Жамбылдағы жарылыс: жағдай бақылауда

ҚазАқпарат. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы әскери бөлімдегі жарылысқа байланысты өзінің Twitter-дегі парақшасында жазба қалдырды.

«Өрт салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқарушылар, әскери қызметшілер, дәрігерлер мен жұмылдырылған барлық адамдар белсенді жұмыс атқаруда. Өкінішке қарай, зардап шеккендер саны артып келеді. Бірақ, жағдай бақылауда. Тараз қаласы мен ауыл тұрғындары сабырлы әрі сақ болуы керек» деп жазды Мемлекет басшысы. 

Айта кетейік, 26 тамыз күні сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жарылыс болды. Жарылыстан зардап шеккендер саны 88 адамға жетті. Олардың көбі жеңіл жарақат алғандар, тек 2 адамның ғана жағдайы ауыр. Зардап шеккендердің арасында 12 әскери қызметші бар.

Сондай-ақ, Байзақ ауданының Жаңатұрмыс ауылында республикалық маңызы бар «Алматы–Ташкент–Термез» жолының 476 шақырымында қозғалыс шектелген.

Сонымен қатар, апат болған аумақтан эвакуацияланған тұрғындарға арналып, облыс орталығынан 400-ден астам орын дайындалған. Қосымша 1000-ға жуық орын дайындау мүмкіндігі қарастырылған. Оның ішінде Тараз қаласында 221 адам арнайы жасақталған жатын орындармен қамтамасыз етілген.

Пікір қалдырыңыз