«Қазір айтылған сөз айтылған жерде қалады»

Айтыскер ақын Айбек Қалиев көрерменнің патша көңілінің төрінен орын алған санаулы таланттардың бірі. Айтыс дейтін ұлы өнерді саясатқа да, бизнеске де айналдырмай, рухани құндылық ретінде насихаттап келе жатқан ол талай додаларда топ жарды. Елдің, ұлттың проблемасын тартынбай жырлайтын ол сөйте тұра «сахнада кез келген қарсыласымнан тартынамын» дейді «Оңтүстік Қазақстанға» берген сұхбатында.

– Кезінде ақындар хандардың өзін бір ауыз сөзбен тоқтатқан екен. Бүгінгінің ақынында соншалықты бедел бар ма?

– Ол тыңдаушыға байланысты. Ақындардың жасы да, жасамысы да әр айтыста елдің мәселесін көтереді. Өкінішке қарай, соны тыңдайтын құлақ бола бермейді. Кешегі Кеңес заманында айтыс ақындары көтерген мәселелер билік тарапынан зерттеліп, артынша шешімін тауып жататын. Қазір ондай жоқ, айтылған сөз айтылған жерде қалады. Кейбір шенеунік ағаларымыз айтқаныңды жақтырмайды. Десек те, кейде айтысты қарайтын, өнерге жанашыр ағаларымыз қолынан келгенінше көмектесуге тырысады. Жүрсін ағамыздың бір сұхбатында айтқаны бар еді, Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тұрғанда ақындар Абай ауданының жолын жырға қосады. Сол мәселені Бердібек Сапарбаев жеке қадағалауына алып, проблема шешімін тапқан. Бірақ, ондай қуанышты жағдайлар өте сирек болады.

– Сондай жағдайлардан кейін айтысты тастап кеткіңіз келетін кездер болмай ма?

– Ондай сәттер болады. Бірақ, айтыс тастап кететін темекі, ішпей кететін арақ емес қой. Менің сахнада жүргеніме отыз жылға жуықтап қалды. Бірде Жүрсін ағамызға «бізден кейінгі жастар өсіп жетілді. Енді біздің жүргеніміз ыңғайсыз, осымен қойсам қайтеді?» дегенім бар. Сонда Жүкең «айтысқа, жас ақындарға бас-көз болып сен, Бекарыс жүрмесе, кім қалады?» деген соң, қайтадан көшке ілестік. Онсыз да дүбірге елеңдеп, сахнаны қимай жүрген адамбыз, қашайын деген киікке тәйт деген соң не жорық?! Солай келе жатырмыз.

– Сізді ақын ретінде қандай мәселе ерекше толғандырады?

– Ақын ретінде қазақтың барлық мәселесі толғандырады. Әсіресе, Солтүстік Қазақстанның жағдайы өте қиын. Ол жақтағы қаракөз бауырларымыз 37-ақ пайыз. Көршіміз Ресейдің ойында не барын бір Құдай біледі. Өздерімен бауырлас Украинаның Қырымын референдум өткізіп, өздеріне қаратып алғанын білесіз. Құдай сақтасын, сол жағдай біздің солтүстік өңірімізде қайталанса, 37 пайыз қаракөзіміз қауқар көрсете ала ма? Қызылжар – Ресей үшін стратегиялық аймақ. Қызылжардан өтетін теміржолдың бір желісі Ресейді Қиыр Шығыспен байланыстырады. Орыстарды Қиыр Шығыспен байланыстыратын басқа жол жоқ. Айнымалы саясат теріс бағыт алып кетсе, өте қиын боларын іш сезеді... Сондықтан оңтүстіктен солтүстікке бағытталған көштің қарқынын үдету керек. Қаратаудың басынан жаңа мақсаттағы көштің легі түзілу керек сияқты. Бұл түбінде атамекенімізден айрылып қалмау үшін керек. Оңтүстік – қазақтың өсіп-өнген өлкесі. Әр қазақ отбасы бір баласына енші беріп, солтүстікке орналастырса, жақсы болар еді деген ойым бар.

– Түзде көп жүресіздер, бұл отбасы тірлігіне қалай әсер етеді?

– Қалқаман Сарин досымның бір әзілі бар. «Мен үйге келсем әйелім маған бір, сағатына бір қарайды. Айбек үйіне келсе, әйелі Айбекке бір, календарьға бір қарайды» дейді. Расында, түзде көп жүреміз, бірақ, ол отбасымның тыныштығына әсер ете қоймайды. Келіншегім оңтүстіктің тәрбиесін алған, мені түсінетін, қолдайтын жан болғандықтан да еркін жүреміз.

– Жеңістердің бәрі есте қалатыны анық. Ал, «әттеген-ай» деп жеңілген кездеріңіз есіңізде ме?

– Әрине. Жүрсін ағамыздың айтысына ең алғаш рет қатысқан кезімде Оразалы марқұм тас-талқанымды шығарған. Бекарыстан да ұтылған кездерім болды. Бірақ, ол жеңілістің барлығы жеңіске бергісіз жеңілістер еді. Әр айтыс өз алдына бір сабақ, оңашада ой жүгіртіп, қателігімді, кемшілігімді безбенге саламын. Оразалы, Бекарыс секілді азулы ақындармен сайысқа түсудің өзі бір ғанибет, өмір мектебі.

– Соңғы сұрақ болсын, бүгінгідей қиындау кезеңде ақындардың әлеуметтік-материалдық жағдайы қалай болып жатыр?

– Өзімді айтсам, жұрттың алдына да шығып кеткен жерім жоқ, соңында да қалған жоқпын. Аллаға шүкір, орташа жағдайым бар. Мұсылманның «Ей, Алла, басқаларға садақа бере алатындай дәулет бер» дейтін тілегі бар екен. Сол айтқандай, аса жарылқап тастамасақ та, садақа бере алатын жағдайым бар, оған да шүкір.

– Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Пернебай САПАР,
«Ońtústik Qazaqstan».

Пікір қалдырыңыз