230 үміткер тіркелді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттілігі жөнінде бастама көтерген болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында ағымдағы жылдың 25 шілдесі күні ауыл әкімдерін сайлаудың алғашқы кезеңі өтеді.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 181 ауыл округі бар. Ауыл әкімдерін сайлау 63 ауыл округінің 264 сайлау учаскесінде өткізілетін болады.

Алдағы 25 шілдеде алдымен 60 ауыл округінің тұрғындары өз таңдауларын жасайтын болады. Бүгінгі күнге дейін 230 ауыл әкімдігіне үміткер азаматтар тіркеліп үлгерді. Оның 76-сы тіркелген саяси партиялардың ұсынған үміткерлері болса, 154-і өз-өзін ұсынған азаматтар.

Саяси партиялар мен жеке азаматтардың өзін-өзі ұсынуы бойынша үміткерлердің тіркелуі 14 шілдеге дейін жалғасады.

Бұл туралы Түркістан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев баяндады.

Пікір қалдырыңыз