«Проблемалар тұрақты бақылауымда болады»

Облыстық мәслихат депутаты Темір Қырықбаев 1983 жылы Өзбекстан Республикасының Жызақ облысында дүниеге келген. 2004 жылы Астана қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университетін бітіріп, құқықтану-заңгер мамандығына ие болды. 2013 жылы Жетісай қаласындағы Сырдария университетінде оқып, қаржыгер-экономист мамандығын алды. 2006 жылы еңбек жолын «Абучина» ЖШС директорының орынбасары болып бастады. 2008 жылы құрылыс компаниясын ашты. Биыл 10 қаңтарда өткен сайлауда бағы жанып, депутат мандатына ие болған Темір Базарбайұлы «халық қалаулысы ең алдымен өңіріміздегі тұрғындардың әл-ауқатын, әлеуметтік жағдайын көтеруге атсалысу керек. Бұл – қазіргі заманның талабы» дейді.
– Темір Базарбайұлы, «Nur Otan» партиясының Жол картасында ауыл шаруашылығы саласын қолдау үшін 2025 жылға дейін айналымға тартылған ауыл шаруашылығы жерлерінің үлесін арттыру көрсетілген. Өңірде осы сала бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
– Біз халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын дамыту, сапалы тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету үшін Жетісай ауданының артықшылықтары мен әлеуетін пайдалануымыз керек. Соңғы жылдары ауданда ауыл шаруашылығы саласын жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмыс көп. Диқандар дала жұмыстарына озық технологияларды пайдалана отырып, көрші ағайындар сияқты бір алқаптан 2-3 рет өнім алу жобасын қолға алуда. Бүгінгі таңда ауданда жиырма бес түрлі дәнді дақыл мен бақша өнімдері өсірілуде, әрине, оның басым бөлігін мақта дақылдары құрайды. Дегенмен, аудан Өзбекстанмен шекаралас болғандықтан ағын су мәселесінде көршілерге тәуелді болып отырмыз. Жыл сайын жаз айында каналдардағы ағын су көлемі қысқарады. Бұл өз кезегінде диқандардың жұмысына үлкен кедергілер келтіруде. Сондықтан тамшылатып суару әдісіне көшуіміз керек. Тамшылатып суару бізге барлық жағынан тиімді. Ағын су көлемі тамшылатып суару барысында екі есеге дейін үнемделетін болады. Өнім дұрыс пісіп-жетілу үшін түрлі тыңайтқыштар мен дәрілер тамшылатып суарылатын сумен беріледі. Осы озық технологияларды пайдаланудың нәтижесінде өнімдердің барлығы біркелкі пісіп-жетілуде.
– Өзіңіз халық қалаулысы ретінде жұмысты неден бастадыңыз? Қандай тұрақты комиссияға мүше болдыңыз? Жетісай ауданында қандай өзекті проблемалар бар?
– Жетінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының мемлекеттік-құқықтық мәселелері және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесімін. «Nur Otan» партиясы атынан сайланғандықтан біз партияның сайлауалды бағдарламасын орындауға күш саламыз. Бағдарламада әлеуметтік қамтамасыз ету, білім, денсаулық, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес салаларын дамытуға басымдық берілген.
Жетісай ауданындағы күрделі проблемалардың бірі – К-30 каналы. Оған мемлекеттен 6 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінсе де құрылыс жұмыстары күні бүгінге дейін аяқталмаған. Осыған орай, биыл ақпан айының соңында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің
К-30 каналына жауапты мамандармен арнайы кездестім. Бүгінгі таңда тапсырыс беруші «Қазсушар» РМК мен мердігер мекеме «Kerneu Limited» ЖШС-і арасында сот процесі жүріп жатқандықтан бұл мәселе шешімін тапқан жоқ. Мәселе оңды шешілгенге дейін менің тұрақты бақылауымда болады.
Дүние жүзін жайлаған пандемия салдарынан еліміздегі барлық мектептердегі сабақтар онлайн режимде өтуде. Өкінішке қарай, Жетісай ауданы, Қазыбек би ауылдық округіне қарасты 2400 тұрғыны бар А.Оспанов елді мекенінде (бұрынғы Аманкелді) интернет жоқ. Осыған байланысты наурыз айының басында «Қазақтелеком» АҚ Оңтүстік өңірлік телекоммуникациясы басқармасының басшысына депутаттық сауал жолдадым. Бұл мәселе де тұрақты бақылауымда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша Жетісай қаласында
14 учаскелік полиция қызметкері 60 мың тұрғынның қоғамдық қауіпсіздігін қорғау үшін қызмет атқарып келеді. Қаладағы полиция жұмысын жандандыру мақсатында учаскелік полиция қызметкерлерінің санын арттырып, қызметтік және эвакуаторлық көліктермен қамтамасыз ету қажеттілігі туындап отыр. Қаладағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, жасалған қылмыстар мен жол жүру ережелерін бұзған азаматтарды ізін суытпай анықтау мақсатында қаладағы 4 негізгі көшеге бейнебақылау және Сергек камераларын орнату қажет. Осы мәселелерді көтере отырып, ағымдағы жылдың наурыз айында Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Қ.Дәлбековке депутаттық сауал жолдадым.
Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Р.Жолаевқа Жетісай ауданындағы «№19 Аманкелді атындағы ЖОМ» КММ ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу жөнінде депутаттық сауал жолдағанмын. Аталған басқарма Аманкелді атындағы «№19 ЖОМ» КММ ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуді 2023 жылға жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, Жетісай ауданында жер асты суының көктем айында көтерілуінен егін егу кешігіп жүргізілуде, бұл өз кезегінде шаруа қожалықтарының жұмысына үлкен кедергі келтіріп, отбасылық табыстарына кері әсерін тигізуде. Аудандағы 380 тік дренаж толыққанды жұмыс істемейді. Сондықтан бұл мәселемен аудан әкімдігі тікелей айналысып, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетімен бірлесіп жұмыс атқарулары тиіс.
– Қоғамдық қабылдауға тұрғындар көбіне қандай өтініштермен келеді?
– 8 сәуірде «Nur Otan» партиясы Жетісай аумақтық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде аудан тұрғындарымен жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткіздім. Аудан тұрғыны Есмаханбет Серікбаев 2020 жылы баласын Жетісай педагогикалық колледжіне оқуға түсірмекші болғанда осы колледждің бір қызметкері
қомақты ақша талап еткенін айта отырып, оны жұмыстан босатуға ықпал жасауымды сұрады. Бұл кісінің шағымымен Жетісай ауданының прокуратурасы тікелей айналысатын болды. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс, мәселенің ақ-қарасын енді солар айтады. Сондай-ақ, Жылысу ауылдық округіне қарасты Баққоныс елді мекенінің тұрғыны Құрбанкүл Досмұратова ауылындағы автомобиль жолының тозығы жеткенін, тік дренаждың істен шығуынан жер асты суының көтеріліп кеткенін айтып шағымданды. Б.Досмұратоваға «Nur Otan» партиясының бес жылдық сайлауалды бағдарламасында Жетісай ауданында 285 дренажды іске қосу жоспарланғаны түсіндірілді. Жол мәселесі бойынша биыл мамыр айынан бастап Баққоныс елді мекеніндегі Ы.Алтынсарин көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ал, Ералиев ауылдық округіне қарасты Үтіртөбе елді мекенінің тұрғыны Мұрат Мұсаев ауылында интернет жүйесі жұмыс істемей тұрғанын айтып, көмек сұрады. Өтініш иесі М.Мұсаевқа облыстық мәслихат депутаты ретінде «Қазақтелеком» АҚ Түркістан облыстық филиалының басшысына арнайы депутаттық сауал жолдағанымды айта келе, мәселенің тұрақты бақылауда болатынын ескерттім. Мұнан бөлек, Оразкүл Тоқмырзаева баласын мүгедектікке шығару үшін көмек сұраған болатын, бұл мәселені аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары өз бақылауына алып, заң аясында көмек көрсететінін жеткізді. Көп балалы ана Бағила Медетова мен Айым Исырайлова тұрмыстық жағдайларына орай материалдық көмек сұрады. Өтініш иелерінің уәждерін тыңдаған аудан әкімдігінің жауапты бөлім басшылары заң аясында көмек көрсететін болып шешті. Қорыта айтқанда, қабылдауға келген әрбір аудан тұрғындарының өтініштері толық шешімін тапқанға дейін менің бақылауымда болады.
– Халық қалаулысының алдағы жоспары, мақсат-міндеттері қандай?
– Карантин кезінде халық тұтынатын тауарлардың, азық-түліктердің, медициналық құрал-жабдықтардың, дәрі-дәрмектердің, жанар-жағармайдың бағалары жиі-жиі өсуде. Сондықтан елімізде шағын және орта бизнесті дамыту қажет. Осыған орай аудан әкімдігімен бірлесе отырып, жеке инвестициялардың есебінен жаңадан өңдеу кәсіпорындарын ашуды жоспарлап отырмыз. Келер жылы Жетісай ауданында тәулігіне 30 тонна макарон шығаратын цех ашу, 2023 жылы
47,75 гектар аумаққа (Жетісай қаласында 20,6 гектар, Қазыбек би ауылында
12,25 гектар, Талаптыда 14,9 гектар) индустриалды аймақ құру, жылына 5 мың тонна май шығаратын цехты қайта жаңғырту арқылы іске қосу көзделуде.
«Агробизнес – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданда мақта дақылдарынан алынатын шикізаттарды өңдеп, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаратын шағын зауыттар мен фабрикалардың іске қосылуына ықпал жасамақпын. Шитті мақта өндірушілерді уақтылы субсидиялау мақсатында басым дақылдарды субсидиялау туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қағидасына ұсыныстар енгізуге күш саламын. Аудандағы құнарлы жерлердің дұрыс пайдалануына және елімізді бақша өнімдерімен қамтамасыз етуге мемлекеттен жеңілдетілген несиелер алуларына көмек көрсету де басты кредом. Сонымен қатар, Жетісай аумағындағы республикалық меншіктегі
380 тік дренаж ұңғымаларды қайта қалпына келтіру үшін нақты жұмыстар жүргізілетін болады.
Жетісай ауданында жастарды дұрыс бағытта тәрбиелеу үшін соңғы үлгідегі заманауи спорттық кешен салуға облыстық бюджеттен қаржы бөлуге жұмыс істейміз.
– Өзіңіз басқаратын құрылыс компаниясының жұмысымен таныстырып өтсеңіз.
– «Таймас Company» ЖШС-і 2008 жылы тамыз айында Астана қаласында құрылған. Мемлекет тарапынан құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін ІІ дәрежелі құрылыс лицензиясы берілді. Осы 12 жылдың ішінде 31 нысанда құрылыс жұмыстарын жүргіздік. Оның ішінде Астана қалалық прокуратурасы ғимаратын күрделі жөндеуден өткіздік. Осындай нәтижелі жұмыстардың арқасында Астана қаласының Есіл аудандық прокуратурасының және Астана қаласы әкімшілік сотының ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізіп бердік. Негізі біздің мекемеміз аудандарда жаңа мектеп салумен қатар көгалдандыру жұмыстарын да атқарып келеді. Сонымен қатар, өңіріміздегі көптеген елді мекендерге табиғи газ құбырларын тарттық. 2019 жылы Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай кезінде қаладағы зардап шеккен тұрғындардың үйлерін күрделі жөндеуден өткізуге және жаңадан тұрғын үй салып беруге үлес қостық. Былтыр Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдай кезінде «Nur Otan» партиясының қолдауымен «Birgemiz» республикалық қоғамдық қорынан бөлінген қаржыға
32 тұрғын үй салып бердік.
– Ашық сұхбатыңыз үшін көп-көп рахмет!
Сұхбаттасқан Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».