Дертіме дауа тапқан дәрігерлер

Жасым сексеннен асты. Мына аты жаман індет жасты да, жасамысты да айналып өтпеді. «Тәжтажалды» қайдан, қалай жұқтырғанымды білмедім. Бірақ, бойымда әлсіздік пайда болып, тыныс алуым қиындаған сайын бұл аурудан аман-
есен қалуым екіталай екенін түсіндім. Уақыт оздырмай дереу «Жедел жәрдем» шақырдық. Ауруханаға ауыр халде түстім.

Дәрігерлер дереу тыныс алу аппаратына қосып, қажетті ем-дом жасады. Одан бөлек, қант диабеті, қан қысымының жиі көтерілуі секілді ауруларым бұрыннан бар еді. Олар протоколға сай әр ауруды дер кезінде анықтап, әрқайсысына қажетті емдеу шараларын жүргізіп отырды. Тіпті, олардың барлығы өз балаларымдай болды. «Апа, уайымдамаңыз, қолдан келген бар мүмкіндікті жасаймыз» деп асты-үстіме түсті. Бұл, әрине, жаны күйзеліске ұшыраған науқастың көңіліне демеу береді. 
Дәрігерлер менің ауруды жеңіп шығатыныма сенді. Дегенмен, өзім қатарлы ақ жаулықты аналардың көбі дүниеден өтіп жатты. Осындайда ақ халатты абзал жандардың жылы сөздері өмірге деген құштарлықты оятып, ауруды жеңуге себепші болатынын түсіндім. Әуелі Алла, кейін осы дәрігерлердің арқасында індетті жеңіп шықтым. 
Рахмет сендерге, дәрігер балаларым!

Бейсенкүл ӘДІЛАЕВА, Шымкент қаласының тұрғыны.
Пікір қалдырыңыз