Медициналық оңалту – ауыл тұрғындары үшін де қолжетімді

Медициналық оңалтудың науқас денсаулығын қалпына келтіруде атқаратын рөлі зор. Медициналық оңалту жарақат алған немесе созылмалы аурумен ауырып тұрған пациенттің күнделікті өмірге оралып, қалыпты тіршілігін кешіп кетуіне мол септігін тигізеді. Бұрын көпшілік жағдайда ақылы түрде көрсетілетін медициналық оңалту бүгінде сақтандырылған азаматтар үшін қолжетімді болып отыр. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Асхат Бейсенбаев газет тілшісіне осы мәселе жайлы әңгімелеп берді.

– Асхат Асанұлы, биыл медициналық оңалтуға қанша қаражат бөлінді?

– Оңалту қызметін қаржыландыру деңгейі 2020 жылмен салыстырғанда биыл 1,6  есеге  артып, 5 млрд. 583 млн. теңгені құрады.

Осы жылдың 6 айында Қор оңалту қызметі үшін 2,839  млрд. теңге төледі.

Аймақтық тұрғыдан алып қарағанда, қызметтің басым бөлігі  аудан, қалалардағы  ауруханаларда  көрсетілген.

2021 жылдың басынан бері күндізгі және тәуліктік стационарларда 15 296 пациент реабилитациялық ем қабылдаған. Амбулаториялық деңгейде 5 948 оңалту қызметі көрсетілді. Айта кетерлігі, Жетісай аудандық ауруханасында 21 орынға арналған оңалту орталығы жұмыс істеуде. Орталықта невропатолог дәрігерлер М.Байболов пен К.Өтепов қалтқысыз қызмет көрсетеді. Медициналық оңалту орталығында өткен жылы 129 науқас емделіп, мемлекет тарапынан 40 млн. теңгеге жуық ақы төленді. Ал, 189 науқасқа түрлі емдік шаралар көрсетілді. Жұмсалған қаржы көлемі 16,8 млн. теңгені құрады.

– Өңіріміз бойынша қанша медициналық оңалту орталығы қызмет көрсетуде?

– Медициналық сақтандыру қоры халық үшін оңалтудың қолжетімділігін арттыру бағытында жан-жақты жұмыс істеуде. 2019 жылы бұл қызметті 9 медициналық ұйым көрсетсе, былтыр олардың саны 48-ге жетті. Ал, биыл облыс бойынша 50 ұйым медициналық оңалту қызметін көрсетуге тапсырыс алды. Бұл тізімге емхана, аурухана, жекеменшік медициналық орталық, оңалту және спорттық-оңалту кешені, оңалту-шипажай кешені, медициналық-әлеуметтік мекеме, қоғамдық қорлар, емдеу-сауықтыру кешені, шипажайлар енген. Жеткізуші компаниялардың тізімімен Қордың fms.kz ресми сайты арқылы танысуға болады («Байланыс ақпарат» – «Клиника таңдау»).

– Оңалтудан қандай санаттағы науқастар өтеді?

– Реабилитация бойынша негізгі немесе созылмалы ауруды емдеу қажет болғанда; қатты ауырсынудан; хирургиялық операциялардан және жарақат алғаннан кейін; сырқат салдарынан адамның қимыл-қозғалысы шектелген жағдайларда өтуге болады.

– Медициналық оңалту қай кезде тегін көрсетіледі?

– Қалпына келтіру шараларын ақысыз негізде өтуге болады:

– тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде – негізгі ауруды, сондай-ақ туберкулезбен ауыратындарды емдеу кезінде;

– міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде (МӘМС) – аурулар мен проблемалардың халықаралық жіктемесі бойынша аурулар тізбесіне сәйкес (https://mkb-10.com/).

– Пациент бұрын-соңды  оңалтудан өтпеген болса, ем-шараны алу тәртібі қалай болады?

– Ең алдымен тұрғылықты жеріндегі емханадағы емдеуші дәрігер реабилитологқа немесе мультидисциплинарлық топ мамандарына жүгінеді. Олар аурудың пайда болуы мен күшеюі, сырқаттың денсаулық жағдайына байланысты мәліметтерді ескере отырып, оңалтуға деген қажеттілікті айқындайды. Бастапқы реабилитациялық диагнозды қойып, пациент денсаулығын қалпына келтіру жоспарын, курстың мерзімін, т.б. анықтайды. Егер кешенді тексеру нәтижесінде реабилитация тиімді деп табылса, пациент оны амбулаторияда, стационарда, стационарды алмастыратын емдеу мекемесінде, үйде немесе санаторий-курорттарда өте алады. Жоспарлы түрде ем қабылдайтын пациент стационарға «Ауруханаға жатқызу бюросы» порталы арқылы жатқызылады.

– Оңалтудан бас тартуға қандай жағдайлар себеп болуы мүмкін?

– Оңалтудан бас тартуға көп қан кету, дене қызуының көтерілуі және ұзақ уақыт бойы қалыпты жағдайдан асып кетуі, өткір жұқпалы аурулар, өткір остеомиелит, көктамыр тромбозы, жүрек қызметінің жеткіліксіз мөлшерде болуы, эпилепсия талмасы ұстаған кезде, қатерлі ісік, туберкулез, қант диабеті, тиреотоксикоз, бауыр қызметінің тапшылығы, ІІІ деңгейлі ұйқы безі тапшылығы, адамның көңіл-күйі мен мінезінде ауытқулар тудыратын психикалық аурулар, іріңді және жұқпалы тері аурулары, 2-3-дәрежелі анемия, 3-дәрежелі дистрофия сынды аурулар себеп болуы мүмкін.

Оңалту пациенттің өз өтініші бойынша тоқтатылуы мүмкін. Сонымен қатар, емдік шаралардан кейін сырқаттың жағдайы нашарлаған жағдайда немесе негізгі, қосалқы аурулары күшейіп кеткен жағдайда дәрігер ем-шараны тоқтату туралы шешім қабылдайды.

– Медициналық оңалту қанша  кезеңге бөлінеді?

– Бірінші кезең ауруы асқынып тұрған науқастарға, хирургиялық операция жасатқан, жарақат алған адамдарға арналған. Ол стационарлардың құрылымдық бөлімшелерінде жүргізіледі. Егер ауруханаға жатқызу қажет болмаса, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін және негізгі ауру емделіп болған жағдайда пациент оңалтудың екінші немесе үшінші кезеңіне жіберіледі.

Оңалтудың екінші кезеңі мамандандырылған бөлімшелерде немесе республикалық денсаулық сақтау ұйымдары, мамандандырылған оңалту орталықтары мен көпбейінді стационарлар базасында өтеді. Бұл кезең ауру басталған сәттен бастап тоғыз ай ішінде жүргізілуі қажет. Курстың ұзақтығы мен жиілігі нозологияға, науқастың денсаулық жағдайына тағы да басқа факторларға байланысты болмақ.

Үшінші кезеңде медициналық оңалту емхана-амбулатория деңгейінде, күндізгі және тәулік бойғы стационарларда, оңалту орталықтарында, санаторийлер мен шипажайларда, үйдегі стационар жағдайында, сондай-ақ, қашықтықтан да жүргізіледі. Курстың жиілігі мен ұзақтығы пациенттің денсаулығына қарай белгіленеді. Оңалтудан алынған нәтиже міндетті түрде ескерілуі тиіс.

– Коронавирустан жазылғаннан кейін оңалтудан өтуге бола ма?

– Коронавирустық инфекциямен немесе орташа, ауыр және аса ауыр деңгейдегі пневмониямен ауырған қазақстандықтар оңалтудан медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен өте алады. Медициналық оңалтуға жолдама реабилитолог маман мен аурухананың (емхананың) мультидисциплинарлық командасының қорытындысы арқылы беріледі.

Реабилитация қажеттігін бағамдау барысында мынадай көрсеткіштер: тыныс алу органдарының қызметі (сатурация деңгейі, КТ/рентгенографиядағы өзгерістер), күнделікті өмірге қабілеті (Бартел индексі) тексеріледі.

Естеріңізге сала кетсек, пациенттер құқығын қорғау мәселесі бойынша Қордың Qoldau24/7 мобильді қосымшасы, 1406 бірыңғай байланыс нөмірі немесе fms.kz ресми сайты арқылы шағымдануға болады. Келіп түскен арыз-шағымдар міндетті түрде қаралады.

 

Сұхбаттасқан:

    С.Мәтқалиұлы.

Пікір қалдырыңыз