1992 жыл: Республиканың мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы бекітілді

Өзінің тәуелсіздігін жаңадан жариялаған Қазақстан Республикасы бірінші кезекте шетелдерде дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашуға кірісті. Алматыда шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлттық ұйымдардың өкілдіктері жұмыс істей бастады. Республиканың егемендікке қол жеткен алғашқы кезінен бастап мемлекетаралық және үкіметаралық келісімшарттарға қол қою жүзеге асырылды.

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының алдында келелі міндеттер тұрды. Атап айтқанда, мемлекеттің тұтастығын нығайтып, нарықтық экономикаға көшу, жоспарларды жүзеге асыру, көп ұлтты мемлекеттің бірлігін сақтауда барлық мүмкіндіктерді пайдалану. Ал, Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты міндеттер – оның бүкіл дүниежүзі елдерімен байланысын одан әрі дамытып, алдыңғы қатарлы өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылу, елдің қауіпсіздігін қорғау, әлемде бейбітшілікті сақтай отырып, ядролық соғысты болғызбау.

1992 жылы қаңтарда Қазақстан өзінің тұңғыш сом алтынын шығарып, мемлекеттің алтын қорын жасақтауды бастады.

Сондай-ақ, осы жылы 10 қаңтарда «Қазақстан Республикасының ішкі әскерлері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қабылданып, мемлекеттің тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында еліміздің Ішкі істер әскері құрылды. Бұрын әскерге шақырылғандар туған жерінен неғұрлым алыс аумақтарда қызмет етуге тиіс болса, енді армия қатарына шақырылған жастар Қазақстан аумағында әскери борышын өтеу мүмкіндігіне ие болды. Сол жылдың тамыз айында Президент әскери қызметшілер үшін әскери анттың жаңа мәтінін бекітті.

Сонымен қатар, 1992 жылы 15 қаңтарда «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

Ал, 30 қаңтарда Қазақстан Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына кірді. 18 ақпанда Қазақстан балаларының мейірімділік қоры «Бөбек» дүниеге келді.

1992 жылдың 2 наурызында Қазақстан БҰҰ-на мүше болды. 1991-1994 жылдар аралығында Қазақстанды әлемнің 111 елі таныса, соның 92 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

ҚР Президентінің Жарлығымен 7 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы күштері құрылды. 1998 жылға дейінгі кезеңде Қазақстанның Қарулы күштері қайта құрылды. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Президент Қарулы Күштердің Бас Қолбасшысы болып табылады.

ТМД-ның 6 мемлекетінің (Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан) мемлекет басшылары 15 мамырда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойды.

22 мамырда Қазақстан ЮНЕСКО құрамына енді. Мұнан бөлек 22 мамырда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев және мемлекет басшылары Стратегиялық шабуыл қару-жарағы (СШҚ-1) туралы зымырандық-ядролық қаруды таратпау және бірте-бірте бөлшектеп, шығарып тастау туралы Лиссабон хаттамасына ядролық қарудан арылу міндеттемесін алды. Өз аумағын ядролық қарусыз аймақ деп жариялады.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен ұлттық сипатын жаңа мемлекеттік рәміздер бейнелейді. 4 маусымда Жоғарғы Кеңестің сессиясы республиканың жаңа мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті. Сол жылғы желтоқсанда Республиканың мемлекеттік Әнұранының жаңа мәтіні қабылданды.

1936 жылы бекітілген Қазақ КСР-нің мемлекеттік туы мен елтаңбасында КСРО-ның идеологиялық бағытын бейнелеген және республиканың этникалық-мәдени ерекшелігін ескермеген рәміздер енгізілген еді.

Ел рәміздерін қабылдау – аса маңызды тарихи оқиға болды. Жаңа рәміздерді қабылдау тарихи сахнаға жаңа мемлекеттің, жаңа бейбітшілік сүйгіш державаның шығуын білдірді.

Қыркүйекте Алматыда Дүние жүзі қазақтарының бірінші құрылтайы, ал, желтоқсанда Қазақстан халықтарының форумы болып өтті.

ЮНЕСКО-ның келісімі мен тәртібі бойынша тағайындалған «ЮНИТИ» («Бірлік») халықаралық сыйлығы қазан айында «Бөбек» қайырымдылық қорының президенті Сара Алпысқызы Назарбаеваға тапсырылды.

1992 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. Мемлекеттердің екі елде өз елшіліктері ашылды.

Саясат бөлімі.

 

 

Пікір қалдырыңыз