«Бизнесті мың теңгемен бастағанмын»

– Негізінен кәсіпті үлкен көлемдегі қаражатпен бастаудың қажеті жоқ. Өйткені, менің көп инвестиция салған бизнестерім сәтсіз болды. Тек осы соңғы жобам өз нәтижесін беруде. Оны небәрі 1000 теңгемен бастағанмын, – дейді кейіпкеріміз Сәкен Базарбаев. Сәкен Мүсірханұлы 1991 жылы 26 мамырда дүниеге келген. Биыл орда бұзар отыз жасқа толды. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас. 

Ол Сайрам ауданы, Ақсукент ауылындағы С.Базарбаев атындағы №61 негізгі орта мектепте оқыған. Кейіннен С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектепті тәмамдап, Алматы экономика университетіне оқуға түсіп, маркетинг мамандығын меңгерді. Одан кейін Шымкенттегі «Мирас» университетінде білімін қаржы мамандығы бойынша жалғастырды. 
Сәкен алғашқы еңбек жолын мамандығы бойынша банктерден бастаған екен. «Альянс банк», «Микро кредит» банктерінде және «ҚазАгроХолдинг» компаниясында жұмыс істеген. Ол осы кезде кәсіпті неден және қалай бастау керектігін үйрететін түрлі тренингтерге, семинарларға қатысқанын айтады. Ең алғашқы кәсібін 2018 жылы қолға алыпты. Алайда, ол қадамы сәтсіз болған. Одан кейін базардан тауықтың балапандарын сатып алып, бағып көреді. Онысынан ештеңе шыға қоймайды.  
– Жиһаз жасаумен айналысамын деп ойламадым. Әкем үй салып берген-ді. Соған жиһаздар таңдау керек болды. Көңілімнен шыққан дүниелердің бағасы 1,5 млн. теңге көлемінде. Ал, менің қолымда небәрі 400 мың теңге бар еді. Содан тура сондай жиһазды тапсырыспен 700 мың теңгеге жасаттым. Осы кезде маған «Неге мұны өзім жасамасқа?!» деген ой келді. Сөйтіп, әлгі ұстамен сөйлесіп, онымен бірге серіктес ретінде жұмыс істеуге кірістім, – дейді жас кәсіпкер. 
Сәкен, әрине, ағаш ұстап, оны әрлеп, кесіп көрген жоқ. Сондықтан, ол ұстаға тұтынушы тауып беріп, бұл қызметіне тапсырыс берушіден түскен қаражаттың белгілі бір көлемдегі пайызын ғана алып отыратын болып келіседі. «OLX» сайтына 1000 теңге төлеп, жарнама беріп отырған. Осылайша тұтынушылар санын көбейтіп, аз ғана уақыттың ішінде кәсібін дөңгелетіп алып кетіпті. 
Кейіпкеріміз бүгінде Шымкентте өз алдына шағын жеке цехы бар кәсіпкер. Оның кәсіпорнында жиһаздың бірнеше түрі жасалады. Олардың барлығының да құрылысы аса күрделі екенін байқадық. Сәкен бізге ағаш материалдары жинақталған үлкен залдың жанындағы шағын бөлмені көрсетті. Онда он саусағынан өнері тамған қос шебер жұмыстан бас көтерер емес. Олар ас бөлмеге, жатын бөлмеге және қонақ бөлмеге арналған жиһаздардың есіктеріндегі өрнектерді өз қолдарымен ойып салады екен. Ал, келесі бөлмедегі жігіттер кез келген күрделі құрылымдағы жиһаздарды құрастырып берудің шеберлері көрінеді. 
– Біздің жиһаздарымыз шетелдің фирмалық өнімдерінен бір де кем түспейді. Есесіне, бағасы қалтаға қонымды. Тасымалдауға да шығындалып жатпайсыз. Сондықтан болар, сұраныс жоғары. Оның үстіне, тапсырысты тұтынушылардың талғамына сай етіп 
дайындаймыз. 
Кәсіпкер сол кәсіптің тілін, қыр-сырын білетін адамдардың басын біріктіріп, жұмысты жүйелі ұйымдастыра білуі керек. Сонда ғана оның бастаған ісі алға жылжиды. Қазір менің кәсіпорнымда 15 адам жұмыс істейді. Олар тұтынушылардан түскен тапсырысқа қарай ай сайын 700-400 мың теңге көлемінде жалақы алады, – дейді Сәкен. 
Тәуелсіздіктің құрдасы дәл осындай жиһаз цехын ашу үшін бір орынды жалға алып, онда  миллиондаған қаржыға құрал-жабдықтар сатып әкеп қойып, тұтынушыны күтіп отырудың қажеті жоқ екенін айтады. Яғни  кез келген кәсіпті аз көлемдегі ақшамен бастау керек дейді. Өйткені, бизнесте қолда бар қаражатты әп-сәтте жоғалтып алуыңыз мүмкін. Сол себепті кәсіпкер өзі секілді кәсіп бастап, нәсібін содан айырып отыруға ниеттенген замандастарына осындай кеңес береді. 
Сәкен ‘– отбасында үлкен ұл. Өзінен кейін екі қарындасы, бір інісі бар. Олар әлі мектепте оқиды. Әкесі ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Қазір зейнет жасында. Ал, анасы мектепте мұғалім. Айта кетейік, Сәкеннің атасы, марқұм Сүйерхан Базарбаев – Нұр-Сұлтан қаласындағы «Бәйтерек» монументінің жобасына қатысқан елімізге белгілі суретші. 
Еліміз егемендік алған жылы дүние есігін ашқан Сәкен өміріндегі мұндай сәйкестікті жақсылыққа балайтынын айтады. Тіпті, «үнемі мақтаныш етіп жүремін» дейді. Мұны тағдырының ерекше сыйы деп түсінеді. 
– Апам, ата-анам мен өмірге келген жылды жиі естеріне алып, айтып отыратын. Әрине, ол кездегі елдің жағдайымен қазіргі уақытты салыстыруға келмейді. Ең бастысы, мен балалық шағымның ата-анамның және бауырларымның ортасында өткеніне қуанамын. Мұны егемендігіміздің арқасы деп білемін. Сол үшін қасық қаны қалғанша «елім, жерім» деп күресіп өткен ата-бабамыздың, аға-апаларымыздың ерлігін мәңгі жадымда ұстаймын. Бүгінде елмен бірге есейген мен секілді жастар оқуларын тәмамдап, әр саланың бір-бір маманы болып отыр. Олар да Тәуелсіздіктің құрдасы болу өздеріне үлкен жауапкершілік жүктейтінін сезінеді, – дейді кейіпкеріміз. 

Дилара БИМЕНОВА.

Пікір қалдырыңыз