай сайынғы төлемдерді алу үшін жеткілікті сомаға (2021 жылы -18 524 теңге) ие болатындай етіп есептелген. Басқаша айтқанда, қордан берілетін ең төменгі ай сайынғы төлемдер 24 748 теңге болмауы мүмкін (2021 жылғы есеп бойынша).  

Болашақ зейнетақыңыздың мөлшерін БЖЗҚ-ның болжамды зейнетақы калькуляторы қызметі (enpf.kz сайтында немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасында) арқылы болжауға болады. Ол көпдеңгейлі зейнетақы жүйесіндегі зейнетақының барлық құрамдауыштарын есептейді: мемлекеттік бюджеттен берілетін базалық төлемнің және жасына байланысты зейнетақының (ортақ зейнетақының) болашақ мөлшерін, сондай-ақ, БЖЗҚ-дан төленетін (міндетті зейнетақы, міндетті кәсіптік зейнетақы және ерікті зейнетақы жарналары есебінен) жинақтаушы зейнетақыны есептейді. 

БЖЗҚ-дан төленетін болашақ төлемдерді есептеу табыс деңгейін ескере отырып, үш (пессимистік, шынайы және оптимистік) сценарийде  ұсынылған. Бұл ретте барлық болжамды нәтижелер нақты (яғни, болжамның тиісті кезеңінің инфляциясын шегергенде) мәнде ұсынылады. Есептеулер салымшының нақты жинақтарына негізделеді (деректер калькуляторға жеке кабинеттен жүктеледі) және өз зейнетақысын жоспарлауға мүмкіндік береді, соның ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерін алу кезінде оның қаншалықты азаятынын көруге болады.

Сондықтан зейнетақы жинақтарын баламалы мақсаттарға пайдалану салымшылардан қаржылық сауаттылықты, зейнетақыны бағалау қажеттілігін, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін мұқият екшеуді талап етеді.  

– Осы жерде әңгіме ауанын зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға бұрғым келіп отыр. Бұған салымшылардың көзқарасы қандай?

– Биылғы қаңтардан бастап азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе емделуге ақы төлеу үшін ғана емес, инвестициялық портфельді басқарушы (ИПБ) компанияларға пайдалану құқығын беретін заңнамалық нормалар күшіне енді. Бұл зейнетақымен қамсыздандыру нарығында қосымша бәсекелестік тудырып, БЖЗҚ салымшыларына өз жинақтарын қалауларынша инвестициялауға мүмкіндік берді. Яғни ақша жүйеден шығарылмайды, сонда қалады және көбейеді.

Басқарушы компанияны таңдау үшін, мүмкіндігінше, оның қызметімен танысу керек. Негізгі ақпарат – инвестициялық декларация, комиссиялық сыйақы туралы мәлімет БЖЗҚ сайтының «Қызметтер» бөлімінде орналастырылған. 

Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы төрт ИПБ-мен, атап айтсақ, «Jusan Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «BCC Invest» АҚ және «Сентрас Секьюритиз» АҚ-мен арада келісімшарттарға қол қойды.

Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға сәйкес, жеке кәсіпкерлер инвестициялық басқару үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ-лардың комиссиялық сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5%-нан аспауы тиіс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ басқару органы бекітеді және ол жылына бір-ақ рет өзгертіледі. Зейнетақы жинақтарын бір немесе бірнеше ИПБ-ға аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға өтінішпен жүгінуі керек. Өтініш enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы немесе БЖЗҚ-ның кез келген өңірлік бөлімшесіне барған жағдайда берілуі мүмкін. 

БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін ИПБ оларды ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекітілген инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген және ИПБ инвестициялық декларациясында рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды. Салымшы зейнеткерлік жасқа толғанға дейін Ұлттық Банктің басқаруында болатын зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейі ескеріліп отыратын сақталу кепілдігі қолданылады. Зейнетақы жинақтары ИПБ-ның басқаруына аударылған жағдайда, мемлекеттік кепілдік басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз ететін кепілдігімен алмастырылады. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігін негізге ала отырып есептелінеді. 

Басқарушы компаниялардың қандай табыс табатыны туралы ақпаратты салымшылар сайттағы жеке кабинеттен немесе мобильді қосымшадан алатын өздерінің зейнетақы шотынан үзінді көшірмеде көрсетілетін мәліметтер арқылы қадағалай алады. Әрбір ИПБ-ның инвестициялық қызметіне жалпы шолу enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде жарияланады.

Зейнетақы активтері ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына алғаш берілгеннен кейін салымшы БЖЗҚ-ға өзінің зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екінші ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға беру туралы жылына тек бір рет  өтініш беруге, БЖЗҚ-ға ИПБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруына қайтаруға (зейнетақы жинақтары ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына алғаш берілгеннен кейін екі жылдан ерте емес) өтініш беруге құқылы.

Салымшы зейнетақы жасына жеткенге дейін күнтізбелік 10 күн бұрын салымшының зейнетақы жинақтары Ұлттық Банктің инвестициялық басқаруына қайтарылады.

Ағымдағы жылдың 2 қарашасындағы жағдай бойынша шамамен 5,4 млрд теңге аударылып, БЖЗҚ  2 мың 912 өтінішті мақұлдады. Аударымның орташа сомасы – 1,9 млн теңге.

Шымкент қаласы бойынша айтар болсақ, 2021 жылғы 2 қарашадағы көрсеткіш бойынша 66 салымшы зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегінен асқан сомасынан 80 млн.теңге көлемінде басқарушы компаниялардың сенімгерлік басқаруына аударылды. Аударымдардың орташа мөлшері 1,2 млн. теңгені құрады. Зейнетақы жинақтары сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі егжей-тегжейлі статистика да enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» - «Басқарушы компанияларға зейнетақы жинақтарын беру» бөлімінде қолжетімді екенін атап өткім келеді. 

– БЖЗҚ-дан төлем жасау әдістемесіне енгізілген түзету неден туындады? Осыған кеңірек тоқталып өтіңізші.

– 2021 жылдың 1 сәуіріне дейін қолданыста болған әдістемеге сәйкес, БЖЗҚ-дан кесте бойынша зейнетақы төлемдерінің ай сайынғы сомасының мөлшері жыл сайын қайта есептеліп, алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының қалдық сомасын олардың ағымдағы құнының коэффициентіне көбейтіндісінің он екіден бірін құрайтын. Биылғы құн коэффициенттері 2000 жылдардың басында өзекті болған өмір сүру ұзақтығы, кірістілік және т. б. өлшемдерді ескере отырып айқындалды. Алайда зейнетақыны жоспарлаудың әлемдік тәжірибесін, әлеуметтік және демографиялық факторларды ескере отырып, бұл өлшемдерді жаңарту қажеттігі пісіп жетілді. Мысалы, Қазақстанда алушының зейнеткерлік жастан бастап (2021 жылы ерлер – 63 жас және әйелдер – 60 жас)  күтілетін өмір сүру ұзақтығы бүгінгі күні ерлер мен әйелдер үшін 80 және 82 жасты құрайды. Сондықтан зейнетақы жинақтарының неғұрлым ұзақ мерзімге төленуі жайлы мәселе туындап отыр. 

Мұнымен қатар қауіпті және зиянды салаларда жұмыс істегендер мен мүгедек адамдар тәрізді азаматтардың жекелеген санаттарының ерекшеліктерін ескеру қажет. Өйткені, олардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы Қазақстан бойынша орташа көрсеткіштен өзгеше. Сондықтан арнайы санаттағы алушылар үшін көтермелеп түзету коэффициенттері қарастырылған.

Осы сәттердің барлығы жаңа әдістемеде көрсетілген, соған орай биылғы 1 сәуірден бастап зейнетақы төлемдерін жүзеге асырудың бірінші жылындағы жылдық сома зейнетақы жинақтары сомасының зейнетақы жинақтары төлемдерінің 6,5% мөлшерлемесіне көбейтіндісі ретінде есептелетін болды. Содан кейін бұл нәтиже 12-ге бөлінеді, сол арқылы біз БЖЗҚ-дан ай сайынғы төлем мөлшерін аламыз. Келесі жылдары ол жыл сайын зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесіне 5 пайыз өсетін болады.

Биылдан бастап БЖЗҚ-дан берілетін төлемнің ең төменгі мөлшері өсті. Егер бұрын ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% құраса, қазір ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%  (немесе 24 011 теңге) болды. Осылайша, көптеген алушылар үшін төлем мөлшері артты. 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін БЖЗҚ-дан төлемдерді ала бастаған азаматтар үшін зейнетақы төлемінің жыл сайынғы мөлшері ең төмен зейнетақының отыз еселенген мөлшерінен кем болмайды (2021 жылы 30 х 43 272=1 298 160 теңге). Төлемдер бұрын таңдалған кесте бойынша жүзеге асырылады.  

БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 2021 жылғы 31 наурызға дейін іске асырған адамдарға зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асырудың жаңа әдістемесіне сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ай сайынғы зейнетақы төлемдері зейнетақы төлемдерін индекстеудің 5% мөлшерлемесіне ұлғайып отырады. Кейіннен жыл сайын индекстеліп отыратын болады. 

Осылайша, жаңа әдістеме индекстеудің болуына байланысты азаматтарға кейінгі жылдары зейнетақы төлемдерін жүзеге асырудың түсінікті, қарапайым және болжамды тәртібін қамтамасыз етеді. Мұның жеке қаржы мен отбасылық бюджетті жоспарлау кезіндегі маңызы ерекше. 

– Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) – болашақ зейнетақымызды көбейтудің ең маңызды құралы. Бұл бойынша қандай өзгерістер бар?

– Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) – бұл салымшылардың өз бастамасы бойынша БЖЗҚ-ға салатын ақшасы. Оларды жеке тұлғалар өз пайдасына, жеке және заңды тұлғалар үшінші тұлғаның пайдасына аудара алады. Бұл ретте ЕЗЖ мөлшері мен төлеу кезеңділігін жеке немесе заңды тұлға дербес белгілейді. 

ЕЗЖ төлеудің артықшылықтарының бірі – жеке тұлға ЕЗЖ-ны өз табысы есебінен жеке пайдасына төлеген кезде салық заңнамасында ЕЗЖ төленген сомаға салық шегерімінің көзделгендігі. Бұдан басқа, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық агенті (жұмыс беруші) өз қаражаты есебінен қызметкердің пайдасына төлейтін ЕЗЖ корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқызылады. Сонымен қатар, жұмыс берушінің қызметкердің пайдасына төлеген ЕЗЖ сомасы қызметкердің табысына салық салу кезінде ескерілмейді. 

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап ЕЗЖ есепке алынатын жеке зейнетақы шотын ашу үшін БЖЗҚ-ға келіп түскен алғашқы ерікті зейнетақы жарнасы негіз бола алады. Осылайша, салымшыға (алушыға) қор кеңсесіне барудың қажеті жоқ. Есесіне ЕЗЖ есептелінетін жеке тұлғаны сәйкестендіру ЕЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (ТАӘ, ЖСН, туған күні) бойынша жүзеге асырылатын болады. Ал, жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелері, тұрақты тұратын жері туралы барлық қажетті мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығы зейнетақы жинақтары бар елу жасқа толғандарға, екінші, мүгедектерге, үшінші Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетiн немесе дерегiн растайтын құжаттарды ұсынғандарға, төртінші, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорындағы ерікті зейнетақы жарналары мен оларға есептелген инвестициялық кіріс сомалары шегінде кемінде бес жыл зейнетақы жинақтары бар адамдардың ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар.

Бұл төртінші санат заңнамаға 2021 жылғы 1 мамырдан бастап енгізілді. Осы жаңашылдыққа сәйкес, ЕЗЖ бойынша төлемдерді ерікті зейнетақы жарналары зейнетақы жүйесінде кемінде бес жыл болған барлық адамдар ала алады. Осылайша, ЕЗЖ есебінен қаражат жинауды, мысалы, 20 немесе 30 жастан бастай отырып, 25 немесе 35 жасқа толған кезде салымшылар өздерінің алғашқы төлемдерін ала бастайды. 

Айта кетейік, БЖЗҚ-ға ЕЗЖ төлеуді екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ) немесе «Қазпошта» АҚ арқылы жүзеге асыруға болады. Жекелеген екінші деңгейдегі банктер жарналарды онлайн режимінде (мобильді қосымша немесе өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы) аудару мүмкіндігін де ұсынады. Бұдан басқа, жұмыс берушіге өтініш беру мүмкіндігі бар, оның негізінде жұмыс беруші БЖЗҚ-ға ЕЗЖ-ны өтініш берушінің не үшінші тұлғаның пайдасына тұрақты түрде аударатын болады.

– Салымшылар мен алушыларға ұсынатын қызметтер жеделдігімен және жоғары сапалығымен ерекшеленеді. Өз салымшыларыңызға қандай қызмет түрлерін көрсетесіздер және олар қандай өтінішпен жиі жүгінеді?

– БЖЗҚ көрсететін қызметтер саны жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар, біз салымшыларымыздың қандай да бір қызмет түрлеріне деген қажеттіліктерінің өсіп жатқанын көріп, бұл сұраныстарды барынща қанағаттандыруға тырысып жатырмыз. Биылғы тоғыз айда (01.01.2021-01.10.2021 аралығы кезеңінде) БЖЗҚ өз салымшыларына 30 миллионнан астам қызмет көрсетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46%  көп. Электрондық форматта 22,2 миллионға жуық қызмет көрсетілді, бұл қызметтердің жалпы көлемінің 73% астамын құрайды.

БЖЗҚ сайтында да, мобильді қосымшасында да бар жеке кабинеттерде салымшылардың қызметтерді кез келген уақытта және кез келген жерде алу мүмкіндігі бар екенін естеріңізге сала кетейін. Оған мысалы,  жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу, деректемелерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, ЖЗШ-ның болуы туралы анықтама алу, мерзімсіз уақытқа 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру, төлемге өтініштің орындалу мәртебесін қадағалау және т.б. жатады. Айтпақшы, биыл заңнамалық өзгерістердің енгізілуіне байланысты тағы да қажетті қызметтер қосылды. Мысалы, қазір азаматтар алу немесе ИПБ-ға аудару үшін жеткілікті соманың  шотта бар-жоғын 2-3 минут ішінде тексере алады. Жинақтардың жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін ИПБ-ға аудару да enpf.kz сайты арқылы жүзеге асырылады. 

Қызметтердің бір бөлігі автоматты форматқа ауыстырылды. Бұрын айтқанымдай, қазір МЗЖ бойынша да, ЕЗЖ бойынша да салымшылардың өтініштерінсіз-ақ шот ашуға болады. Бұл салымшылардың уақытын едәуір үнемдеуге көмектеседі. 2021 жылдың 26 қазанынан бастап тағы да заңнамалық өзгерістер күшіне енді, соған орай міндетті кәсіптік жарналар есепке алынатын шоттар да өтініш бермей-ақ ашылады. Бұл жарналардың осы түрін төлейтін жұмыс берушілер үшін өте ыңғайлы.

2021 жылдың 1 қазанына дейін автоматты форматта 5,1 миллионнан астам қызмет немесе жалпы көлемнің шамамен 17%  көрсетілді. БЖЗҚ-ның 90 пайыздан астам қызметін үйден немесе кеңседен шықпай-ақ алуға болады. Алайда, шектеу шаралары кезеңінде біз салымшыларымыздың көпшілігінің қызметтерді қор бөлімшелерінен тікелей алуды қалайтындарын байқадық. Олар 1,7 миллионнан астам қызметті тікелей  БЖЗҚ-ның 183 қызмет көрсету кеңселерінен алды. Қор бөлімшелері жоқ елді мекендерде қызметтердің бір бөлігін (хабарлау тәсілін, салымшының (алушының) қосымша деректемелерін өзгертуді) «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінен алуға болады.

БЖЗҚ-да көшпелі қызмет көрсету бөлімдері бар. Олар қатаң санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып жұмыс істейді. Бұл ретте алдын ала кеңес беру (оның ішінде қызметтерді онлайн алу мүмкіндігін тексеру) жүзеге асырылады. Осылайша, БЖЗҚ қызметтері ірі қалалар мен шалғайдағы шағын елді мекендердің тұрғындарына да бірдей  қолжетімді деп айтуға болады.

2021 жылдың 1 қазанындағы көрсеткіштер бойынша, қордың Шымкент қаласындағы филиалында зейнетақы төлемдерін алуға бағытталған 6429 өтініш, сақтандыру мекемелеріне аударуға бағытталған 232 өтініш қанағаттандырылып, салымшылардың қосымша деректемелеріне өзгеріс кіргізу бойынша 51716 қызмет көрсетілді. Салымшылардың жеке зейнетақы шоттарынан 49833 үзінді көшірме берілсе, зейнетақы шарттарынан 12531 дубликат беріліп, ақпараттандыру құралдарын өзгерту туралы 41349 қосымша келісімшарт рәсімделді.     

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында шамамен 13,1 трлн. теңгеден астам зейнетақы жинақтары қалыптастырылған. Жарналардың барлық түрлері бойынша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 11,7 млн. бірлікті құрады. 2021 жылдың 1 қаңтарынан 1 қазанына дейінгі аралықта таза инвестициялық табыс 1,1 трлн. теңге әкелсе, жыл басынан бері БЖЗҚ салымшыларына 2,1 трлн. теңгеден астам қаражат төленді.

Қордың Шымкент қалалық филиалында міндетті зейнетақы жарналарынан қалыптасқан, жалпы жинақтары 969,6 млрд. теңгені құрайтын 1 305 521 жеке зейнетақы шоты бар. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарынан қалыптасқан, жалпы жинақтары 8,1 млрд. теңгені құрайтын 19 101 жеке зейнетақы шоты және ерікті зейнетақы жарналарынан қалыптасқан, жалпы жинақтары 49,3 млн. теңгені құрайтын 2 839 жеке зейнетақы шоты бар.

Сұхбаттасқан Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ.

Пікір қалдырыңыз