Балалар ұлттық мультфильмдерді неге көрмейді?

Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Енді аз уақыттан кейін жаңа оқу жылы басталады. Құрбым екеуміз балаларымыздың оқуға керек-жарағын алу үшін кеңсе заттарын сататын дүкенге бармақ болдық. Жолда ол «мектеп жасына жетпеген балам таңертең ұйқыдан тұрған бойда ең алдымен теледидарды қосады. Ұйқысын ашқанша біраз уақыт сондағы дүниелерді тамашалайды. «Балапан» арнасы арқылы тарихымызды танытатын неше түрлі анимациялық фильмдер беріледі. Мен оған қуанамын. Өзім де қызыға көремін. Алайда, осы кезде басқа арнада «Маша мен аю» болып жатса, ұлым пультті қолына алады да қашықтықтан оп-оңай арнаны ауыстыра салады.

Бұдан бөлек, ресейлік балалар телеарналарында «Бинг», «Синий трактор» секілді балаларға арналған дүниелер өте көп. Елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты балам біраз уақыт балабақшаға бармады. Тәрбиешілерімен түске дейін онлайн режимінде байланыс орнатып, тапсырмаларын орындап, тақпақтарын жаттайды. Одан кейін бос уақытында интернеттен балаларға арналған неше түрлі орысша дүниелерді тамашалайды. Бала нені көрсе, бойына соны сіңіреді ғой. Қорқа бастадым. «Жағдайымыз осылай екен, орыс тіліндегі дүниелерді тамашалай берсін» деп отыра беруді жөн көрмедім. Сөйттім де, ана тілімізде жазылған балаларға арналған отандық туындыларды сатып алдым. «Алдар көсенің» бірнеше сериясын қойып бердім. Болмады. Қазақ ертегілерін аздап қызықтап отырды. Қысқасы, бүгінгі балалардың талғамының өзгеше екенін

аңғардым» деді. Мен де ойланып қалдым. Перзенттерімнің жанымызға, ұлттық болмысымызға жақын дүниелерді сүйсініп тамашалап отырғанын көп байқай бермейді екенмін. Неге? Бұған, әрине, бүлдіршіндерімізді кінәлай алмаспыз. Тіпті, бар ғой, керек десеңіз кешегі біз тапжылмай отырып көретін «Менің атым – Қожа» фильмі де оларды еліктіріп әкетпейді-ау...

Ұрпақ тәрбиелеу жолында кемшін түсіп тұрған осы бір тұсымызды қайтсек түзей аламыз? Әйтпесе, қазақ жазба әдебиетінің небір жауһарлары жетіп артылады емес пе?! Заман талабына, балалардың талғамына сай соларды «ойнатып» бере алмай отырғанымыз қынжылтады. Өзіміздің салғырттығымыз бен жалқаулығымыздан ғой мұның бәрі. Содан шетелдің қызықтырып көз тартқанымен, ішкі мазмұны мәнсіз туындысымақтарына бас қоюға мәжбүрміз.

Не істеу керек? Бұл сауалды ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық поэзия академиясының академигі, балалар әдебиетін қолдау кеңесінің төрағасы, «QUNDAQ» ҚҚ директоры Ербол Бейілханға қойған едік.

– Жалпы, біздің мектептер осыдан 30 жыл бұрын ұлттық тәрбие негізіне көшу керек еді. Өкінішке қарай, ұлт зиялылары осыны қаншама айтқанымен, әлемдік стандарт деп бұл жүйеге көшпедік. Соның салдарынан жастарымыздың патриоттық сезімі кемшін. Елдің бәрі қазір бай болғысы келеді, кәсіпкер болғысы келеді. Шетелге көшкісі келеді. Ұлттық тәрбие кембағал болып қалды. Мұның барлығы әдеп-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміздің баланың санасына толық жетпегендігінен деп ойлаймын. Бүгінде қазақша мультфильмдер, анимациялық дүниелер өте сапасыз, жоққа тән. Бұған дейінгі 10 жылмен салыстырғанда баршылық деп айтатын шығармыз. Бірақ, қазіргі заман балалары оны көре ме, көрмей ме?.. Біз әлі күнге шетелдің «Маша мен аюын» көріп келе жатырмыз.

Меніңше, қазақ балаларына «Ертегілер елі» деген үлкен ойын-сауық орталығы қажет. Бұл енді әрбір облыста болса артық етпейді. Сол ойын-сауық орталықтарында қарадомалақтарымыз ойнайтын, ойнап жүріп ойлайтын болады. Онда Ер Төстік, Қобыланды батыр, Алпамыс батыр және олардың мінген тұлпарлары – Тайбурыл, Байшұбар секілді кішкентай бүлдіршіндер ойнайтын ертегі кейіпкерлерінің ойыншықтары болуы керек.

Мысалы, шетелдің «Барбиімен» балалар қашанғы ойнайды? Өзіміздің Қозы Көрпеш – Баян Сұлуымыз, Қыз Жібегіміз, Ақжүністеріміздің бейнесіндегі арнайы қуыршақтар жасалса. Мұны жасау мемлекет үшін түк те қиын емес деп ойлаймын. Сондықтан осындай орталық құрылса деген ұсынысым бар. Бұл ұсыныс министрлікке де жолданған еді».

Расында да, бала мектепке бармас бұрын қолына кітап емес, ойыншық алады. Сондықтан біз қазақ ертегілеріндегі кейіпкерлерді алдымен оларға ойыншық арқылы таныстыруымыз керек. Сонда ғана жеткіншектеріміз телеарнадан қазақ аниматорларының қолынын шыққан туындыларды тамашалап, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіретін болады. Және олардың нарықтағы бағасы да қолжетімді болғаны абзал.

Орайы келгенде айта кетелік, бізде балаларға арналған гимн де жоқ. Өзіміз балабақшада айтып өскен, осыдан кемі сексен, тоқсан жыл бұрын шыққан «Әрқашан күн сөнбесін!» әнін балаларымызға қазір де жаттатып жүрміз.

1 пікір

  • Ұлттымның болашағына алаңдаушы
    Ұлттымның болашағына алаңдаушы

    Өте орынды айтады. Ұлтыңды сақтағың келсе, бесігіңді түзе! Үкімет қашан ұлттың болашағын ойлайды? Шындап іске кіріспесе, ендігі он жылда осылай кете берсе, ауылдың өзінде қазақ мектептерінде бала азайып, "орыссыз орыс мектептері' көбеюде. Ұлттық құндылықты сақтау керек,- деп құр ұрандатудың уақыты өтті. Ата - ана тілін түсінбей, талай бала мәңгүрттеніп, я қазақ емес, я қазақ емес, емес болып жүрген көп. Интернеттен шетелдік мультфильмдер қарайды баланың бәрі. Қазақ мультфильмі қашан жанданады?

Пікір қалдырыңыз