«Қайырымдылық керуені» байқауы басталды

Биыл төртінші рет өткелі жатқан «Қайырымдылық керуені» байқауы – мұқтаж жандарға қол ұшын созатын азаматтарды анықтап, адам бойындағы мейірімділік, гуманизм сынды адамгершілік құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Байқау жыл сайын Қазақстанның дамуына қомақты үлес қосқан батыл жандар, меценаттар мен патриоттарды анықтайды. Бұл туралы Түркістан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Инара Намазбаева мәлімдеді.

Байқауды «Нұрсұлтан Назарбаев» қоры, «Қазақстанның іскер әйелдер» қауымдастығы, «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені, «Хабар» агенттігі мен «КТК» телеарнасы ұйымдастырмақ. Оған әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді шешуге үлес қосып, өзгелерді игі ісімен ынталандыратын тұлғалар қатыса алады.
«Байқауда лауреаттар бірнеше номинациялар бойынша анықталады. Мәселен, «Асар» номинациясымен халық арасында салт-дәстүрді сақтап, оны әрі қарай дәріптеп, насихаттауға бағытталған қызметтерді атқаратын жандар марапатталмақ. Ал, «Туған жер» аталымы  білім беру, экология және абаттандыру, мәдени нысандарды қалпына келтіру, туған өлкеге қайырымдылық көрсеткен азаматтарға арналған. «Батыл жүрек» номинациясы ерлік пен қайсарлық танытқан адамдарға беріледі. «Мейірім жолында» аталымы белгілі бір уақыт аралығында тұрақты түрде өтеусіз көмек көрсеткен жандарға табыс етіледі» деді Инара Әбдіғаппарқызы.
Сондай-ақ, Түркістан облыстық іскер әйелдер қауымдастығы «Жас қанаттар» тобының төрайымы Насиба Атаева сайыстың өзге де аталымдарына тоқталды.
«Қайырымдылық тарихы» номинациясы – әлеуметтік мәселелерді үздік жариялағаны үшін журналист немесе шығармашылық ұжымға беріледі. Ал, «Бала жүрегі» аталымы – төтенше жағдайда көрсеткен табандылығы үшін 6 мен 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге беріледі. Сонымен қатар, «Жануарға мейірім» номинациясы – жануарларды қорғайтын, оларды асырауға көмектесетін, жануарлар әлеміне қатысты мейірімділік пен қайырымдылықты насихаттаған жандарға беріледі» деді Насиба Сабыржанқызы.
Байқауға қатысуға өтінімдер 2021 жылдың 30 қарашасына дейін қабылданады.
Байқауға қатысу туралы толық ақпаратты www.fnn.kz, www.businesswomen.kz сайттарынан табуға болады.

Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Пікір қалдырыңыз