1996 жыл: Тек бес телеарна ғана қазақ тілінде хабарлар дайындаған...

Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы ең басты жетістігі – бейбітшілік пен тұрақтылық. Еліміз қаншама ауыртпашылықтарды басынан өткергеніне қарамастан, бірлік пен татулықтың ордасына айналды.

Сонымен, 1996 жылы да елімізде елеулі-елеулі оқиғалар көп болды. Бір сөзбен айтқанда, елдің тәуелсіз дамуында 1996 жылдың еншісіндегі оқиғалардың өзі бір төбе. Атап айтқанда, 19 ақпанда ҚР Сыртқы істер министрінің бұйрығымен ҚР Сыртқы істер министрлігі алқасы құрылды. ҚР СІМ алқасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы кеңестік орган болып табылады.

26 сәуірде алғашқы Шанхай келісімі жүргізіліп, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы құрылды. Бұл келісімге Ресей, Қытай, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан қатысты. Мұнда шекараны бұзбау, бейтарап аймақтық қашықтықты 100 шақырымға дейін жеткізу сияқты өзекті мәселелер қаралды. Қазақстан үшін бұл құжаттың маңызы аса зор болатын. Осы жылдан бастап өзара сенім және ынтымақтастық принципінде Қазақстанның Қытаймен өзара қарым-қатынастарының жаңа кезеңі басталды.

25 мамырда Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасында Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа, сонымен қатар Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану тәртібі туралы келісімге қол қойылды.

23 тамыз күні Алматыда Орталық Азия Одағына қатысушы мемлекеттер басшыларының кездесуі болды. Кездесу барысында 1996-1998 жылдарға арналған Біртұтас экономикалық кеңістік құру бойынша іс-шара бағдарламасы бекітілді, қатысушы мемлекеттер шекаралық аумақтарында арнайы экономикалық аймақ құру туралы шешім қабылдады;

10 қыркүйекте ҚР Үкіметі қаулысымен ҚР Сыртқы істер министрлігінің Жоғарғы дипломатиялық мектебі (Дипломатиялық академия) құрылды.

Қыркүйектің соңында Қазақстан БҰҰ-ға мүше 129 елдің қатарында ядролық қаруды таратпау жөнінде шартқа қол қойды. 1994-1996 жылдардағы ядролық қарусыздану саласындағы белсенді іс-әрекетінің арқасында Қазақстан 1996 жылы бақылаушы мәртебесіне ие болды.

Ал, 11-12 қарашада Түркіменстанда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі жағалаудағы бес мемлекеттің сыртқы істер министрлерінің бірінші кеңесі өтті.

16 желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан тәуелсіздігіне бес жыл толуына байланысты «Тәуелсіздік монументі» ашылды.

Дегенмен, ...тәуелсіздіктің бесінші жылындағы статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, бұл жылы да еліміздегі ішкі жағдайдың, әсіресе, әлеуметтік қамтудың онша жақсара қоймағанын байқаймыз. Инвестициялық дағдарыс Қазақстанда инвестициялық қызметтiң дереу тоқталуымен белең алды. 1991-1996 жылдар аралығында негiзгi капиталға тартылған инвестицияның жалпы көлемi 10 есе кемiдi. Осылайша елiмiзге инвестиция ағымы азаюымен қатар экономикалық өсу де дағдарысқа ұшырады. Елде өндіріс саласы құлдырап, кәсіпорындардың көпшілігі банкротқа ұшырап жатты. Сондай-ақ, Кеңестер Одағынан қалған өндіріс құрал-жабдықтарының жаппай тозуы басталды. Осының салдарынан жұмыссыздық күннен-күнге өсе бастады.

Жалақы айлар бойы берілмеді, күнкөріс төмендеді. Өтпелі кезең халықты қажыта түсті. Әйтсе де, бұқара келешектен күдер үзбеді. Экономиканың тығырықтан шығатынына, қолға алынған реформалардың нәтиже беретініне үміттенді. Статистика бойынша 1996 жылғы қаңтардың 1-інен бастап ІІ разрядты мектеп мұғалімінің тарифтік ставкасы – 2255 теңге, мектеп жасына дейінгі мекемелер тәрбиешісінің ставкасы – 2101 теңге, ІІ санаттағы дәрігердің ставкасы – 2420 теңге, санатсыз медбикенің ставкасы  1573 теңге болыпты. 1996 жылы елімізде 12 мың шағын кәсіпорын, 18,7 мың жекеменшік кәсіпорын, 2 мыңнан астам кооператив жұмыс істеген екен. Ал, осы жылдың 1 ақпанында Зейнетақы қорының зейнеткерлерге қарызы 4,7 млрд. теңгені құраған. Республикада кәсіпорындар мен ұйымдардың 70 пайызы жалақы төлеуді кешіктіруінің салдарынан жалақы жөніндегі жалпы қарыз 31,5 млрд. теңгеге жеткен. Республикада жалпы білім беретін 8368 мектеп жұмыс істесе, оның 3328-і қазақ тілінде, 2484-і орыс тілінде сабақ жүргізді. 92 мектепте сабақ неміс, ұйғыр, корей және басқа тілдерде өткізілді. Осы жылы елімізде 66 жоғары оқу орны жұмыс істесе, мұндағы студенттердің тек 20 пайызы ғана қазақ тілінде оқытылды. Сонымен қатар, республикада басылатын 1227 газет-журналдың 275-і қазақ тілінде, 497-сі орыс тілінде, 412-сі екі тілде жарық көрген. Ал, 200-ден астам телерадио ұйымдарының тек бесеуінде ғана қазақ тілінде хабарлар дайындалыпты.

Әйтсе де, бұл бес жылда әлем қауымдастығындағы жаңа мүше – тәуелсіз Қазақстан әлемге танылып үлгерді. Қазақстанды 117 мемлекет таныды, 105 елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнады, 26 ел Қазақстанда өздерінің елшіліктерін ашса, 40 мемлекетте Қазақстанның елшіліктері мен өкілдіктері жұмыс істей бастады. Осы уақытта шетелдермен, халықаралық ұйымдармен 800-ден астам келісімшарттарға қол қойылды.

1996 жылы Қазақстандағы ішкі жағдай осылай болса, халықаралық аренада Қазақстанға қатысы бар шаралар да бірінен соң бірі өтіп жатты. Тәуелсіздіктің бесінші жылы Мемлекет басшысының шетелдерге сапары жалғасып, халықаралық ықпалдастықтың алғашқы баспалдақтары қалана бастады. Экономикалық ынтымақтастықтар негізінде ел Президенті Үндістан, АҚШ, Малайзия, Сингапур, Австралия елдеріне сапар шегіп, олардың бәрі де дерлік сәтті өтті.

Елімізде 1996 жыл – суырыпсалма ақын Жамбыл Жабаевтың жылы деп аталды. Жамбыл – әрі эпик, әрі айтыс ақыны, абыз жырау. Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенеді. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы атанды. Жамбылдың мерейтойына орай Алматыда өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Жәкең сынды алыпты терең ұғыну үшін өткен жылы ғана 150 жылдығы тойланып өткен халқымыздың кемеңгер ойшылы Абай дәуіріне тағы да көз салып, тіпті одан арғы замандарды да зерделеу қажет. Өйткені, Абай жаңа қалып пен соны пішін, жаңа мазмұн мен ізденімпаз, өршіл рух арқылы қазақ жазба әдебиетінің негізін қаласа, Жамбыл сан ғасырлық суырыпсалма ақындық өнердің, жыраулық дәстүрдің көшін осы заманға жеткізген және небір тарихи өзгерістерді сол үрдістен алшақ кетпей-ақ жырлаған заңғар құбылыс екені мәлім. Олай болса, Жамбыл туралы айтылар сөз мәдени-рухани өміріміздің, саяси-әлеуметтік тарихымыздың ең бір көкейкесті арналарымен ұласып жатуы заңды» деді.

Саясат бөлімі.

 

 

Пікір қалдырыңыз