«Кентау өндірісі дамыған қалаға айналады»

Түркістан облыс орталығына айналғалы Кентау қаласының екінші тынысы ашылды десе де болады. Бір кездері шағын ғана өндірістік қала болған Кентау бүгінде білім мен ғылымның, мәдениет пен өнердің өркендеген мекеніне айналып келеді. Қаланың әлеуметтік-экономикалық өміріндегі ілкімді істер мен болашақта атқарылатын жұмыстар жөнінде қала әкімі Дәурен МАҚАЖАНОВПЕН әңгімелескен едік.

– Дәурен Сәбитұлы, Кентау қаласына әкім болып тағайындалғаныңызға екі жылдың жүзі болды. Туған жерді түлету жолындағы жобаларыңыз қалай жүзеге асып жатыр?
– Өзім осы қаланың тумасы болғандықтан, халыққа қалтқысыз қызмет етуді ең басты міндетім деп санаймын. Әкім болып келісімен ең алдымен қаланы жарықтандыру мәселесін қолға алдық. Себебі, ұрлық, тонау секілді қылмыстар көбіне түнгі уақытта жасалады. Ал, қала тұрғындары өздерін тәулік бойы қауіпсіз сезінуі керек. Ол үшін қаладағы 69 көшенің 600 шамын ауыстырып, жарық беретін 201 бағана орнатуды жоспарлап отырмыз.
Қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің көпшілігі осыдан 40-50 жыл бұрын салынған. Биыл солардың біразын модернизациядан өткізіп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Жалпы, Кентау қаласы бойынша 368 көп қабатты тұрғын үй (қалада – 334, ауылдарда – 34) бар. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес, тұрғын үй қорын жаңғырту тетігі бойынша 2019 жылы 1074,2 млн. теңгеге 44 көп қабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілді. Қалған үйлерге кезең-кезеңімен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Алайда, тұрғындар тарапынан түскен өтініштерге байланысты біз мердігерлермен келіссөз жүргіздік. Соның нәтижесінде 2020–2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 132 көп қабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары мердігерлердің есебінен жүргізіледі. Былтыр облыстық бюджеттен 32 көп қабатты тұрғын үйді  жөндеу үшін 1 064 534 мың теңге бөлінген болатын. Бірақ, кейбір мердігерлердің қаржысы жеткіліксіз болып, бірқатар үйдің жөндеу жұмыстары аяқталмай қалды. Қалған 100 үйге республикалық бюджеттен 3 274 350,0 мың теңге бөлініп, жыл соңына дейін түгелдей жөндеуден өткізіледі.
Бұдан бөлек, аулаларға аяқ жолдар салынып, ішкі жолдарға асфальт төселеді. Заманауи қоқыс алаңдары қойылып, соңғы үлгідегі ойын алаңшалары орнатылады. Бүгінде бұл жұмыстарды бастап кеттік. Қалған аулалар 2022 жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен жаңғыртудан өтеді. 
Дегенмен, қоқыс жәшіктерін көшеге қоюға тұрғындар наразылықтарын білдіріп жатыр. Біз мұны уақытша жағдай дер едік. Қаладағы барлық аулалар жаңғыртудан өткен соң қайтадан ішке ыңғайластырылып қойылады. 
– Қазір қалада жаңа тұрғын үйге, әсіресе, көп балалы отбасыларға және басқа да әлеуметтік осал азаматтар тарапынан үлкен қажеттілік бар. Қалада құрылыс секторының жандана түскені байқалады. Бірақ, таяу арада кезекті едәуір қысқартып, олардың барлығын пәтермен қамту мүмкін бе?
– Қала халқын тұрғын үймен қамту – негізгі міндеттеріміздің бірі. Биыл 600-ге жуық отбасы баспаналы болды. Тағы 5 көп қабатты 60 пәтерлі үйдің құрылысы басталды. Алдағы уақытта тағы да 10 көп қабатты үй салынады деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі. Сондай-ақ, қалада ауысымына 500 келушіні қабылдауға мүмкіндігі бар жаңа емхана бой көтерді. Емхананың жанына «Жедел жәрдем» стансасын салдық. Қалалық орталық аурухананы да күрделі жөндеуден өткізіп жатырмыз. Жыл соңына дейін қызметіне кірісетін болады.
Жастар жылына орай «Жастар» саябағы жаңаша кейіпке енді. Мұнда теннис корты, баскетбол, волейбол, футбол алаңшалары мен веложол салынды.
Қаладағы аллеялар мен орталық алаң абаттандырылып, субұрқақтарын іске қостық. Қалаға көрік беретін «Сағат стелласы» ашылды. Ал, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлы Абайдың ескерткіші орнатылып, ұстаздарға құрмет ретінде қала ортасынан «Ұстаздар аллеясы» салынды. Мұның барлығы соңғы бір-екі жылда жүзеге асқан шаруалар. 
– Қалада ауыз су мәселесі қалай шешілуде?
– Жалпы, қаладағы су тазарту стансасына 3000 және 6000 текше метр аралығында су жиналады. Ол қала үшін жеткіліксіз. Себебі, халық саны артқан сайын су тұтынушылар да көбейіп келеді. Енді бұрынғы су жинағыш резервуардан бөлек, 10 000 текше метрге дейін су жинайтын жаңа су жинағыш резервуар салу және «Ақ бұлақ» бағдарламасына енбей қалған жеке сектордағы үйлерді таза ауыз суға қосу үшін құжаттарын әзірлеп жатырмыз. Жоба жүзеге асқан кезде қала тұрғындары жаңа су құбыры арқылы түгелдей ауыз сумен қамтылатын болады.
Кентау қаласының жерасты суларын тиімді пайдалану да жоспарымызда бар. Өздеріңізге белгілі, қазір қаланың жер асты суы көтеріліп жатыр. Бұлай жалғаса беретін болса, апатты жағдайға әкелуі мүмкін. Біз сол қауіптің алдын алу мақсатында жер асты суын азайтуды, сол суды тиімді пайдалануды қолға алып отырмыз. Бұрынғы шахтаға түсетін ғимараттың ішіне 4 дана сусорғыш орнатып, оны Кеншілер саябағында орналасқан бетонды арыққа жалғау арқылы ағын суды қала ішімен алып өтуді қарастырып жатырмыз. Жоба жүзеге асқан жағдайда Алматыдағы «Весновка» өзені іспетті Кентау көшелерінен де таза су ағып өтетін болады. 
– Көпшілікті толғандырып жүрген мәселенің бірі – табиғи газ. Айтыңызшы, Кентауға «көгілдір отын» қашан келеді?
– Қалаға табиғи газ жеткізетін №14 «Қызыләскер» АГТС-тің құрылыс монтаж жұмыстары аяқталды. Қазір магистральды құбырды кептіру және тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Содан соң магистральдық құбырға қосылу және толтыру жұмыстарын «БатысМұнайГаз жабдықтары» ЖШС-нің мамандары іске асырады. Осы жұмыстар аяқталса, Кентау қаласына жыл соңына дейін табиғи газ беріледі.
– Сіз қалаға басшы болып тағайындалған соң, алғашқылардың бірі болып мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қала жолдарын түгелімен жөндеу жұмысын қолға алдыңыз. Қала орталығымен қатар 52 орам, қала шетіндегі шағынаудандарға да асфальт төселді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын таба ма?
– Біз қала тұрғындарының жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау мақсатында алғаш рет ауқымды жобаны қолға алдық. Жобаға сай 2020–2022 жылдары мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында жалпы ұзындығы 76,67 шақырым болатын 131 көшеге ағымдағы, орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Былтырдан бері 53,3 шақырымды құрайтын 52 көше орташа және күрделі жөндеуден өткізілді.
Жалпы, жоба аясындағы жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталуы тиіс. Келесі жылы қала көшелерін 100 пайыз қанағаттанарлық деңгейге жеткізу үшін 43 шақырым жол жөнделетін болады. Сонымен қатар, Кентаудан Түркістан әуежайына дейін облыстық маңызы бар 26 шақырымды құрайтын айналма жол салынуда. Ол да келесі жылы аяқталып, ел игілігіне беріледі.
– Қалаға қарасты ауылдардағы жайылым мәселесі мал шаруашылығымен айналысатындар үшін қиындық тудырып отыр. Жағдайды оңтайлы шешудің қандай жолдары қарастырылып жатыр?
– Кентау өндірістік қала болғандықтан, елді мекендерде ауыл шаруашылығы жерлері қарастырылмаған. 2008 жылдан бастап Ащысай, Хантағы, Байылдыр поселкелеріне ауыл статусы берілді. Елді мекендерде өндіріс тоқтаған соң, жергілікті халық мал шаруашылығымен айналыса бастады. Алайда, жайылымдық жер мүлдем қарастырылмағандықтан, шаруалар мал жаятын жер таппай отыр. Қазір қала әкімдігі тарапынан аталған шекаралас жатқан ауылдардан жайылымдық жер бөлу қарастырылуда. Яғни «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының Түркістан облысы бойынша филиалымен (жер кадастры) бірге жерге орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта Хантағы, Байылдыр, Ащысай ауылдарына жайылымдық жер қосылады деп жоспарлап отырмыз.
– Жалпы, елдегі карантиндік шектеулер өндіріс орындары мен шағын кәсіпкерлікке едәуір кедергі келтіргені анық. Бұл жағдай Кентау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қалай әсер етті?
– Қаланың дамуына баға беретін нақты көрсеткіштер бар. Бұған инвестиция, өнеркәсіптік өндіріс көлемі, сауда, құрылыс, көлік қызметі және басқа да бірқатар бағыттың көрсеткіштері енеді. Жалпы, 2021 жылдың 7 айында өнім көлемі 29,3 млрд. теңгені құраса, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,2 пайызға артық орындалды. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі де былтырға қарағанда екі-үш есе көп. Қалалық бюджеттің кіріс бөлігінде де өсім бар.
– Баспана салу үшін қала тұрғындарына жер телімдері беріле ме?
– Қазір қалада 8790 тұрғын жер кезегінде тұр. Олардың алды 2006 жылы тіркелген. Бас жоспарға сәйкес, Кентау қаласының оңтүстік-шығысынан 300 гектар жер телімі және оңтүстік-батыс аумағынан 505 гектар жер учаскелеріне нақты жайғастыру жобасы әзірленген. Аталған жерге инженерлік-инфрақұрылым жүйелері жүргізілген соң 3000-дай жер учаскесі берілетін болады. 
– Мемлекет басшысының Жолдауында моноқалаларды дамытуға айрықша назар аударылып отыр. Бұл бағытта Кентауда қандай жұмыстар жүзеге асырылмақ?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында моноқалалардағы тыныс-тіршілікті одан әрі жандандыруға қатысты жан-жақты ойластырылған шешімдер қажет екендігін айтты. Бүгінде еліміздегі өндіріс орындарының басым көпшілігі моноқалаларда орналасқан. Олардың жұмыс жүйесін заман талабына бейімдеп, өндіріс қуаттылығын арттыру қажет. Мәселен, Кентау қаласында орналасқан Кентау трансформатор зауыты еліміздегі көшбасшы кәсіпорынға айналды.
Қалада пластикалық құбыр шығаратын цех жұмысы қарқын алды. Онда жергілікті 30-дан аса тұрғын жұмыспен қамтылып отыр. Биыл «HEVEL KAZAKHSTAN» ЖШС-і «Күн электро-стансасын құру» бойынша 3 жобаны іске асырды. Ал, қазан айында «Бетон бұйымдарын өндіру жобасы» іске қосылмақ. Сондай-ақ, индустриалды аймақта 2025 жылға дейін жүзеге асатын бірнеше жоба бар. Оның үшеуі жыл соңына дейін іске қосылады.
Мұның барлығы да Кентаудың өндірістік қуаттылығын арттырады. Яғни Кентау – облыс орталығының жанындағы өндірісі дамыған қалаға айналуы тиіс. Біздегі басты мақсат та осы. Бұл бағытта Мемлекет басшысының Жолдауы жолбасшымыз болады.
Бұрын Кентау қаласы кен байыту саласымен танымал еді. Кейін бұл сала біртіндеп қожырай бастады. Дегенмен, Мемлекет басшысының моноқалаларды дамыту бастамасы саланы қайта жандандыруға мүмкіндік беріп отыр. Ең алдымен, Кентау облыс орталығына жақын орналасқан бірден-бір қала. Түркістанға келген қонақ Кентауға соқпай кете алмайды. Неге десеңіз, мұнда тарихи нысандармен қатар, құнды жәдігерлер көп.
Байылдыр ауылында барит өңдейтін кен орнына инвесторлар барлау жұмыстарын жүргізгелі жатыр. Жұмыс ширай түссе, ауылдың біршама тұрғыны жұмыспен қамтылады. Ащысай, Хантағы ауылдарын келешекте туристер жиі келетін орынға айналадыру жоспарымызда бар.
Сонымен қатар, ішкі сауда-саттықты дамыту мақсатында қаладағы базарларды заманауи талапқа сәйкестендіріп жатырмыз. Алдағы уақытта Кентауда екі жаңа сауда кешені ашылады.
Тағы да атап өтер жайт, кәсіпкерлік мақсатта берілетін жерлер алғаш рет аукцион арқылы сатылымға шығарылуда. Сатылымнан қала бюджетіне бүгінге дейін 200 млн. теңге түсті. Бұл қаржыны әзірге абаттандыруға жұмсағалы отырмыз. Мәселен, қалаға келетін қонақтар мен қала тұрғындарына жайлы орта қалыптастыру мақсатында аллеялар мен саябақтармен қатар, демалыс орындарын көбейтеміз. Д.Қонаев көшесінің бойына «Дәрігерлер аллеясын» саламыз. Ал, «Жастар» саябағының аумағындағы жағалау арқылы Уәлиханов көшесін бойлайтын үлкен демалыс аймағы салынады.
– Әңгімеңізге рахмет! Кентауды түлету жолындағы игі бастамаларыңыз жемісті болсын!

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Ońtústik Qazaqstan».

Пікір қалдырыңыз