Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев: «Аймақтың әлеуеті зор»

– Төлеген Тұртайұлы, ауданға келгеніңізге 4 айға жуық уақыт өтті. Көкейге не түйдіңіз? Жаңа жоспарларыңыз қандай?

– Елді мекендерді тегіс аралап шықтым. Қариялармен және зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, ең өзекті мәселелерді талқыладық. Ауданның 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына сай әр жылы жүзеге асырылатын міндеттері бар. Мәселен, келесі жылы жүзеге асырылатын жоспарымыз бір бөлек. Бірінші кезекте биылғы межемізді нақтылап алдық. Жақында ауданымыздан сайланған облыстық мәслихаттың депутаттарымен бас қосып, биыл атқарылатын міндеттер тағы бір пысықталды. Халық қалаулыларының қатысуымен жобалар аудандық мәслихаттың сессиясында бекітілді. Негізгі қаржылардың барлығы жылдың басында қаралып қойған. Біздің міндетіміз – бірінші кезекте аудан тұрғындарына қолайлы жағдай жасау. Ол – инфрақұрылым мәселесі. Жалпы, ауданның әлеуеті өте жоғары.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев маған айрықша төрт тапсырма жүктеді. Оның біріншісі – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы. Өткен 4 айдың қорытындысына сәйкес көрсеткіштер тәуір. Қазіргі таңда жалпы өңірлік өнім өндіру көлемі 25 млрд. теңгеден асты. Оның ішінде өнеркәсіп саласы бойынша 10,4 млрд. теңгенің, ауыл шаруашылығында – 8,5 млрд. теңгенің, бөлшек саудада 5,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Құрылыс, кәсіпкерлік және басқа салаларда да жақсы нәтижелерге жетудеміз. Екінші мәселе – өңірдің саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету. Үшінші мәселе – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Бұл бағытта арнайы қаржы көздері қаралып, біршама істер жүзеге асырылуда. Аудан тұрғындары арасындағы заң бұзушылық пен реттілікті қадағалау мақсатында 85 бейнекамера орнатылды. Осы құрылғылардың көмегімен Леңгір қаласына кіретін және шығатын автокөліктер қозғалысы және жалпы қоғамдық тәртіп қадағаланады. Бұл бағытта аудандық ішкі істер бөлімінде құрылған жедел басқару орталығы бар. Әлгі камералар арқылы құқық бұзушыларға айыппұлдар салына береді. Сайып келгенде, заманауи технологиялар қоғамдық тәртіпті сақтауға зор мүмкіндік туғызып отыр. Одан бөлек, екі жерде – Леңгір қаласы мен Алатау ауылдық округінде модульдік офисте ішкі істер органы қызметкерлерінен іріктелген тәртіп сақшылары кезекшілік етеді. Төртіншісі – келешекте табыс түсірудің маңызды тетіктерінің бірі – туризм мәселесі. Аудан территориясына келетін туристер мен қонақтар аз емес. Осы талаптар тұрғысынан алғанда келіп-кетушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету де кейінге ысырып қоятын мәселе емес. Туризм кластерін дамыту бағытында ілкімді жоспарлар бар. Сондай үлкен жобаның бірі – облыс басшысының бастамасымен салынып жатқан Қасқасу туристік-рекреациялық кешені. Маңызды құрылыс нысанына облыстық қазынадан қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Алдымен, инфрақұрылым тартылады. Осы мақсатқа 2021 жылы облыстық бюджеттен 2 млрд. 920 млн. теңге қарастырылды. Жоба толық іске қосылған кезде шаңғы трассаларының ұзындығы 30 шақырымды құрап, бір мезгілде 11 мың адам демала алады. Бұл алып құрылысқа тек мемлекеттен ғана емес, жеке инвесторлардан да 150 млрд. теңге тарту көзделген. Бұдан бөлек, Біркөлік, Ақмешіт және Қасқасу аймақтарында жеке демалыс орындары бар. Олардың басым көпшілігі осы ауданға тіркеліп, тиісті салығын төлеп отыр...

Ең бастысы, биыл қай бағыттарға қаржылар қарастырылған, сол қаражаттарды уақтылы игеріп, атқарылатын жұмыстардың сапасына баса назар аударуымыз қажет.

– Ауылдарды аралап шыққанда не байқадыңыз? Шешімін күткен нендей проблемалар бар? Оның қайсысын бірінші кезекте қолға аласыздар?

– Әрине, өзекті мәселелер бар. Аудан орталығы — Леңгір қаласының өзінде көптен қордаланып қалған екі проблеманы шұғыл шешу қажет. Атап айтқанда, «Алатау» шағынауданында инженерлік-коммуникация жүйелерін жүргізу қажет. Сонымен қатар, қосымша қосалқы су стансасы салынуы тиіс. Қала тұрғындары жаз айында оның тапшылығын өткір сезінуде. Екіншіден, баспана кезегінде тұрған азаматтар өте көп. Көп қабатты тұрғын үйлер құрылысының қарқынын арттыруға болады. Алайда, ол үшін жаңа кәріз жүйесін салуымыз қажет. Қазір оның сметалық-жобалық құжатын әзірлеудеміз.

Келіп түскен арыз-шағымдарға талдау жасасақ, көпшілігі жерге қатысты. Көбінесе, олар ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістіктерге және жайылымдарға байланысты болып келеді. Әрине, мұның барлығын бір күнде шешеміз деп айта алмаймыз. Мерзімін нақты жоспарлап, кезең-кезеңімен жүзеге асыру керек. Жасыратыны жоқ, көптеген жерлер, селолық тұтынушылар кооперативіне, шаруа қожалықтарына, жеке азаматтарға беріліп кеткен. Бірақ, олар жерді қаншалықты тиімді пайдаланып отыр? Одан тиісті қайтарым бар ма? Соның барлығына бақылау жүргізілуі тиіс.

– «Таяуда тікелей өз бастамам бойынша мынадай тірліктер жүзеге асады» деп айта аласыз ба? Әлде мұндай идеяны құпия күйінде сақтайсыз ба?

– Әзірге ұрандатпай қоя тұралық. Бәріне уақыт төреші. Әрине, бірінші кезекте атқарылатын шаруалар жеткілікті. Жоғарыда айтып өткенімдей, әрбір іс-шара қаржымен қамтамасыз етілгенде ғана баянды. Бізде жалпы құны 20 млрд. теңгені құрайтын 40 жоба дайын. Жоспарланған жобалар іске асатын болса, бірқатар әлеуметтік проблемалар оңды шешімін табады. Өмір бір орында тұрмайды, ол үнемі қозғалыста. Бір шаруаны бітіресіз, екіншісінің құлағы қылтиып көрініп тұрады. Халық саны арта түсуде. Шаңырақ көтеріп жатқан жастар көбейіп келеді. Оларға баспана керек. Тұрғын үйлер түсетін көшеге асфальт салынып, жарық, газ, су тартылуы тиіс. Демек, жаңа проблемалар шыға береді. Біздің міндетіміз – халық сұранысына сай мәселелерді дер кезінде шешіп, оларға қолайлы тұрмыстық жағдай жасау.

– Ісіңізге сәттілік тілейміз! Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».

 

Пікір қалдырыңыз