Халық қалауы – бірінші орында

2024 жылы аудан әкімдерінің сайлауы өтеді.

Бәріміз біліп отырғандай 1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Қазақстан халқына жолдауын жасады. Әлеуметтік-экономикалық бағыттарға басымдық берілген жолдауында Президентіміз 2024 жылы аудан әкімдерінің сайлауы өтетінін мәлімдеді. Бұл ел таңдауының бірінші орында екендігін тағы бір рет дәлелдейтін реформа болғалы тұр. Өйткені, биыл ғана өткен ауыл әкімдерінің тікелей сайлауында тұрғындардың таңдауы маңызды рөл атқаратынына көз жеткіздік. Бұл туралы сөз қозғаған Президент те ауыл әкімдерін тікелей сайлаудың маңызды қадам болғанын айтты.

Олай деуіне толықтай негіз бар. Себебі, дәл осы округ әкімдерінің сайлауынан соң ел арасында ешқандай қаңқу сөз де, әділетсіздікті жыр еткен әңгімелер де айтыла қойған жоқ. Бұл нені білдіреді? Әлбетте, біз айтып отырған пилоттық реформа қашан да бірінші кезекте халықтың мүддесі екенін дәлелдеп, елдің ешқашан өз қалауына қарсы шықпайтынын көрсетіп берді. Енді 1-2 жылдан кейін ел тұрғындары аудан әкімдерін сайлап, ол реформа ауыл әкімдерін сайлағандай әділ өтсе, демократияның негізгі бір белгісіне айналмақ.


Ілесбек НҰРТАЕВ,

Келес ауданы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы.

 

Пікір қалдырыңыз