Жаңа оқу жылы несімен ерекшеленбек?

«Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік беру – тұтас қоғам дамуының кепілі.
Бұл ұстаным, әсіресе, білім саласы үшін өте маңызды.
Шын мәнінде, білім беру мәселелері әрқайсымызды толғандырады.
Соңғы жылдары біз білім беру жүйесін дамытудың басты бағыттарын, жолдары мен негізгі көрсеткіштерін айқындадық.
Енді, нақты шешімдер қабылдауымыз керек».
(Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің
V отырысында сөйлеген сөзінен).
Енді үш күннен кейін еліміздегі барлық оқу орындары білім алушылар үшін есігін айқара ашпақ. Балабақшалар, мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындары дәстүрлі форматта оқытуды бастайды. Білім күні қарсаңында жаңа оқу жылының ерекшеліктеріне тоқталғанды жөн санап отырмыз.
Балабақша санынан проблема болмайды
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды 100 пайызға жеткізу межесі қойылған болатын. Түркістан облысы осы межеден шығуға әзір. Қазір өңіріміз бойынша мектепке дейінгі ұйымдар саны 1 427-ге жеткен. Тағы 4000 орын балабақша ашылатын болса, 100 пайыздық меже орындалмақ.
Мектепке дейінгі ұйымдарды құру, төлем құны мәселесін шешу бағытында жоспар түзілген. Бұл мәселелерді шешу үшін 26 млрд. теңге бөлінуі қажет екен. Бұл қаржы республикалық бюджет есебінен қаралмақ.
Өңіріміздегі барлық мектепке дейінгі ұйымдар «balabakshanation.kz» автоматтандырылған жүйесіне қосылған. Бұл жүйенің артықшылығы неде? Осы жүйе арқылы балаларды қабылдау, кезекке қою, жолдама беру секілді мемлекеттік қызметтер оңай шешіледі. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдардағы жемқорлықты азайтуға сеп болады.
Балалардың қауіпсіздігі де жолға қойылған. Облыстағы барлық мектепке дейінгі ұйым бейнебақылау жүйесіне қосылған.
«Әліппе» қайта оралды
Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде еліміздің білім және ғылым министрлігінде 13 министр ауысқан екен. Жыл сайын емес-ау, ай сайын реформа жасайтын министрлерді де көргенбіз. Ерлан Сағадиев білім және ғылым министрлігін тізгіндеп тұрған шақта талай ұрпақтың сауатын ашқан «Әліппе» мен «Ана тілі» пәнінен бас тарту ұсынылып, «Әліппенің» орнын «Сауат ашу» пәні алмастырған-ды. Енді араға 4-5 жыл салып «Әліппе» қайта оралатын болды.
Енді жаңа «Әліппенің» мазмұнына үңіліп көрейік. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың сөзіне сенсек, «Әліппені» дайындау жұмыстары жыл басында басталған екен. Жаңа «Әліппені» тексеру мақсатында пилоттық мектептер тізімі жасақталып, сол білім мекемелерінде сынақтан өткен.
«Әліппе» пәнінің оқу бағдарламасын талқылау мақсатында министрдің мақұлдауымен ғылыми-педагогикалық интеллигенция өкілдері, көрнекті қоғам қайраткерлерінен тұратын тұжырымдамалық кеңес құрылған. Аталған тұжырымдамалық кеңес мүшелерінің қатысуымен өткізілген онлайн кездесуде оқу бағдарламасының жобасы талқыланып, нәтижесінде оны А.Байтұрсынұлының әдістемесіне негіздей отырып әзірлеп, мамыр айының 30-ына дейін тапсыру туралы шешім қабылданған. Осыған сәйкес жұмыс тобы құрылып (Білім және ғылым министрлігі бекіткен тізімге сәйкес 18 адам), мамыр айының 5-19 күндері аралығында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен 10 отырыс өткізіліп, 25 мамырда Білім және ғылым министрлігіне бекітуге ұсынылды. Жұмыс тобының отырыстарында «Әліппені» оқытудың мақсаттары мен міндеттері, әріптерді үйрету реті анықталып, оқыту жүйесі А.Байтұрсынұлының әдістемесіне сәйкестендіріліп қайта жасалған екен.
– «Әліппе» оқулығының оқу бағдарламасы А.Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде әзірленді. Жалпы баланың сауатын ашу процесі үш кезеңнен тұрады. Соның алғашқысы – «Әліппеге» дейінгі кезең. Екіншісі – «Әліппе» кезеңі, соңғысы – «Әліппеден» кейінгі кезең. Алғашқы екі кезеңнің мақсат-міндеттері бойынша әліппе оқулығы, соңғы кезеңдегі мақсат-міндеттер негізінде «Ана тілі» оқулығы жазылады.
Ақиқатында әдістеме ешқашан ескірмейді, тек жылдар өткен сайын заманның талабына сай қайта жаңартылып, өңделіп отырады. Біз «Әліппе» пәнінің оқу бағдарламасын немесе кейін бағдарламаға негізделіп жазылатын оқулықты ұлт ұстазы көрсеткен әдістемеге сүйеніп жазамыз. Бірақ ондағы мазмұн, қор, тапсырмалар жинағы заманауи кейіпкерлермен, бүгінгінің балаларына түсінікті тілмен, терминдермен беріледі. Осының өзі оқушыларды қызықтырып, жаңа заман талаптарын қанағаттандыра алады.
Негізінде жылдар бойы қолданыста келе жатқан баланың сауатын ашуға арналған оқулықтарды жіті зерттеген адам А.Байтұрсынұлы әдістемесінің әрдайым «Әліппеге» негіз болып келе жатқанын түсінер еді. Мысалы, көп адам қарапайым ермексазбен жұмысты, яғни онымен әріптерді таңбалап үйрету әдісін жаңаша дүниедей, болмаса кейін пайда болғандай қабылдауы мүмкін. Алайда 1925 жылы шыққан А.Байтұрсынұлының әліппе оқулығында дәл солай «ермексазбен жұмыс» деп берілген. Көрдіңіз бе? Ұлт ұстазының әдістемесі «Әліппеге» биыл ғана негіз болғалы тұрған жоқ. Бұл әрқашан «Әліппе» авторларының жол көрсетер темірқазығындай болып келеді. Тағы бір мысал, «Тыңдалым, айтылым, жазылым дағдыларын дамыту ағылшын тілін үйретудің әдістемесінен алынды» деген жаңсақ пікірлер бар. Иә, атауынан солай ой түйетін шығар. Дегенмен А.Байтұрсынұлының «әңгімелесу» әдісі мұғалім мен оқушының арасындағы диалогта қолданылады. Өзіңіз ойлаңыз-шы, мұғалім сұрақ қойғанда немесе оқушы мен оқушы сөйлескенде бала тыңдайды ғой және жауап беру арқылы айту дағдысы қалыптаспай ма? – дейді «Әліппенің» авторы Азия Елеупанқызы.
Қауіпсіздік жіті бақылауда
Қазіргідей індет өршіп тұрған уақытта балаларын мектепке жіберуге үрейленіп отырған ата-аналар да жоқ емес. Алайда, Білім және ғылым министрлігі қауіпсіздік шараларының күшейтілгенін, алаңдауға негіз жоқ екенін айтуда. Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова сынып оқушыларын карантинге жіберу алгоритмін түсіндірді. Оның айтуынша, балалар бір кабинетте отырғандықтан, оларға қатысты «жақын контакт» түсінігі енгізіліпті.
– «Жақын контакт» ол сыныпта байланыста болған барша адамды білдіреді, яғни бір бала індет жұқтырса, онда сыныптағы оқушылардың барлығы 14 күнге карантинге кетеді. Бізде тұмау бойынша тиісті тәжірибе бар. Егер мектептің 20 пайызы індет жұқтырса, онда оқу орны карантинге жіберіледі. Қазіргі кезде осы қадамдарды пайдалануға тырысып отырмыз, - дейді ол.
«Екпе алмаған оқушылар мектепке кіргізілмейді» деген әңгіме де шындыққа жанаспайды. Мектепке кіру үшін екпе алуы міндетті адамдардың қатарына тек педагогтер мен сол мектептің өзге де қызметкерлері жатады. Білім және ғылым министрлігі мамандары таратқан мәліметке сенсек, еліміздегі барлық мұғалімдер вирусқа қарсы екпенің екі компонентін де қабылдаған.
Одан бөлек, еліміздегі барлық мектептерде арнайы бейнебақылау жүйесі орнатылады. Түркістан облысында 1 қыркүйекке дейін 400 мектепте бейнебақылау камералары іске қосылмақ. Жыл соңына дейін тағы 227 мектепке камера орнатылады.
– Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті аймақтағы 901 мектепке және аудандық, қалалық білім бөлімдеріне мониторинг жүргізді. Кешенді мониторингтің қорытындысы білім ұяларында жекелеген проблемалық мәселелердің бар екенін көрсетті. Мәселен, облыстағы 900 мектептің 800-ге жуығында медициналық кабинет бар. Алайда, оның 100-ден аса мектептегі медициналық кабинетке лицензия қосымшасы алынбаған. Сондай-ақ, 88 бастауыш және шағын жинақты бастауыш мектептерде медициналық кабинет жоқ, – дейді аймақтық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Құдайберген Шербаев.
Мониторинг қорытындысы жауапты мекемелерге жолданып, олқылықтардың орны толтырылмақ.
Айтпақшы, енді екі жылдан кейін облысымызда үш ауысымды мектептер болмайды. Қазір өңірімізде апатты жағдайда тұрған 6, үш ауысыммен оқытып жүрген 4 мектеп бар. 2021-2023 жылдарға арналған мектеп құрылысы жоспарына сәйкес бұл мектептердің барлық проблемасы шешілетін болады. Жаңа оқу жылының алғашқы күні 17 мектептің лентасы қиылмақ. Жыл соңына дейін тағы 27 мектеп оқушыларға есігін айқара ашады.
Ерболат Айнабеков, «Ońtústik Qazaqstan».