Сандық технология сапаны көтереді

Қазақстанда ұлттық халық санағы он жылда бір рет өткізіледі. Соңғы халық санағы 2009 жылы өткен болатын. Бастапқыда ұлттық санақ 2020 жылға жоспарланған еді, кейін пандемияға байланысты бір жылға шегерілді. Биыл 29 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңестің отырысында қазан айында халық санағын жүргізуді, ал, 2022 жылдың ортасына қарай түпкілікті деректерді жариялауды тапсырған болатын. Сонымен, биыл 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында үшінші жалпыұлттық халық санағы өтеді. Санақ «Қазақстанда әркім маңызды! В Казахстане каждый важен!» ұраны аясында ұйымдастырылмақ.

 2021 жылдың Ұлттық санағының басты жаңалығы – санақты өткізу процесін автоматтандыру және оған заманауи сандық технологияларды енгізу. Яғни биылғы халық санағы дәстүрлі және онлайн форматта өтеді. 1 қыркүйектен бастап egov.kz электронды үкімет платформасында sanaq.gov.kz сайтының қосымша парағы орналастырылады, ол арқылы электронды цифрлы қолтаңбаны (ЭЦҚ) қолданып, санаққа қатысуға болады. Мұнда қазақстандықтар 15 қазанға дейін онлайн-режимде санаққа қатысты барлық сұрақтарға жауап бере алады.  Жүйе тәулігіне 24 сағат қолжетімді болады, респонденттер санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы уақытты таңдай алады. Одан басқа, «Aitu» мобильді қосымшасы арқылы санақтан өтуге болады. Ал, дәстүрлі ұлттық санақ онлайн-режимде санақтан өтпеген тұрғындар үшін 1-30 қазан аралығында өтеді. Интервьюерлер үй аралау кезінде электронды планшеттерді пайдаланады. «Бұл санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН-ін енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңселік құралдарды айтарлықтай үнемдеуге, сондай-ақ, интервьюерлер үшін қолайлылық пен олардың жинақылығын арттыруға мүмкіндік береді» дейді мамандар.

2021 жылдың желтоқсанында халықтың жалпы саны бойынша жедел деректер дайындалады, 2022 жылы алдын-ала қорытындылар жарияланса, 2023 жылы халық санағының соңғы қорытындысы шығады. 2018-2023 жылдарға арналған ұлттық халық санағын қаржыландырудың қажетті көлемі 8,2 миллиард теңгені құрайды. Халық санағы кезінде бір адамға 430 теңге немесе 1,02 доллар жұмсалады. Мысалы, 2009 жылғы санақ кезінде бұл сома 2,9 долларды құрады. Ұлттық бюро халық санағына жұмсалатын шығындардың төмендеуін цифрлық технологиялардың енгізілуімен және санақ процесінің автоматтандырылуымен байланыстырып отыр.

«2021 жылдың ұлттық санағын жүргізу кезінде Қазақстан азаматтарына барлығы 87 сұрақ қойылады. Санақ парақтарындағы сұрақтар тізбесі айтарлықтай ұлғайтылған. Мұнда барлығы 67 сұрақ және оған қосымша 20 нақтылаушы сұрақтар кірістірілген. Сұрақтардың аясын кеңейтуге еуропалық санақшылардың 2020 жылғы тұрғын үй қорын және тұрғындар санағын жүргізу жөніндегі ұсыныстары мен ТМД Мемлекетаралық статистикалық комитеттің әдістемелік материалдары негіз болды» делінген Ұлттық статистика бюросының хабарламасында.

Түркістан облысында 50 нұсқаушылық учаске құрылған. Ұлттық санаққа дайындық және оны өткізу жөніндегі нұсқаушылармен (уәкіл 126 адам) еңбек келісімшарты жасалған. Сондай-ақ, нұсқаушы-бақылаушылармен, интервьюерлермен ақылы қызмет көрсету келісімшарты жасалды. 522 адамнан тұратын барлық қызметкерлер (126 уәкілетті, 50 нұсқаушы-бақылаушы, 346 интервьюер) тәжірибелік оқу-жаттығудан және одан кейін статистика департаментінің базасында тестілеуден өткен. Интервьюер ретінде басқа қызмет түрлерінен босатылған барлық ниет білдірушілер ерікті негізде қабылданған. «Қазіргі уақытта барлық санақ қызметкерлері толықтай орынжайлармен, компьютерлермен, жиһазбен қамтылған. Компьютерлер мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік орталығына (МО БКО) қосылған. Әрбір қызметкер жеке қорғаныс құралдарымен қамтылған. Қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру мәселесі шешілген. Әрбір нұсқаушылық учаскеге учаскелік полиция инспекторы бекітілді» делінген ведомство хабарламасында. Алдын-ала мәліметтер бойынша Түркістан облысында интервьюерлер 370 423 тұрғын және адамдар тұруы мүмкін тұрғын емес орынжайларды аралауға міндетті. Санақ жүргізу кезінде интервьюерлерде көк түсті сөмке, шарф және куәлік болады.

 

Саясат бөлімі.

Пікір қалдырыңыз