1995 жыл: Абайдың атын адамзат естіді

1995 жыл елімізде Абай жылы болып жарияланды. Осы датаға орай Президент Н.Назарбаев ЮНЕСКО-ға Абайдың 150 жылдығын әлемдік деңгейде атап өтуге ұсыныс жасады және ол ұсыныс жаһандық беделді ұйымнан қолдау тапты. Абай Құнанбайұлы – қазақтың бас ақыны ғана емес, бүкіладамзаттық деңгейдегі ұлы ойшыл. Осылайша ұлы тұлғаны жаңа қырынан тануға, оның шығармаларымен толық әрі жан-жақты сусындауға тәуелсіздіктің арқасында қол жетті. Ақынның 150 жылдығын тұңғыш рет бүкіл дүниежүзілік деңгейде атап өту осының айғағы.

Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, 1995 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша балаларға берілетін бірыңғай ай сайынғы жәрдемақы 6 жасқа дейін – 260 теңге, 6 жастан 18 жасқа дейін 270 теңге болыпты. Жалғызбасты аналарға балалары үшін берілетін көмек 6 жасқа дейін 210 теңге, 6 жастан 18 жасқа дейін 230 теңге. Ал, әскери қызметкерлердің балаларына 270 теңге төленіпті. 1995 жылдың 1 қаңтарында халық шаруашылығы бойынша орташа айлық жалақы – 3978 теңге, өндірістік емес салада – 2387 теңге, білім беру саласында – 1811 теңге, денсаулық сақтау саласында – 1499 теңге, әлеуметтік қорғау саласында – 1551 теңге, мәдениет және өнер саласында 1481 теңге болған екен. Елдің әлеуетін осыдан-ақ байқауға болатындай. Әйтсе де, бұл енді қалыптасып келе жатқан Қазақстан үшін тәп-тәуір белес еді. Парақтасақ, 1995 жылы ел өмірінде үлкен-үлкен өзгерістер орын алған.

12 қаңтарда Президент Жарлығымен қазақ ғарышкерлері Т.Әубәкіровке, Т.Мұсабаевқа, Ресей ғарышкері Ю.Меленченкоға «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, «Алтын Жұлдыз» тапсырылды. Т.Мұсабаевқа, Ю.Меленченкоға «Қазақстанның ғарышкер ұшқышы» құрметті атағы берілді.

Ал, 1 наурызда Мемлекет басшысы жанындағы қоғамдық консультациялық-кеңесші орган – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Оны құру туралы шешім 1992 жылғы желтоқсанда өткен Қазақстан халықтары құрылтайында қабылданды. ТМД елдерінің ешбірінде жоқ ұйымның мақсаты қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты нығайту болды.

24 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) сессиясы ашылды. Онда Президент Н.Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзарту мақсатында бүкілхалықтық референдум өткізу туралы ұсыныс енгізу мәселесі қаралды. Елбасының бұл қызметте болуының бірінші конституциялық мерзімі 1996 жылдың желтоқсанында аяқталатын еді. 29 сәуірде өткізілген бүкілхалықтық референдумда сайлаушылардың 95,4 пайызы Президент өкілеттілігінің мерзімін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартуды жақтап дауыс берді. «Мен үшін, Қазақстан Республикасының алғашқы және бүкіл халық болып сайлаған Президенті үшін мемлекеттің тәуелсіздігі жай сылдыр сөз емес, қайта нақты әрі тарихи жеңіс болып табылады. Еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығына кез келген көз аларту мен қол сұғуға батыл түрде тойтарыс берілетін болады» деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бүкілхалықтық референдумнан кейінгі сөйлеген сөзінде.

26 сәуірде Елбасы майдангер ардагерлердің бір тобын мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Олардың ішінде аты аңызға айналған партизан-жазушы Қасым Қайсеновке «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, «Алтын Жұлдыз» белгісі қоса тапсырылды.

19 мамырда Алматыда банкнот фабрикасының бірінші кезегінің ашылу рәсімі болды. Мамыр айының соңына қарай Қазақстан аймағындағы ядролық қару толық жойылды немесе әкетілді, баллистикалық зымырандардың шахтадағы қондырғылары да жойылды.

12 маусым күні ҚР Президенті Н.Назарбаев Алматыда Түркия Республикасының Президенті С.Демирелді қабылдады. Маусымның 14 күні Нұрсұлтан Назарбаев пен Сүлеймен Демирел Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауидің кесенесін калпына келтіру жұмыстарымен танысты. Бұдан кейін олар Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің жаңа ғимаратының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Өз кезегінде С.Демирел осы жоғары оқу орнында тек Қазақстан мен Түркияның ғана емес, сонымен қатар, Орталық Азия мемлекеттерінің, басқа да түркі тілдес елдердің жастары да оқитынын атап өтті.

Сонымен қатар, 3 шілдеде Президент Н.Назарбаевтың «Алматы қаласында Тәуелсіздік ескерткішін орнату туралы» Қаулысы шықты.

9 тамызда Алматыдағы Республика сарайында Абайдың 150 жылдығына орай салтанатты мәжіліс өтті. «Бүгін – ұлы мереке. Халқымыз ең аяулы перзенті мен ең дана ұстазына мәңгі өшпес махаббатын білдіруге жиналып отыр. Оның дүниеге келгеніне әр он жыл толған сайын осылай бас қосып, өткеніміз бен кеткенімізді, жеткеніміз бен жетпегенімізді бір сарапқа салып алу әлдеқашан әдетімізге айналған. Соның әрқайсысында Абайдың аты жаңаша асқақтап, халқымыздың мәртебе-мерейі жаңа биікке көтерілумен келеді. Бір кезде абзал ақынымыздың асыл мұрасының таптық идеология табанында тапталып қалмай, жаңа ұрпақтармен бірге жасайтын мәңгілік құбылысқа айналғанына қуандық. Сосын оның қадір-қасиеті өз аумағымызбен шектеліп қалмай, іргелес халықтар мен елдерге де кеңінен танымал бола бастағанына масаттанып, марқайдық. Ал, бұл жолғы сүйінішіміздің жөні тіпті бөлек. Ол үшін бір-бірімізді қуана құттықтап, бір-бірімізден қуана сүйінші сұрасақ та ешқандай ерсілігі болмас еді. Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сөздері шын мәнінде ұлт болып ұйысуымыздың негізгі шарты. Өз халқымыздың мүддесі үшін күресте достық, татулық, бірлік керек пе? Керек. Ендеше, Абай сөзін тереңірек ұғынып, онымен өзгелерді ұялтуға емес, өзімізді-өзіміз ұялтуға тырысайық» деді Президент Н.Назарбаев салтанатты мәжілісте жасаған баяндамасында.

 

Жаңа Конституция қабылданды

1995 жылы 30 тамызда Қазақстан Республикасының қолданыстағы Ата Заңы қабылданды. Референдум арқылы дауыс беруге 8 миллионнан астам азамат қатысып, жаңа Конституцияны жақтап 7 млн. 210 мың адам (89,1 пайыз) дауыс берді. Конституцияның жаңа жобасын талқылауға 3 миллион 345 мыңнан астам қазақстандық қатысып, 31 886 ұсыныс пен ескертулер жасады, соның нәтижесінде жобаның 98 бабының 55-іне 1100 түзетулер мен қосымшалар енгізілді. Жалпы алғанда Конституция мәтінінің 18 нұсқасы дайындалған. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады. Бұл тәуелсіз Қазақстанның қабылдаған екінші Конституциясы. Алдыңғы Конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын. Жаңа Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы оның мазмұнының сапасында еді. Мұнда алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. Ол бойынша Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып табылады, билік тармақтарынан жоғары тұрады. Бұл президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді. Парламент туралы конституциялық бөлім өзгерістерге ұшырады. Республиканың экономикалық қүш-қуаты мен мүмкіндіктері ғылыми тұрғыдан тиянақталып, халықтың әлеуметтік топтарына тиісті мәселелерді шешу ескертілді. «Бүкілхалықтық референдумда қабылданған осы Негізгі Заң, шын мәнінде, қоғамдық келісімге айналды, сол бойынша өкімет Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетке айналдыруды өзіне басты міндет етіп алды, ал, азаматтар Конституцияны және еліміздің заңдарын бұлжытпай орындауға жауапкершілікті өз мойындарына алды. Осындай өзара міндеткерлік қоғам мемлекеттің одан әрі нәтижелі дамуына тиянақты негіз қалыптастырады және біздің болашаққа сеніммен қарауымызға мүмкіндік береді» деп жазады Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы» атты кітабында.

Осы жылдың 15 қыркүйегінде «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» ҚР Президенті Жарлығы шықты. Астананы Ақмолаға көшіру, саяси, экономикалық тұрғыдан және жалпы алғанда біздің мемлекетімізді дамыту болашағының тұрғысынан алғанда да әбден орынды деген мамандардың талдауы жаңа жобаның жарқын болашағын айқындады.

1995 жылы желтоқсанда екі палаталы (жоғарғы палаталы – Сенат, төменгі палаталы – Мәжіліс) Парламентке сайлау өткізілді.

Саясат бөлімі.

 

 

Пікір қалдырыңыз