Өмір, саған айтарым бар...



Серік Қарсақпаев – ауыл шаруашылығы саласының маманы. Оның сала жетістіктерін сөз еткен, проблемаларын көтерген мақалалары «Оңтүстік Қазақстан» газетінің оқырмандарына жақсы таныс. Даналықтың ауылына бет бұрғандығынан шығар, «Оңтүстіктің» белсенді авторы таяуда өмір-ғұмырдан сыр шертетін бір тың дүниені қолға алыпты. Автордың сөз саптауынан текті мен тексіздің парқын, ақиқаттың өлшемін, жақсылық пен жамандықтың салмағын айқын аңғарасыз һәм баға бересіз. Абыз аталарымыз айтқан даналық сөздерден тамыр тартқан шығарма бүгінгідей құндылықтар ауысып жатқан заманда көпшілікке ой салар деген үміттеміз.

Редакция.

Өмір ғажайып жұмбақтарға толы. Асылдан жасықтың да туатыны, қарадан да хан шығатын кез болады. Дегенмен, текті тұқымнан, шарапаты мол шаңырақтан шыққан ұлдың да, қыздың да осал болмайтыны, оның ең болмағанда алған тәлім-тәрбиесінің өзгелерден көш ілгері тұратыны – талас туғызбас ақиқат.
«Жаратушы тектіні күн нұрынан жаратып, аузына ақ құяды, тексізді топырақтан жаратып, басына бақ қондырады» дейді дана бабаларымыз. Тексіз өзіне-өзі келіп, болдым-толдым деп, өзін Аллаға сыңар санайды. «Менің қасымда мыналарың кім?» деп кесір-кесапаттыққа барады.
Сол кезде тексіздің басына қонған бақ оны тастап, «Шындықтың түбі шыңырау құдықтың түбінде болса да барам» деп тектіге келеді екен. Бақ көшпелі дейтіні сондықтан. 
Д.Қонаев атамыздың: 
«Қанмен дарығанды қасиеттемесең қадірің болмайды. 
Жақсылықты көре білген кісі жамандық атаулыға төзгісіз болады. 
Жақсылықты көре білу бар да, оны айтып жүру, үлгі ете білу бар» деген аталы сөзінің түп-төркіні текті тұқымнан шыққан Құдайдың құлдарына ғана тән қасиет болса керек.
Қазақ халқының қадір-қасиетін, табиғи болмысын – өткен өмір жолына терең үңіліп, түгел зерттеген ғылым да, ғалым да жоқ.  Көреген елдің ұлылығын ұрпақтар санасына құйып, сөздің киесіне тоқтап, оның иесін танып, сезіну қанымызда бар ерекшелік.
Сөз киесі сауды құлатып, саңырауды сілкіндіріп, соқырды жылатады. Асан қайғы атамыздың «Көктен биік көкіректі бір-ақ уыс топырақ өшіреді» дегені, Марал Абыз Ишанның «Ажал жолдан адасқанға ұрынбайды, бар болып тұрып берерден шатасқанды жұлымдайды» деген сөздерін бүгінгі жас буын оқып, байыбына жете түсініп жатса, нұр үстіне нұр емес пе! Осындай сөз киесін көңіліне тоқып өскен қазақтың  боз өкпе баласы – қария, бұрымдысы тасыған дария секілді болады. 
 «Ақиқатты айттым алқындым, 
                              от пенен суға шарпылдым.
Сөзіме құлақ салмадың, 
                         түсінбедің дүние жалғанын.
Алауыздықтан танбадың, 
                                    жақсыларды жалмадың
Ашылғанын сезбей артыңның.
Ендеше, тағдыры халқымның, қолында кетер әркімнің» деп Асан қайғы ата халықтың алдағы уақыттағы тағдыры тегінде түк көрмеген тексіздердің қолында кетпесе екен деген күйзеліс білдіреді.
«Ұлы көш жоғалады, көсемінен сөз болмаса,
Өсиет те, қасиет те қажиды, тектілерден жол болмаса.
Тектілік те жоғалады, тектіміз дейтін ел болмаса» дейтін аталы сөздің мағынасы да адамдарды адалдыққа, тазалыққа, адамгершілікке, имандылыққа шақырады.
Қазақ ойшылдары діни еңбектерінде «Имандыда ұят бар, Көпшілікке жаққан жан. Басына жанған шырақ бар, Фәни тұрмақ бақида мінетұғын пырақ бар. Ешкімнің хақын жемеңдер, артында оның сұрақ бар!» дейді. Ханның да, қараның да, байдың да, жарлының да Жаратушының алдында жауапты екенімізді данагөй ойшылдарымыз бір ауыз сөзбен осылай жеткізе білген.
Шәкәрім атамыз: «Ұзақ өмір не берер, көрген, білген болмаса. Жатқан надан не білер, көңілге сәуле толмаса» деп ой толғайды.
Алла Тағаланың берген өмірі алты мүшел жастың 72 жасын өмір сүрудемін. Шыр етіп дүниеге келгеннен осы уақыт аралығында кісіге қиянат-зәбірлік, арамдық-қулық, қатыгездік сияқты тағы басқа да теріс қылықтар жасамаған сияқтымын. «Өткен іс бізге мүшкіл, өзіңе аян. Тау-тасты әмір қылсаң, күл қыласың. Қараңғы қара тұман басса-дағы, нұр беріп түнді раушан күн қыласың» дегендей, әрбір жанның жүріп өткен жолы, істеген дұрыс-теріс қылықтары Аллаға анық, аян нәрсе. 
Ауылымызда бастауыш мектеп қана болғандықтан, мен 5-сыныптан бастап кісінің үйінде жүріп, басқа ауылдарда оқыдым. Өз үйің емес, біреудің үйінде жүрудің қиындықтарын көп адам біле бермейді. Қоржында тұрған нанды үй иесінің бірі алып бермесе, өздігіңнен алып жей алмайсың. Себебі ұят болады деген ұғым тоқтам салады. Көзің қарауытып, аш өзегің шұрқырап тұрғанда «ұят» деген ұлы сөз, ұлы ұғым менің де қолымды біреудің қоржын-қалтасында тұрған құрт-майына салдырмапты.
Мектепті өте жақсы бітіріп, жоғары оқу орнын аяқтап, шаруашылық жұмыстарына араластық. Кеңшардың бөлімшесінен бастап, орталықта аға зоотехник, бас зоотехник, директордың міндетін атқарушы болып қызмет атқардым. Қолымда билік тұрғанда Жаратқан ием теріс тірліктерге жібермепті. 
Алғабас ауданы, «Бөген» кеңшары, Мыңбұлақ бөлімшесінде қызмет атқарып жүргенде Сарымбетов Байділдә деген шопан малдың есебінен жаңылысып, елу бес тоқты жоқ деп дүрбелең басталған. Мен Шымкентте ет комбинатында мал тапсырып жатқан болатынмын. Бөлімшеге келген соң құжаттарды  түгелдеп, малдың есебін анықтадым. Мал түгел. «Сіз болмағанда бұлар мені күйдіретін еді» деп, қойыңыз дегенге қарамай өзінің жекеменшік жалғыз ешкісін сойып тастады. «Осыны жемей кетпейсіздер» дейді. Бұрынырақ, осы кеңшардың «Бестоғай» бөлімшесінде малды сұрыптау кезінде малдың есебінен жаңылыстырып, шопан жауапкершілікке тартылған екен.
Бас зоотехник болып жүргенде Қайнарбұлақ бөлімшесінде Қанқожаев Алпамыс қария бір отар саулық бақты. Бес рет төлдеген соң, малды ет комбинатына өткізу керек. Қария «тағы бір төлдетейін, тоқты кезінен баққан малым ғой» деп қимады. Жасы үлкен қарияға біз де болмайды дей алмадық. Алтыншы рет төлдейтін кәрі саулықтың көрсеткіші төмен болатындықтан отарға қосымша (лимиттен тыс) жем бергізгендіктен жоспарға ілінді. Төл алынды, жүн қырқылып, мал жайылымға шықты. Ай сайын мал саналады. Мал санауға комиссия болып келгенбіз, «сендер үйге кіре беріңдер, Серік сен бері жүр» деп Алпамыс қария мені қолтығымнан ұстап, қораға беттеді. «Сен осы тірліктерді атам ұялып қалмасын деп істеп жүрсің ғой. Мынаны ал» деп байлаулы тұрған қара дөненді көрсетті...
Бұл әңгіме менің есімнен шығып та кетіпті. Күзде малдың қысқа дайындығын көруге келгенде, Алпамыс ата мені тағы да қораға әкелді. Қара дөнен байлаулы тұр. «Мен жасым келген адаммын. Ауыздан шыққан ләбізді жұтуға болмайды. Мынаны ал!» деді. «Ата, қолды беріңіз, сіз шын пейіл, таза ниетпен беріп отырсыз. Сіз бердім деңіз, мен алдым дейін» деп атаны бетінен сүйіп, батасын алып, жылқыны өзіне қалдырдым. Маған ол кісіден алған бір қарадан батасын алғаным дұрыс болды деп ойлаймын. Өмірден өткенше ата-бала болып, сыйласып өттік. Менің жыртық жерімді Жаратқанның өзі жамасын деген ой болды. Бір құдіретті күш қарияның бір қарасын алдыртпады.
Өткен өмір жолдарымды ойланып, ойға алып отырсам, Жаратқан Аллаға сансыз тәуба, сансыз тоба, сансыз шүкіршілік етемін.
1987 жыл мен үшін үлкен бір сынақ жылы болды.
Кеңшар директоры Айтымбет Ералиевтің денсаулығына байланысты ол кісінің міндетін 
6 ай атқардым. Кейбір адамдардың екіжүзді екендігін, сатқын болатындығын мен осы кезде көрдім. Ауырып жатқанда әр аптаның жұма күндері түс мезгіліне дейін жанында отырдым. «Менен кейін кеңшар анандай болды, мынандай болды демесін. Ешкімге сенбе, мал түгел болсын» деп, өзі қиналып жатса да ар-намысты ойлап, қайталаумен жатты. «Айтеке! Маған сеніңіз. Мал түгел болады, бәрі дұрыс болады» деп отырдым. Ол кісі дүниеден өткен соң, бір ауыз артық сөз болған жоқ. 87000 қой, 830 жылқы, 350 түйе санақтан түгел өтті.
А.Ералиевтің ауырып жатып, айтқан сөзі маған аманаттай болып, сол аманатты арқалап алып қалып, аман тапсырғаным Жаратқанның мейірім-шапағаты ғой деп ойлаймын.
Аманатқа қиянат жүрмейді. Аманат серті – ауыр. Аманатты алған соң, ол орындалуы керек.
1987 жылы қазан айында кеңшарға жаңа басшы келді. Араласып сіз-біздесіп жүрген кеңшар мамандарының көбі өзгеріп шыға келді. «Осы елдің азаматтары ғой, жұмыс істейді ғой» деп арасында қолдағандарым да бар.
Директордың міндетін атқарумен қатар өз жұмысым, бас мал дәрігердің міндеті, яғни 
3 адамның жұмысын істеуге тура келді. Сондай қарбалас уақытта біресе ет комбинатында, Тараздағы «ПОШ» жүн фабрикасында жүргенімді пайдаланған ұры-қарылар кеңшардың малы емес, жекеменшік жылқы ішінде жүрген 15 (он бес) жылқымды ұрлап кетті.
Облыстық ішкі істер басқармасына (Т.Дуабеков) арнайы жеделхат жолдап, хабар бергенімнен ешқандай нәтиже шығара алмадым. Жылқышы бірден, ойламаған жерден қайтыс болғандықтан, бір адамға бір ауыз қатты сөз айтпаппын. «Бала-шағамның садақасы» деген сөзбен шектеліппін. Жылқышының әйелі Өмірбекқызы Орынкүл апай елден көшіп бара жатқанымда берген дәмнің үстінде «Қарағым-ай! Өзіңнің жекеменшік адал малдарың еді ғой. Жетім бала, жесір қатынның есігін тоқпақтап не қылам дедің бе? Бір ауыз сөз айтпай кетіп бара жатырсың ғой. Құдай, бұдан жаман болмассың!» деп көзінің жасын сүртті. 
«Сенің үйіңді қара тұтып отырушы едім. Сен де көшіп барасың ба?» деген Айтымбет Ералиевтің үйіндегі Әтір апаның сөзін естіп, көз жасын көрдім. Жасы үлкен кісінің Айтымбет болмаса да, Серік бар ғой деп маған арқа сүйеп отыратынын сонда түсіндім. Күні бүгінге дейін сол елге барып дүниеден озғандарға дұға бағыштап, үлкендеріне сәлем беріп шығамын.
Осыдан біршама жыл бұрын бір барғанымда Нұрбеков Рысмахан деген кісінің жеті күндік асына қатыстым. Құран оқып, орнымыздан тұрар кезде жасы үлкен Ақжан көкенің: «Серік! Сен сияқты бұл жерде талай жігіт қызмет істеп кеткен. Бірде-біреуі артына ат ізін салмай кетті. Сені көріп, есітіп жүрмін. Осы елдің өлісін өлідей, тірісін тірідей түгендеп жүресің ғой. Осы елдің бір баласымын деп есептейді екенсің ғой. Құдай, бұдан жаман болмассың» деген таза ниет, шын ықылас-пейілімен айтқан сөзі әлі есімде.
Кеңшардың мал-мүлкін аман-есен тапсырып, 1989 жылдың басында облыстық ипподромға қызметке келдім. Ипподромда басшылық қызмет атқарып жүрген кезім. 1992 жылы сәуір айының 12-ші жұлдызы күні төрт жылдың үстінде тағдыр тәлкегінен аман өткен Асанбай Асқаров ипподромға келді. Бұл кездесу жөнінде Асекеңнің 
90 жылдығына орай 2012 жылы «Оңтүстік Қазақстан» мен «Егемен Қазақстан»  газеттерінде естелігім жарияланды.
Асанбай Асқаровтың «қай ауылдың баласысың?» деген сұрағына: «Асеке, мен Жуалының баласымын» деп жауап бердім. «Ой, айналайын! Сен менің өз балам екенсің ғой. Айналайын! Айналайын!» деп оң жауырынымнан үш мәрте қағып құшақтады.
Төрт жыл бойы азап көріп, қиналып келген адамның жүрегіне бір тамшыдай нәр берген Жаратқан құдіреттің менің аузыма салған «Жуалының баласымын» деген бір ауыз сөздің құдіретіне не айтарсыз?!
Жастайымнан Алла бейнет берді, қартайғанда зейнет берді. Кісіге жақсы болсын деген ниет, пейілмен атаның қанымен, ананың сүтімен беріліп келе жатқан  қасиеттен өзімді, балаларымды, ұрпақтарымды, Жаратқан Алла, арылта көрме деп тілеймін.
Аттарын атап айтпай-ақ қояйын, көптеген кісілерге жұмысқа орналасуына жәрдем беріппін. Бірақ, қол ұшын берген сол адамдардың біразының сәлем бермейтіндері де бар. Той-томалақ, өлім-жітімге есіткен жерден қалған емеспін. Адамнан қайтпаса да , Алладан қайтсын. Өзім өскен ортада, ағайын-туыс, құда-жекжат, әріптестер, қайын-жұрт алдында арым таза, еңсем биік, бетім ашық, жүзім жарық деп ойлаймын.
Жасымда бейнет, қартайғанда зейнет көруім, кісі көңілін қалдырмай, тура жолмен жүруім Жаратқан Алланың сыйы деп ойлаймын.
Тіршілікте табалаймын дегендер, кемсітіп сөйлеймін дегендер, істеген жақсылық ісіңді айтпай, кемшілігіңді іздейтіндер, қызғаныш деген қызыл иттің соңыңнан қалмайтыны бар, бір ауыз жылы сөз айтпайтындар да кездеспей қалған жоқ. Кездесті.
Ф.Оңғарсынова апамыз: 
«Төзу керек, бәріне төзім керек,
Жаныңды қажап, өзіңді өзің жебеп,
Ақты қара, қараны ақ дейтіндерге, 
Жүректе қыжыл, көзіңде кек, 
Жұдырық ала салып жүгіргенмен, 
Тас құдыққа түсесің өзің кенет.
Ақтығыңды кешпейді ешкім саған,
Сабыр керек, сабырсыз ешбір сараң,
Шатқалына шындықтың шығам десең,
Шыдам керек, шыдау керек, 
Шыдамға келсе шамаң» деп дүниеден өтті.
Өмірде жақсылыққа – жамандық, ізгілікке – зұлымдық, адалдыққа – арамдық жасалып жатады. Өмір – қайшылықтарға толы. 
Тіршілікте кейбір пенделердің осындай теріс жақтарына қапаланғанмен, ренжігенмен, налығанмен ешнәрсе өнбейді.
Жаратқан Алланың бір мейірім шапағатына ешнәрсе жетпейді. 

Серік ҚАРСАҚПАЕВ, 
зейнеткер, еңбек ардагері.

Пікір қалдырыңыз