Жер төресі – ТҮЛКІБАС

Тамылжыған табиғатымен сұлулыққа малынып тұрған Түлкібас өңірі соңғы жылдары ерекше қарқынмен дамып келеді. Әсіресе, аудан орталығының келбеті күн сайын жаңарып, көркіне көрік қосуда. Мұнда таяуда ғана арбат бой көтеріп, саябақтар ине-жіптен жаңа шыққандай болып жаңарды.
ӨЗІМІЗДІҢ АРБАТ...
Міне, ымырт үйіріле отбасымызбен орталықта серуендеп жүрміз. Үлкен құс, қолшатырлар бейнесіндегі түрлі-түсті жарықшамдар арбатты ерекше реңкке бөлеген. Қыдырыстап жүрген ел жапа-тармағай суретке түсуде. Әсіресе, айбарлы тау бейнесіндегі «Менің Түлкібасым» архитектуралық кешені алыстан көз тартады. Барлық маңдайшаларға Түлкібас ауданының логотипі басылған. Орындықтардың арқалығының өзіне «Түлкібас» деп ойылып жазылған. Бұл көріністердің барлығы түлкібастықтарға патриоттық жігер беріп тұрғандай. Жиектерге әсем гүлдер егіліпті. Тербелмелі әткеншектерде жастардың әңгіме шертіп, сыңғырлай күліп отырғаны қандай жарасымды! Қос құрбы телефон арқылы шалғайдағы таныстарына «өзіміздің арбат, Түлкібастың арбаты бұл» деп қуана айтып жатыр.
«Арбат 16 сотық жерді алып жатыр. Бұл аумақта 2 субұрқақ, 8 тербелмелі үлкен әткеншек, сапалы орындықтар қойылған. Арбат аумағы сәнді темір шарбақтармен қоршалған. Көпшілік аялдайтын орындардың төбесі жабылған. Мәдениет үйімен жапсарлас жатқан орталық саябақ 2,5118 гектар жерді алып жатыр. Саябаққа түнгі жарықшамдар орнатылды. Екі жерге балалар ойнайтын аттракциондар және жалпы көпшілікке арналған спорттық алаңша (воркаут) қойылды. Саябақ ішінде талшын, емен, қарағай, ерен, үйеңкі, шырша ағаштары отырғызылған. 2009 жылы осы демалыс аумағындағы ағаштардың 80%-ы қайта егілді. Былтыр саябақтағы базарға баратын жолдың бойынан да балалардың ойын алаңшалары іске қосылған. Территориямызға бизнес нысандарын ашуға ниетті жандар аз емес. Кәсіпкерлермен бірігіп жұмыс істеудеміз. Яғни балмұздақ, сусындар, түрлі тәтті, жылы-жұмсақтар, тағы да басқа балаларды қызықтыратын бұйымдар сататын орындар, өзге де сауда нүктелері ашылмақ. Арбаттың маңына батут орналастырылды. Оң жақ қапталда дәмхана, бассейн ашылмақ. Мұның барлығы тұрғындар үшін демалыс. Ал, кәсіп иелері үшін жаңа жұмыс көздері және табыс» дейді аудандық «Мәдениет үйі» ММҚК директорының орынбасары Ерболат Көшенов.
Мәдениет үйі жанындағы орталық саябақ күндіз де, кешқұрым да адамдардан арылмайды. Бұрын саябаққа келушілер қатары аз еді. Бүгінгі жағдай мүлде басқаша. Алаңшаларда тұрғындардың қауіпсіздік жағдайы да қамтамасыз етілген. Саябақ іші жасыл желекке көмкерілген. Дәмді тағамдарымен көпшілікке танылған «Жастар» кафесі де осы Мәдениет үйінің аумағында. Саябақта ауданның бренді саналатын алма бейнесіндегі субұрқақ орнатылған. Осындай жақсы демалыс аумағын ұйымдастырғаны үшін аудан әкімі Нұрлан Байғұтқа, аудандағы сәулет және құрылыспен айналысатын мамандарға, шаруаны мұқият аяқтаған құрылысшыларға тұрғындардың алғысы шексіз.
ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ САЯБАҒЫ ДА ЖАҢАША КЕЙІПТЕ
Аталмыш саябақ аудан орталығындағы «Жанкент» шағынауданында орналасқан. Саябақтың негізін 2008 жылы Александр Иванович Терещенко қалаған.
Бұл саябақ та Мәдениет үйінің балансында. Аумағы – 7,2 гектар. Мұнда 3 мың түптен астам шырша, емен, қарағай, аққайың секілді көпжылдық ағаштар және тағы басқа сәндік ағаштар, 2 мыңнан астам раушан гүлі өсіп тұр. «Биыл саябақ аумағындағы орындықтар ауыстырылып, ескілері сырланды. Түнгі жарықшамдары реттелді. Аяқжолдарға брусчатка төселді. 3 субұрқақ қайта жөндеуден өткізілді. Саябақ ішінде 6 сотық жерде жазғы іс-шаралар ұйымдастыруға арналған 100 орынды амфитеатр бар. Саябақтарға жауапты мекеме болғандықтан, аталған мәдени демалыс орындарына жанашырлықпен қараймыз. Аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер, мекемелер де сенбілікке шығып, саябақтарда тазалық жұмыстарын жүргізіп тұрады. Менің тілегім, арамызда жаңарғанды жайрататын, бүтінделгенді бүлдіретін санасыздар болмаса екен! Қолда бардың қадірін біліп, туған жерге жанашырлықпен қарау, қоршаған ортаны қорғау – әрбір саналы азаматтың парызы» дейді «Мәдениет үйі» ММҚК директорының орынбасары Е.Көшенов.
Тұңғыш Президент саябағы да ерекше кейіпке еніп, құлпыра түсіпті. Жанға жайлы самал есіп, жап-жасыл талдарға оранып тұр. Келушіні кірген бойда ұлт қайраткері Т.Рысқұловтың ескерткіші қарсы алады. Мүсіндер, түрлі архитектуралық туындылар – бәрі-бәрі ішкі үйлесімге бағынған. Мұндағы жаңалық, биыл қосымша «Жастар аллеясы» ашылды. Балаларға арналған жаңа аттракциондар, спорт алаңшалары, жаңа орындықтар қойылды. Бұл мәдени демалыс орнына сырттан келген туристер, өнер адамдары, облысымызға, елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері бас сұқпай кетпейді. Мұнда түрлі мәдени іс-шаралар өтіп тұрады. 2008 жылы ауданның 90 жылдығы, пандемиядан бұрын Наурыз тойы дүркірей өткізіліп, халық көңілді демалған. Демалыс орны көрнекті жерге орналасқан. Саябаққа жақын маңда «Жанкент» мектебі, спорт кешені, мейрамханалар, балабақша орналасқан. Ал, саябақтың сыртындағы «Ана мен бала» монументі сізге әлемді мейірімділік қана ұстап тұрғанын ұқтырады.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген мәселелер Түлкібас ауданында сәтімен жүзеге асырылуда. Туған жердің көсегесін көгертуге үлес қосып, ізденіп, рухани толысуға тырысатын, ойлары мен бойларын аға буынға қарап түзейтін жастар өсіп келеді.
Бізді осы қуантты.
Айгүл СҮНДЕТОВА. Түлкібас ауданы.