«Жасыл аймақта» жүруіміздің өзін елеулі еңбектің жемісі деуге болады»

Адам жанының арашашысы саналатын ақ халатты абзал жандардың жұмысы қай кезде де оңай болған емес. Әсіресе, коронавирус атты індет әлемді әбігерге салып, ел жаппай аман қалудың амалын ойлап кеткен соңғы бір жылдан бері бұл сала қызметкерлеріне артылар жүктің салмағы еселене түсті. Қарбаласқа толы саланың тыныс-тіршілігін қаламға арқау ету мақсатында «Облыстық клиникалық ауруханасы» МКК-ның бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты, қоғамдық денсаулық сақтау мамандығы бойынша денсаулық сақтау магистрі, білікті басшы Елдос Сұлтановты сөзге тартқан едік.

– Елдос Едігеұлы, бүгінгі сәті түскен сұхбатымызды өзіңіз басшылық етіп отырған аурухананың тыныс-тіршілігін таныстырудан бастасақ...

– Бұл аурухана тек облыс көлемінде ғана емес, еліміз бойынша да іргелі мекемелердің бірі саналады. Өйткені, мұндай үлкен аурухана көп емес. Мұнда 900 төсек-орын, елуге жуық бөлімше бар. Оның жиырма жетісі клиникалық бөлімше болса, қалғандары параклиникалық бөлімшелер. Тағы бір айта кететін жайт, бұл аурухананың өзіндік ұзақ жылғы емдеу жүйесі қалыптасқан. Іргесі қаланғанына таяуда 155 жыл толады. Әрине, бастапқыда кішігірім бөлімшеден басталып, қазіргі таңда екі мыңға жуық қызметкері бар үлкен ұжымға айналды. Аурухана ұжымының қол жеткізген табыстары ұшан-теңіз. Атап айтқанда, диагностикалау тәсілдері, емдеу әдістері, басқа да күрделі оталарды жасау жұмыстары соңғы жылдары зор қарқынмен дамыды деуге болады.

– Коронавирус пандемиясы көптеген елдер үшін үлкен сынақ болды. Бұл біздің елімізге де ауыртпалығымен келді. Әлемді дүрліктіргеніне бір жылдан асты, бірақ, әлі де тоқтайтын емес. Осы сынақтан сүрінбей өту үшін адамдар нені ескеруі керек?

– Иә, өзіңіз айтып отырғандай, бұл індеттің ауыртпалығы аз болған жоқ. Көптеген адамдардың ажалына себеп болды. Басқасын айтпағанда, осында жұмыс істеп жүрген бірнеше дәрігер, орта буын медбикелер де COVID-тің құрбанына айналды. Әрине, өте ауыр қасірет! Ауырмау үшін не істеу керек дегенге келсек, әу бастан айтылып келе жатыр, бірінші сақтану керек. Сақтану дегеніміз – ең бірінші тазалық, тәртіп, адамдар көп шоғырланатын жерге бармау, бетперде тағып жүру, ауырған жағдайда дер кезінде дәрігерді үйге шақыру... Жалпы, бұл талаптарды әр кезде есте сақтау керек. 

– Жыл өткен сайын ел дамып келеді. Елмен бірге медицина саласы да дамып келеді. Бұрынғымен салыстырғанда жұмыс біршама жеңілдеді ме?

– Иә, медицина дамып жатыр, алайда, аурудың түрлері де көбейген. Науқасты неғұрлым терең тексерген сайын, соғұрлым күрделіленіп барады. Мысалы, бұрындары онкологиялық аурудан ажал құшатындар көп еді. Қазір заманауи аппараттардың арқасында оның алдын алуға мүмкіндік бар.

– Қазіргі таңда адамдарды көбіне қандай ауру мазалайды?

– Статистика бойынша алғы шепте қан-тамыр аурулары тұр. Қант диабеті де қауіпті аурулар қатарында. Гинекологиялық аурулар да қауіпті саналады. Түрлі дене жарақатымен келетіндердің де қатары артқан екен. Қазір техника көп, соған байланысты шығар, жол-көлік оқиғалары да жиіледі. Одан бөлек құрылыс саласы қарқын алған соң ол жерде де белгілі бір деңгейде адамдардың жарақат алуына жол беріліп жатады. Ота арқылы өтіндегі тасты алдыратындардың да қатары артқан. Бұрын соқырішек алда тұратын, қазір қан қысымы, қант диабеті сияқты аурулар алға шықты. Есесіне, туберкулез азайған.

– Жүрек-қан тамыры ауруларымен көбіне өзін күтпейтіндер, шамадан тыс семіз адамдар ауыратын көрінеді. Жалпы, шамадан тыс семіру аурушаңдыққа алып барады деген түсінік бар. Бұл мәселе біздің бүгінгі қоғамда да өзекті болып тұр.

– Иә, жаңа айтқан қант диабеті де, жүрек-қан тамырлары аурулары да негізінен семіздіктен болады. Бауыр ауруы, ұйқы безінің бұзылуы, аяқ бұлшық еттеріне ауыртпалық түскеннен артроз, артрит аурулары, бәрі осы семіздіктен шығады. Қазір дүниежүзілік практикада «бариядирио» деген термин пайда болды. Бұл семіздікпен куресу, артық салмақтан арылу дегенді білдіреді. Мұндай ота қазір өркениетті елдермен бірге біздің Қазақстанда да жасалады. Оның ішінде біздің ауруханада да жасалып жатыр. Адамның салмағы мен бойын өлшеу арқылы индускифиялық ота жасалынады. Яғни денені кеспей, тесу арқылы аппаратты кіргізіп, асқазанның көлемін кішірейту және тамақтың сіңімділігін азайту. Нәтижесінде науқас бір жылда 40-50 келіге дейін салмақ тастайды. Бұл ота біздің хирургия бөлімінде жасалады, онымен медицина ғылымдарының кандидаты, білікті дәрігер Жеңіс Райымжанұлы айналысады. Жалпы, артық салмақтан арылу үшін әрекет жасау керек. Оның жолы, салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, спортпен айналысу... Салмағыңыз онда да түспесе, біздің хирургия бөліміне келіп ота жасатуына болады. 

– Өңірдегі медицинаның жай-күйін жақсы білетін мамансыз. Қазір қандай мамандарға сұраныс жоғары?

– Маман тапшылығы тек біздің Түркістан облысында емес, бүкіл Қазақстан бойынша бар. Жақсы маман жетіспейтінін жоққа шығармаймыз. Әсіресе, реаниматолог, педиатрлар, невролог және микрохирург мамандарға сұраныс жоғары. Бірақ, ешкім жақсы маманын бермейді. Сол үшін оларды өзіміз даярлауымыз керек. Даярлағанда, медицина саласы бойынша білім алып жүрген студенттер арасынан болашақ мамандарды танып, одан әрі білімін жетілдіріп дегендей... Қазір барлық ауруханалар заманауи техникалармен жабдықталған. Онымен жұмыс істейтін мамандардың да біліктілігін арттырудамыз. Осы жерде айта кетсем артық болмайтын шығар, байқаған болсаңыз, кешегі, бүгінгі карантин кезінде біздің облыс «жасыл аймақта» болды. Бұл, біріншіден, адамдардың сақтық шараларына сергек қарағандығынан болса, екіншіден, медицина саласының жұмысын көрсетеді. Бұл – облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимовтан бастап барлық әріптестеріміздің еңбегінің жемісі десек артық емес. Яғни «жасыл аймақта» жүруіміздің өзі біз үшін үлкен жетістік деуге болады. Бірақ, бұған тоқмейілсімей, алдағы уақытта жұмысты бұдан да ширата түсетін боламыз.

– Дәрігер болғысы келетін жастар нені ескеруі керек?

– Ең алдымен өз кәсібін шексіз сүйе білуі керек. Мен ойлаймын, әркімнің өз жүрек қалауы болады. Ешкімді мәжбүрлеп дәрігер ете алмайсың. Және нағыз дәрігер қанша қиын болса да бұл саланы тастап кетпейді. Мен бұл жұмысыма қосымша Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында сабақ беремін. Сонда байқағаным, көптеген жастар медициналық білім алады да, бітірген соң басқа салаға кетіп қалып жатады.

– Бұл салада жүргеніңізге біраз жыл болды. Шәкірттеріңіз бар ма?

– Өзіміз де талай ұстаздың алдын көрдік, енді соларды кейінгі жастарға үйретуіміз керек. Біраз шәкірттерім басшылық қызметте жүр. Біразы осы облыстық ауруханада жұмыс істейді. Шетелге кеткендері де бар, бірақ, әліге дейін хабарласып, хал-жағдай сұрасып тұрамыз.

– Отбасыңызда бұл саланы таңдағандар бар ма?

– Қарындасым осы саланың маманы. Жұбайым да дәрігер, гинеколог. Үш ұл тәрбиелеп отырмыз. Бірақ, олар басқа саланы таңдады. Оларға «неге олай?» деген жоқпыз, әркімнің өз жүрек қалауы болуы керек.

– Өмірлік ұстанымыңыз...

– Адам таза, шыншыл, мейірімді болу керек. Әкем үлкен қызметтер атқарды, анам бала тәрбиесінде болды. Өзіміз қазақи ортада, қариясы – қазынасы бар отбасында тәрбиелендік. Жастайымыздан бізге еңбектен қашпауды үйретті, одан жаман болған жоқпыз.

– Егер дәрігер болмағаныңызда қандай мамандықты таңдаған болар едіңіз?

– Дәрігер болмағанымда... Әскери қызметкер ме, әлде заңгер ме болатын шығармын. Жаңа айтып өттім, жастайымыздан бізді ата-анамыз өжет болуға, тәртіпті жүруге үйретті. Бірақ, әркімнің өзінің жүрек қалауы болады, біздің қалауымыз осы сала болған екен, ол үшін тағдырыма ризамын. Халыққа қызмет етудің өзін үлкен бақыт деп білемін.

 

Сұхбаттасқан
Аман ЖАЙЫМБЕТОВ,
«Ońtústik Qazaqstan».

Пікір қалдырыңыз