Емхананы еркін таңдайсыз

Облыс тұрғындары биылғы 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдарға еркін тіркелуіне болады. Бұл – азаматтар үшін өте маңызды. Өйткені, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетілетін медициналық қызметтер осы емханалар арқылы ұсынылады. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаевпен әңгімеміз осы тақырыпта өрбіді.   

– Асхат Асанұлы, алдымен өңіріміз бойынша емханаға тіркелген тұрғындар саны  және МӘМС жүйесі бойынша қызмет көрсетіп жатқан медициналық ұйымдар жөнінде білгіміз келеді...
– Бүгінде емханаларға барлығы 2 002 293  адам  тіркелген. Былтырғы тіркеу науқанының қорытындысына қарасақ, МСАК ұйымын еркін таңдау қызметін 1 989 844  адам пайдаланған. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылдың 13 қарашасындағы «Жеке тұлғаларды МСАК ұйымдарына тіркеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы негізінде  емхананы еркін таңдау науқаны өткізіледі. Пациент өз таңдауын жасап, өзі қалаған медициналық ұйымның қызметін алады. Науқаннан соң медициналық  ұйымдар келесі жылы халыққа қызмет көрсету мақсатында тапсырыс алады.
Биыл қор филиалы 81 өнім  берушімен шарт жасасты. Оның 41-і мемлекеттік, 40-ы  жекеменшік  ұйым. Аталған мекемелердің барлығы денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасында тіркелген. Айта кетерлігі, емханаға тіркелген пациентке консультациялық-диагностикалық қызметтерге, ауруханаға жатып емделуге, кез келген жоспарлы медициналық қызметтердің көрсетілуіне және басқа да медициналық  жолдамаларды қоса алғанда, денсаулық сақтау жүйесінде медициналық көмек алуына құқық береді. 
– Тіркелуге қабылданған өтініш қанша уақыт қаралады? 
– Азамат электрондық үкімет порталы арқылы өтінім берген кезде бекіту немесе дәлелді бас тарту 1 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. 
– Үйге жақын емханаға тіркелу неліктен маңызды? 
– Біріншіден, бұл сіздің үйіңіз бен емхананың ортасында 15-20 минуттық жаяу жүруге болатындай қашықтықтағы медициналық көмекке қол жеткізу. Екіншіден, үйде көмек алу, дәрігерді немесе мобильді бригаданы шақыруға ыңғайлы болғаны жөн. Барлық емханалар аумақтық қағидат бойынша жұмыс істейді және пациент емхананың қызмет көрсету аумағында тұрған кезде ғана үйде медициналық көмек көрсетіледі.  
– Бір адам  бірнеше емханаға тіркеле ала ма? 
– Жоқ. Тек бір емханаға тіркелу мүмкіндігі бар. Өйткені, бекіту кезінде адамның  жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы тіркеледі. Тіркелу дерекқорында шаралар барысында бұрынғы емханадан босату автоматты түрде жүзеге асырылады. 
– Егер пациент  тіркеу  науқаны кезінде өтініш бермеген болса ше?! 
– Еске сала кетсек, биылғы науқан барысында емхана ауыстырған азаматтар өзі таңдаған емдеу мекемесінің қызметін 2022 жылдан бастап пайдалана алады. Баршаға бірдей емхана ауыстыру міндетті емес. Бұрынғы емхана қызметіне көңілі толатын азаматтар әрі қарай да бұрынғы клиниканың қызметін пайдалана алады.
– Емханаға тіркелген соң тұрғындар тиісті медициналық көмекті қай уақыттан  бастап  алады? 
– Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап. Ағымдағы жылдың соңына дейін бұрын қызмет көрсеткен емханада медициналық көмек алуды жалғастырады. 
– Қандай жағдайда пациент емханаға тіркеле алмайды? 
– Емхана өзі қызмет көрсететін аймақтан тыс жерде тұратын азаматтарды, сондай-ақ бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекеме жүктемесі шектен асып кеткен жағдайда тіркеуден бас тартуы мүмкін. Қолданыстағы нормативтерге сәйкес, учаскедегі жалпы практика дәрігеріне тіркелгендер саны 1700-ден аспауы тиіс.
– Шетелдік азаматтардың емханаға тіркелу тәртібі қалай 
жүргізіледі?
– Биыл тіркеу тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұдан былай Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден келген еңбек мигранттары емханаға тіркелу үшін ерікті медициналық сақтандыру полисін сатып алуы тиіс. Олар емхананың тіркеу бөліміне барып, өтініш жазады.
– Емханаға қалай тіркелуге болады?
– Емханаға тіркелу жолдары өзгерген жоқ. Оның 2 түрлі тәсілі бар. Біріншісі – «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымдарына тіркеу» қызметін пайдалану арқылы, екіншісі – емханаға барып өтініш жазу арқылы тіркелу. Айта кететін жайт, екінші тәсілді зейнеткерлер, мүгедектер, бала кезден мүгедек азаматтардың қамқоршылары, түрмеде жазасын өтеп жатқандар, студенттер, әскери борышын өтеп жатқандар, шетелде туған балалар мен сенімхат арқылы тіркелетін азаматтар пайдалана алады. Емхана қызметкерлері «Тіркелген тұрғындар регистрі» ақпараттық жүйесі арқылы тіркеуге өтініш береді.
Ал, тіркеу egov.kz порталы арқылы жүргізілетін болса, авторландырудан өтіп, электронды өтініш қалдыру қажет. Қызметтің нәтижесі өтініш берушінің жеке кабинетіне жіберіледі. Егер сізде медициналық қызметтерді алуға байланысты сұрақтар туындаған жағдайда, қордың ресми кері байланыс арналары – 1406 байланыс орталығы, «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы, қордың www.fms.kz сайты, Telegram-дағы Saqtandyry-bot арқылы өтініш қалдырсаңыз жеткілікті.
– Әңгімеңізге рахмет!
                                          
Сұхбаттасқан С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.

Пікір қалдырыңыз