Жаңа жедел жәрдем орталығы ашылды

Шымкентте жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған жедел жәрдем стансасының симуляциялық орталығы ашылды. Жаңадан ашылған орталықта жедел жәрдем қызметкерлеріне алғашқы медициналық және адам өміріне қауіп төнген жағдайларда шұғыл көмек көрсету бойынша кәсіби біліктіліктерін арттыру үшін практикалық тұрғыда дәріс өтіледі.

Бұл үшін орталықта кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясына арналған көп функциялы оқу манекені, тыныс алу жолдарының функционалды бақылау тренажері, көктамыр ішіне енгізуге арналған жаттығу жастықшасы, автоматты сыртқы дефибриллятор сынды 50 түрлі оқыту құрылғысы бар.

Медицина мамандарын оқытуға арналған жабдықтар автоматты түрде жұмыс істейді. Яғни практикалық тұрғыда жедел көмек көрсету барысындағы маманның дұрыс әрі бұрыс әрекетін құрылғы арнайы түстер арқылы бағалап, бағыт-бағдар беріп отырады.

Сондай-ақ, жедел жәрдем стансасына төрт орындық санитарлық көлік берілді. Заманауи жабдықталған автомобильде өкпені жасанды желдету аппараты, дефибриллятор және кардиостимулятор, реанимация сөмкесі, күйікке қарсы құрылғылар сынды жедел көмек көрсетуге арналған құрал-жабдықтардың барлығы бар.

Айта кетейік, қаладағы жедел жәрдем стансасы жанынан ашылған симуляциялық орталық – еліміздегі жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған жалғыз мекеме.

 

 

Пікір қалдырыңыз