Судандағы әскери төңкеріс бірқатар мемлекет басшыларының алаңдаушылығын туғызды

Әскерилер билікті басып алып, премьер-министр Абдалла Хамдок пен оның әйелін, сонымен қатар төрт министрді және елдің егемен кеңесінің азаматтық өкілі Мұхаммед Фейкиді қамауға алды. Тарқатып айтар болсақ, әскери топ үкіметті таратып, саяси жетекшілерді тұтқындады. Судан қарулы күштерінің қолбасшысы, генерал Әбдел Фаттах әл-Бурхан теледидар арқылы халық пен әскер өкілдерінен жасақталған егеменді кеңес пен Хамдоктің ауыспалы үкіметін таратып жібергені туралы мәлімдеме жасады. Осы жаңалықтан кейін «Кәсіподақтар бірлестігі» ел тұрғындарын «әскери төңкеріске» қарсы тұру үшін ереуілге шығуға шақырды. Ел астанасы Хартумның бірқатар аудандарында интернет өшірілді, әскери күштер қаладағы көпірлерді жауып тастады. Елде төтенше жағдай жарияланды. Әскердің билікті басып алуына қарсылық білдірген жұрт көшеге наразылық шеруіне шықты. Олар әскерилер үкімет басшысы Абдалла Хамдокты босатып, елде азаматтық билікті қайта қалпына келтірмейінше, хунтаға қарсылық танытуын жалғастыра береміз дейді. Орталық банк қызметкерлері мен дәрігерлер де жұмысты доғарған. Елде ауқымды жалпыұлттық шеру ұйымдастыру жоспарланып отыр. Армия болса ереуілді тоқтату үшін күш қолданды. Осының салдарынан 7 адам қаза тауып, 140 адам жараланды. Тіпті, әскерилер наразылықты ұйымдастырушыларды қудалап, үй-үйді аралап, белсенділерді ұстаған. Ал, Америка Құрама Штаттары Судан әскерінің әрекетін қатаң айыптады. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен: «Судан әскерінің қимылы демократияға бет бұрып келе жатқан мемлекетті бағытынан тайдыруы мүмкін. Күштік құрылымдар Хамдок пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, дереу босатуы тиіс» деді.
Қазіргі уақытта елдегі жағдай мүлдем түсініксіз. Көшелер жауынгерлер мен әскери техникаға толды. Мемлекет астанасы Хартумның халықаралық әуежайы жабылып, бірқатар аудандарда телефон байланысы үзілген. Хунта басшысы Әбдел Фаттах әл-Бурхан жақын күндері елде жаңа үкімет пен заң кеңесі құрылатынын хабарлады. Оның айтуынша, әскерилер төңкеріске амалсыз барған. Себебі, 2 жыл бұрын президент Омар әл-Башир биліктен құлатылған соң құрылған Тәуелсіз кеңес пен уақытша үкімет арасында тартыс күшейген. Азаматтық үкімет әскерилер билігіндегі Тәуелсіз кеңеске халықты қарсы қоя бастады дейді. Суданда өтпелі кеңес 2019 жылы авторитарлы билік құрған президент Омар әл-Башир биліктен тайдырылған соң құрылған.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Судандағы мемлекеттік төңкерісті сынға алып, Қауіпсіздік кеңесін мұндай әскери төңкерістермен тиімді күресуге шақырды. Оның айтуынша, әрең қол жеткізілген саяси өтпелі кезеңді қорғау үшін конституциялық жарғыны толығымен сақтау қажет. БҰҰ Судан халқын қолдауды жалғастырады деп атап өтті ұйымның Бас хатшысы. Еуропа Одағы және Араб лигасы да жағдайға алаңдаушылық білдіріп, Судандағы билікті қалпына келтіруге шақырып отыр. АҚШ экономикалық көмекті тоқтататынын мәлімдеді. Алайда, әскерилер алған бетінен қайтатын емес. Хунта елдегі билікті азаматтық үкіметке тек 2023 жылы сайлаудан кейін ғана береміз деп отыр.
Egemen.kz Al-Jazeerа арнасына сілтеме жасай отырып: «Алдын-ала мәліметтер бойынша, Судандағы төңкеріс әрекетін ұйымдастырушылар – 2019 жылы биліктен шеттетілген елдің бұрынғы президенті Омар әл-Башир режимінің мүшелері» деп хабарлайды. Телеарна дереккөзінің хабарлауынша, әскерилер Судан бронды әскерлерінің штаб-пәтеріндегі бүлікші офицерлермен келіссөздер жүргізуде.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары келтірген деректер бойынша, 2019 жылдың сәуірінде Суданда терең экономикалық дағдарыс пен өмір сүру деңгейінің төмендеуі аясында 2018 жылдың желтоқсанында басталған жаппай халықтық наразылықтардан туындаған әскери төңкеріс болды. Елді 30 жыл бойы басқарған президент Омар әл-Башир биліктен шеттетіліп, кейін түрмеге жабылды.
2019 жылдың тамыз айының соңында Судан өтпелі әскери кеңесінің басшысы Әбдел Фаттах әл-Бурхан елдің егеменді кеңесінің басшысы ретінде ант берді. Суданның жаңа премьер-министрі Абдалла Хамдок 2019 жылдың 21 тамызында ант берді. Әскери және азаматтық билік ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жүргізу үшін өтпелі кезеңге келісті. Билікті азаматтық үкіметке беруі тиіс Суданның өтпелі егеменді кеңесінің мерзімі 2021 жылдың қарашасында аяқталады.
Бұған дейін Судан қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Әбдел Фаттах әл-Бурхан баспасөз мәслихатында Хамдоктың мұның үйінде екенін, оның жағдайы жақсы екенін айтқан еді. Ол ахуал біршама тынышталып, қауіп сейілген кезде үйіне орала алатынын айтты. Енді, міне, 26 қазанда Абдалла Хамдокты әскерилер үйіне аман-есен жеткізіп салды.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Суданның ішкі істеріне ешқандай қол сұғушылық болмауы тиістігін атап өтті. Судан халқы өз тағдырын өзі шешуі керек. «Бұл – біздің негізгі қағидатымыз. Осы қағидатқа қарсы тұруға тырысқандардың бәрі қақтығыстың тағы бір ошағына тап боларын түсінеді деген үміттеміз» деді ол. 
2021 жылдың қыркүйегінде Судан билігі елдегі әскери төңкеріс әрекетін болдырмадық деп хабарлады. Қарулы күштер қолбасшылығының мәлімдемесіне сәйкес, төңкеріс әрекетіне қатысушылардың көпшілігі ұсталды, оның ішінде 21 офицер мен бірнеше сарбаз бар. Содан кейін Суданның премьер-министрі Абдалла Хамдок төңкеріс әрекеті армия мен қауіпсіздік органдарында реформалардың қажеттілігін көрсетеді деп мәлімдеді. Судан билігі көтерілістің ұйымдастырушылары экс-
президент Омар әл-Баширдің жақтастары екендігін атап өтті.
Суданның «Бостандық пен өзгеріс күштері» коалициясы елдің министрлер кабинетін тарату туралы мәлімдемеге байланысты жалпы ел болып бұған бағынбауға шақырды. Судан егеменді кеңесінің басшысы Әбдел Фаттах әл-Бурхан өз мәлімдемесінде бүкіл ел бойынша төтенше жағдай енгізілгенін, министрлер кабинеті мен ол басқаратын кеңестің таратылғанын және 2019 жылдан бастап қолданыстағы Конституциялық декларацияның кейбір тармақтарының тоқтатылғанын айтқан болатын. Сондай-ақ, ол қарулы күштер билікті азаматтық үкіметке бергенге дейін демократиялық ауысуды жалғастыратынын мәлімдеді және 2023 жылдың шілдесінде сайлау өткізуге уәде берді.
«Еуроодақ әскери төңкеріске байланысты Суданға қаржылық көмекті тоқтата алады» деп хабарлады одақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Хосеп Боррел Судан әскерилерінің әрекеттеріне жауап ретінде.
«Егер жағдай жақын арада өзгермесе, онда ЕО-мен ынтымақтастықта, оның ішінде қаржылық қолдауға қатысты ауыр зардаптар болады» делінген хабарламада.
Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Фейсал бен Фархан Әл Сауд мемлекеттік хатшы Энтони Блинкенмен сөйлескен кезде Судандағы әскери күштердің билікті басып алуын айыптады және оның аймақтық тұрақтылыққа әсеріне алаңдаушылық білдірді. Ал, Блинкен Суданның азаматтық өтпелі үкіметін «тез арада қалпына келтіру» керектігін айтты. Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары екіжақты қарым-қатынастардың бірқатар мәселелерін, соның ішінде адам құқықтарын талқылады.
Айта кету керек, премьер-министр Абдалла Хамдок пен оның әйелі Хартумдағы резиденциясына күшейтілген күзетпен оралғанымен, мәлімдемеге сәйкес, судандық бірқатар министрлер мен саяси көшбасшылар әлі де тұтқында. Олардың орналасқан жері белгісіз.
«Егер республикадағы әскери төңкеріс дереу тоқтатылмаса, Берлин үйлестіретін халықаралық міндеттемелер аясында Суданға қолдау көрсетуді жалғастырмайды» деді Германия СІМ басшысы Хайко Маас.
Маастың айтуынша, Судандағы әскери төңкеріс – бұл апат, бұл елдің демократиялық және бейбіт болашағын қауіпті жағдайға душар етеді. Ол Судан халқы мен премьер-министр Хамдокқа Германия қолдау көрсетуін жалғастыратынын да қосып қойды. 

Судан Республикасы – Африканың солтүстік-шығысында орналасқан мемлекет. Жер аумағы жағынан әлемде 10-орында тұр. Ал, 2004 жылғы санақ бойынша халқының саны – 40,2 млн. Халқының жартысына жуығын арабтар, қалғандарын нубийлер, бежалар, динкалар, нуэрлер, шиллуктер, т.б. халықтар құрайды. 
Астанасы – Хартум қаласы. 

Дайындаған Баян ДАРҒОЖИНА.

Пікір қалдырыңыз