2017 жыл: ЭКСПО, қысқы Универсиада және төрт сайлау

2017 жылдың басты жаңалығы — 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында Астана қаласында халықаралық ЭКСПО көрмесі өтті. «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен өткен көрмеге 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрмені тамашалауға Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен 3 миллион адам келді. Айта кету керек, Қазақстан – ТМД мен Орталық Азия елдері арасында ЭКСПО көрмесін өткізу үшін таңдап алынған бірінші мемлекет.

ЭКСПО қалашығы мен түрлі жоба нысандары көрме аяқталғаннан кейін де қала тұрғындары мен қонақтары үшін қызмет етуде. Жоба барысында қонақүй ретінде соғылған көпқабатты ғимараттар қала әкімдігіне өтіп, тұрғын үйлердің қатарын толықтырды.
Осы жылы 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы қаласында қысқы Универсиада ойындары өткізілді. Универсиада жарыстары спорттың 12 түрі бойынша өтті. Спортшылар тау шаңғысы, биатлон, шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, шаңғымен трамплиннен секіру, сноуборд, фристайл, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, шайбалы хоккей (ерлер және әйелдер арасында) және керлинг ойындары бойынша жүлделерді сарапқа салды.
57 елден келген 1652 спортшы қатысқан бұл додада Қазақстан студенттік құрамасы сәтті өнер көрсетті. Ел қоржынына 11 алтын, 8 күміс және 17 қола түсті. Бұл көрсеткіш – Қазақстанның жаңа рекорды. 36 жүлде иеленген Қазақстан жалпыкомандалық есепте екінші орын алды.
Алғашқы медальді ел қоржынына шаңғышылар салды. Анна Шевченко 5 шақырымдық жекелей сында қола медальға ие болды. Ал, бірінші алтын жүлдені биатлоншы Алина Райкова 15 шақырымдық жекелей сында жеңіп алды. 
12 сәуірде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарыққа шықты. Мақалада қоғамдық сананы жаңғырту мақсатындағы таяу жылдардағы міндеттер айқындалды. Соған сәйкес, киелі орындар географиясын жасау, қазақ әліпбиін латын қәрпіне көшіру, тағы басқа бағыттарда жұмыстар басталды.
Сонымен қатар, осы жылдың желтоқсан айында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «ТӘУЕЛСІЗДІК ДӘУІРІ» атты кітабы жарық көрді. Публицистикалық еңбекте еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың көзқарасы баяндалады. Сондай-ақ, егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен тәуелсіздік жағдайындағы ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі айтылады.
Еліміз тәуелсіздік алған 26 жылда мемлекеттің қалыптасуы мен дамуын қамтыған еңбек 4 бөлім, 31 тақырыпша, 33 нәтиже жазылған 508 беттен тұрады. Кітап 2 тілде жарық көрген. Тәуелсіздік шежіресі сияқты жазылған үлкен еңбекте Қазақстан Республикасының үш жаңғыруы және ішкі, сыртқы саясат, экономика, әлеуметтік-демографиялық жағдай, ұлтаралық және дінаралық келісім және тағы басқа көптеген мәселелер қамтылған.
2016 жылдың 24 маусымынан 2017 жылдың 8-9 маусымына дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстан төрағалық етті және маусым айында ШЫҰ-ның кезекті саммиті Астана қаласында өткізілді. Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы алты мемлекеттің бастамасымен құрылған болатын.
Маусым айының 28-інде Қазақстан Азия тобы мемлекеттерінің атынан 2017-2018 жылдарға Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде 138 мемлекет Қазақстанның кандидатурасын қолдады. Ал, қазақстандық өтінімнің жалғыз бәсекелесі – Тайланд корольдігі үшін 50-ден сәл аса мемлекет дауыс берді. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы аймақтың шиеленісті жағдайларына әлемдік қауымдастықтың назарын аударуға, мемлекеттің халықаралық бастамаларын іске асыруға, Астананың жаһандық мәселелерде маңызды рөл атқарып, «Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылық факторы» ретінде Қазақстанның имиджін көтеруге себеп болмақ. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 15 мемлекет мүше болады. Олардың бесеуі тұрақты: АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция. Ал, қалған он тұрақты емес мүшесі БҰҰ Бас Ассамблеясы арқылы екі жылдық мерзімге сайланып отырады. Қазақстан бұған дейін Азия елдері тобынан сайланған Малайзияны алмастырды.
Бұл жылы Қазақстанға шетелдік туристердің көптеп келуі байқалды. Бір жыл ішінде Қазақстан Республикасына келушілер саны 18 пайызға өсті. Ішкі туризм секторында да белсенділік байқалады. Бір жыл ішінде елде демалатын азаматтардың саны 25 пайызға артты. Қазақстан халықаралық туризм картасында өз позициясын нығайтты. 2017 жылдың 9 айында республикаға 5,8 млн. шетелдік турис келген. 
5 жыл ішінде кіріс туризм көрсеткіші 5 миллион адамнан аспаған. Бұл – жаңа рекорд. 2016 жылдың қаңтар-қыркүйегімен салыстырғанда Қазақстанға келушілердің саны 18,1 пайызға, яғни 894 адамға артты. Шетелдіктердің Қазақстанға деген қызығушылығы отандастарымызды да ынталандырады. Көп азаматтар шетелде емес, өз еліміздің ішінде демалуды таңдайды. 2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша отандық туристер саны 4,4 млн. адамға жетті. Бұл бір жыл бұрынғыдан 25 пайызға артық. Сондай-ақ, туристер саны артқан сайын қонақүй, мейрамхана бизнестері дамуға қарай бет алды. 
2017 жылы Қазақстан Республикасында 390 262 сәби дүниеге келді, оның 226 847-сі қалада, 163 415-і ауылдарда тіркелді. Туудың жалпы коэффициенті 1 000 адамға 2017 жылы 21,64 туғандарды құрады, қалалық мекендерде – 21,94 (2007ж. – 21,27), ауылдық мекендерде 21,22 (2007ж. – 20,25)-ні құрады.
Қазақстан өңірлерінің ішінде туудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау облысында (1 000 тұрғынға шаққанда – 29,74), Астана қаласында (28,23) және Оңтүстік Қазақстан облысында (27,20) байқалды. Ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан (13,17), Павлодар (15,91) және Шығыс Қазақстан (15,98) облыстарында тіркелді.
2017 жылы қазақтың тұңғыш ұлттық-бейресми басылымдары «Серке» және «Қазақ» газеттеріне 110 жыл толды. Сонымен бірге, Нәзипа Құлжанованың 130 жылдығы, Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығы, Асанәлі Әшімов (80 жас), Нұрғали Нүсіпжанов (80 жас), Смағұл Елубаев (70 жас), Лаки Кесоглу (70 жас), Роза Рымбаева (60 жас) секілді біртуар қазақ тұлғалары мерейлі жасқа толды.
2017 жылы Сенат депутаттарынан бастап ауыл әкімдеріне дейін сайланды. Бір жыл ішінде 4 сайлау өткізілді. Оның бірі 26 мамырда шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына кандидаттарды ұсыну 58 сайлау учаскесінде өтті. 2017 жылдың 30 маусымынан кешіктірілмей 2011 жылдың 19 тамызында сайланған Сенат депутаттарының орнына кезекті сайлау өткізілді. Мұнан бөлек, ауыл округтерінің құрамына кірмейтін Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтерінің, елді мекендері мен ауылдарының әкімдерін кезекті сайлау өтті. 29 қазанда шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау өткізілді.
2017 жыл еліміздің отын-энергетика секторының салалары үшін рекордты жыл болды. Қазақстанда 86 млн. тоннадан астам мұнай өндірілді. Бұл өндіру жоспарының 102%-ын құрайды, 
70 млн. тоннаға жуық мұнай экспортталды. 15 млн. тоннаға жуық мұнай отандық МӨЗ-дерде қайта өңделді. Павлодар мұнай-химия зауытында жаңғырту жобасы жүзеге асырылды, Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобаларының құрылысы аяқталды. Газ өндіру көлемі шамамен 53 млрд. текше метр немесе жоспардың 110%-ын құрады. 2017 жылдың қорытындысы бойынша газдандыру деңгейі 47,38%-ды құрады. 2017 жылы 102,3 млрд. кВт/сағ электр энергиясы, 106,7 млн. тонна көмір өндірілді.

Саясат бөлімі.
Пікір қалдырыңыз