Еңбегімен елге сыйлы

Керімхан кезінде Ф.Энгельс атындағы кеңшарда түрлі жұмыстар атқарды. Қаратаудың қалың қатпарлы сай-салаларының ішінде кеңшардың алма бағы болатын. Уақытында сол алма баққа да иелік етті. Тонналаған алма облыс аумағындағы үлкенді-кішілі зауыттарға жөнелтілетін.

Кейін Керімхан көкеміз кеңшардың қойын бақты. Осындай сәттерде әкесінің жанына жалау бола білген ұл-қыздары еді. Бәрі де еңбекқор. Ораз, Темірхан, Темірлан, Зәмзәгүл, егіздер Бауыржан мен Бақытжан, Мейіркүл, Оразкүл, Жұлдыз, Гүлзада он бала бірінің соңынан бірі ілесіп, ата-аналарына қолғанат болып өсті. 

Осы балаларды дүниеге әкелген қайратты ана, шексіз мейірім иесі, отбасының ұйытқысы Гүлзия Маханқызы болатын. Бұл күнде Керімхан көкеміз де, Гүлзия анамыз да жоқ. 

Осы берекелі отбасыда екінші перзент болып өмірге келген Темірхан аға мектеп бітірген соң әкесіне бір жылдай көмектесіп, одан соң екі жылдық әскери қызметін өтеуге аттанады. Елге оралған соң Темірхан ағамыз Кентау қаласындағы тау-кен техникумына оқуға түсіп, бітірген соң Ф.Энгельс атындағы кеңшарға келіп жұмысқа орналасады. Ол техника атаулыға бала кезінен қызығатын еді. Кеңшар басшылары оны осы саланың барлығында сынап көрді.

– Темірхан інім еңбекқор, әзілімен жан-жағын күлкіге көміп жүреді. Қанша ауыр жұмыс атқарса да қыңқ етпейді. Еңбектің қадірі мен қасиетін бала жасынан бойына сіңіріп өсті. Жазда шөп ору, жинау, тырмалау, престеу, тасу сияқты кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыстардың бел ортасында жүрді. Ол үлкенді құрметтеп, кішіні сыйлай білетін өнегелі жан,– дейді «Алтынтау» өндірістік кооперативінің бұрынғы төрағасы, еңбек ардагері Мырзабек Тұрғанбекұлы.

Темірхан ағамыз жұбайы Хадиша Уәлиханқызымен Әйгерім, Әсел, Елмұрат есімді ұл-қыздарды дүниеге әкелді. Үшеуі де жоғары білімді. Екі қызы педагогикалық білім иелері. Әйгерім әдепкі жылдары аудандағы саз мектебінде кітапханашы, «Армантай» балабақшасында тәрбиешілік қызметтерді атқарды. Әсел Тәкен Әлімқұлов атындағы лицей-интернатта ұстаздық етуде. Әсел бұған дейін аудандық Мәдениет үйінде әнші болатын. Елмұрат аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы. Темірхан ағамыздың еңбекқорлығына қарап тұрып, атақты жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Бала тәрбиесінің ең үлкені – оны еңбекке баулу. Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады» деген ұлағатты сөзі ойға оралады. Олай дейтінім, Темірхан аға балаларын жастайынан еңбекке баулыды. Өнерге де бейімдеді. Үш перзенті де гитараның, домбыраның құлағында ойнайды. Темірхан ағамыз да, Хадиша апайымыз да гитара, мандолин, домбырада шебер ойнайды. Той мен жиынның көркі десек, артық айтқандық болмас. Ернар, Димаш, Мая, Гүлден, Аяла, Санжар атты немерелері бар. Отбасында Елмұрат пен келіні Ұлтудың кішкентайлары Анар атты немересі ата-әжесінің көзқуаныштары. 

Бүгінде Темірхан Таукент кентінде орталықтандырылған жүк тасымалдау базасында жұмыс атқарады. Еңбек озаты. Өндіріс басшылары тарапынан бірнеше Алғыс хаттар мен Мақтау қағаздарының иегері. Таяуда ол «Қаз-атомөнеркәсіп» АҚ саласы тарапынан мерекелік медальмен марапатталды. 

Мақсат ҚАРҒАБАЙ. Созақ ауданы.

Пікір қалдырыңыз