«Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы күн тәртібінен түспейді»

Қазіргі кезде жұмыс табу оңай емес. Иә, иә, жұмыссыздық проблемасы бүгін пайда болып отырған жоқ, ол бұрыннан бар. Соңғы жылдары пандемияның зардабы бұл мәселені мүлдем қиындатып жіберді. Әсіресе, енді диплом алған жас мамандарға ауыр соғып тұр. Осындай санаттағы жандарға мемлекет тарапынан қандай қолдау бар? Қандай жеңілдіктер қарастырылған? Оның шарапатын кімдер көріп отыр? Осы және басқа да сауалдарға облыстық әлеуметтік бағдарламалар және жұмысты қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы Әсия Құралқызы ТЕМІРБАЕВА жауап береді.

–  Қазіргі кезде екі қолға бір күрек табу – өзекті проблема. Сіз басқарып отырған басқарма халықты жұмыспен қамту шараларын үйлестіру бағытында қандай жұмыстар атқарды? Облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі қай дәрежеде? Өткен 8 айдың қорытындысына қысқаша тоқтала кетсеңіз... 
– «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында биыл өңірімізде 101 мың адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, осы мақсат үшін бюджеттен 20,6 млрд. теңге қаралды. 
1 қыркүйекке 62 364 адам (61,7%) жұмыспен қамту шараларына қатысуға ниет білдірсе, нақты 
56 086 адам жұмыспен қамтылды. Ал, жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 3 113 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқыды. Мемлекеттік грант 3 182 адамға (жоспардың 102,6%-ы) беріліп, 25 адам 32,7 млн. теңге шағын несие алды. Қайтарылған қаржы есебінен облыс бойынша 2 адамға 5,6 млн. теңге көлемінде шағын несие берілді. Демек, бұл қосымша жұмыс орындары ашылды деген сөз. Сонымен қатар, 48 452 адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетілді, оның ішінде 65,3 %-ы немесе 21 437-сі  тұрақты жұмыс орны. 
Уақытша жұмыс орындары сипатындағы жұмыспен қамту шараларына барлығы 26 804 жұмыссыз (оның ішінде 4 732 азамат жастар практикасына, 3 906 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 18 166-сы жұмыссыз ақылы қоғамдық жұмыстарға ) жолданды. «Алғашқы жұмыс орны» жобасын іске асыру мақсатында облыстық бюджеттен 198 адамға 92 410,5 мың теңге қарастырылып, оның 38,9 млн.теңгесі игерілді. Бүгінгі таңға нақты 211 адам жұмысқа жолданды. Осындай игі істердің нәтижесінде биылғы 2-тоқсанның қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі – 5,1% (жоспар – 5,5%), жастар арасындағы жұмыссыздық – 3,7% (жоспар – 4,6%), әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,9%-ды құрады.
– 2015 жылдан бастап жұмыс күші аз республиканың өзге аймақтарына біздің өңірден өз еріктерімен көшіп барушылар саны 7 мыңнан асып отыр. Демек, бізде ішкі көші-қон  мәселесі жүйелі жолға қойылған секілді. Көш биыл да жалғасын тапты ма? 
– Иә. Аталмыш мемлекеттік бағдарламаның үшінші бағыты  аясында жұмыс күші жетіспейтін солтүстік өңірлерге Түркістан облысынан 2021 жылдың 1 қыркүйегіне 302 отбасы (1341 адам) қоныс аударды. Оның ішінде Қостанай облысына 16 отбасы (74 адам), Павлодар облысына 205 отбасы (972 адам), Шығыс Қазақстан облысына 12 отбасы (23 адам), Солтүстік Қазақстан облысына 69 отбасы (272 адам) қоныс аударып, квотамен көшу үшін берілетін субсидиямен қамтамасыз етілуде. Жалпы, республика бойынша қоныс аударғандардың арасынан облысымыздың үлесі 30%-ды  құрайды.  
– Әрекет еткен жанға жұмыс табылады, қарап жатқан адамға Құдай да қараспайды. Басқасын былай қойғанда, Түркістан қаласы қазір алып құрылыс алаңына айналды. Жаңа облыс орталығын түлету мен көркейтуге жұмыссыздар жіберіліп жатыр ма? 
– Сұрағыңыз орынды. «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясында 32 530 361 теңгенің лимиті бойынша өңірімізде 33 инфрақұрылымдық жоба бекітілген. Аталған жобалардың негізінде 2 244 жұмыс орны, оның ішінде 1083 жұмыссыз азамат жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа жолданады. Құрылыс нысандары пайдалануға берілгеннен кейін 
1 253 жаңа тұрақты жұмыс орнын құру көзделді.  
Сонымен қатар, 2021 жылы осы бағдарлама аясында іске асырылатын инфрақұрылымдық жобалар Түркістан қаласының дамуына бағытталуда. Жалпы, іске асырылатын жобалардың ішінде 26-сы немесе 76,4%-ы  былтырдан бері іске асырылып келе жатқан, биылға өткен жобалар. Осы мақсатқа бөлінген қаржының 59,6 пайызы немесе 19,4 млрд. теңгесі игерілді. Қаржылардың мақсатты жұмсалуы бақылауда тұр. Қыркүйектегі мәлімет бойынша 1 824 жаңа жұмыс орны (81,3%) құрылып, 1 110 адамға немесе 60,9 пайызына міндетті зейнетақы жарнасы аударылды. Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 803 адам (74,1%)  жолданып, оның 440-на немесе 54,8 пайызына міндетті зейнетақы жарнасы аударылды. 
–  Әлеуметтік қорғауға мұқтаж осал топтар санатына жататындар  – атаулы көмек алушылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар. Сонымен қатар, күнкөріс деңгейінен төмен табыс иелері де  қамқорлыққа зәру. Біздің облыста қанша кедей отбасы тұрады?
 – Биыл  253 мыңнан астам адамды атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 15,9 млрд. теңге бөлінді. Сонымен қатар 53,4 мың баланы тамақпен, гигиеналық пакеттермен қамтамасыз ету жоспарлануда. Өткен 8 айдың қорытындысы бойынша 38,9 мың отбасы (214,7 мың адам)  9,3 млрд. теңгенің атаулы әлеуметтік көмегін алды. Ал, оның ішінде 43,8 мың адам жұмыспен қамтылды. Аз қамтылған отбасылардағы 1-6 жас аралығындағы 
40 400 мың балаға 1,6 млрд. теңгенің кепілдендірілген әлеуметтік пакеттері берілді. Сондай-ақ, облыстық «Қамқорлық» бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Бағдарлама аясында оған қатысушы 1036 адамның арасынан өмірлік қиын жағдайға тап болған 788 отбасыға 109,1 млн. теңгеге демеушілік қолдау көрсетілді. Өңіріміздегі табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі – 9,1%. Ал, жұмыспен қамту шараларына тартылған атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың үлес салмағы 69,9 пайызды құрады. Алдағы уақыттта да бұл жұмыс жалғасын табады.
– Таяуда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов келесі айдан бастап мүгедектігі бар барлық топтағылар үшін жәрдемақы мөлшері 37 пайыз ұлғайтылады деп мәлімдеді... 
– Бұл маңызды мәселе күн тәртібінен түскен емес. Түркістан облысында 96,8 мың мүгедектігі бар азамат тұрады. Бұл облыс халқының 5 пайызын құрайды. Бүгінгі таңға мүгедектігі бар азаматтарды оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкес қажеттіліктің 
50,6%-ы қамтылды. Жыл соңына дейін  бұл көрсеткіш 85%-ға жетеді деп күтілуде.
«Кедергісіз келешек» жобасы аясында облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта құру үшін 2013 жылдан бастап 3 428 әлеуметтік инфрақұрылымдық нысанға төлқұжат жасалып, 2 891 нысанға бейімдеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі белгіленсе, оның 2 868-і талапқа сай бейімделді.
«Nur Otan» партиясының «Өзгеру жолы: әрқайсысына лайықты өмір!» cайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында «Қолжетімді Түркістан» кешенді іс-шаралар жоспары бекітіліп, биылға 259 нысанды бейімдеу жоспарланған. Өткен мерзім ішінде 150 нысан талапқа сай сәйкестендірілді. Бұл бағытта әлі де атқарылар жұмыстар аз емес. 
– Әңгімеңізге рахмет! Ел үшін атқарып жатқан қызметтеріңізге табыс тілейміз!

 Сұхбаттасқан  Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, 
«Ońtústik Qazaqstan».
Пікір қалдырыңыз