«Карантиндік шаралардың жеңілдетілуі індет жоқ дегенді білдірмейді»

Қазақстан – Covid-19 инфекциясын жұқтырғандар саны бойынша қызыл аймақта. Ал, Түркістан облысындағы көрсеткіш жасыл деңгейде. Осыған орай облыс тұрғындары үшін карантиндік шектеу шаралары жеңілдетілуі мүмкін бе? Осы және өзге де сауалдарға Түркістан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов жауап берді.

– Нұрбек Садықбекұлы, эпидемиологиялық ахуалға байланысты жаңа қаулыға сәйкес не өзгерді?

– Облыс аумағында Сovid-19 коронавирустық инфекциясы мен пневмонияның алдын алу мақсатында Түркістан облысында төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік комиссия мүшелері карантин талаптарын жеңілдетті. Мәселен, бұған дейін тыйым салынған балалар ойын-сауық орталықтарының жұмыс істеуіне толық рұқсат етілді. Осы қаулы негізінде жұмыс уақытына шектеу қойылған азық-түлік дүкендері мен маркеттер, моншалар мен сауналар, аттракциондар, бизнес- орталықтар, нотариус, бухгалтерлік қызметтер, жылжымайтын мүлік және жарнама агенттіктері, сот орындаушылары, халыққа қызмет көрсету саласындағы туризм нысандары мен ұйымдар, қонақүйлер, шипажайлар, демалыс үйлері, туристік базалар және т. б. қызметтер қалыпты жағдайда жұмыс істейтін болады. Тұрғындар жиі баратын қоғамдық тамақтандыру нысандарының жұмыс уақыты түнгі 24.00-ге дейін ұзартылды. Сондай-ақ, мейрамханалар мен банкет залдарында сыйымдылығы 50%, яғни 50 орынға дейін ас беруге, мәдени нысандарда да 50 адамға дейінгі жеке және топтық дайындықтар өткізуге рұқсат етілді. Фитнес және спорттық-сауықтыру орталықтарының қызметі таңғы сағат 10.00-ден 24.00-ге дейін белгіленді.

– Сенбі және жексенбі күндері халықтың жаппай супермаркеттер, базарлар мен ірі сауда орталықтарына қарай ағылуы жағдайды қайта ушықтырып жібермей ме?

– Биылғы 14 сәуірдегі қаулыға сәйкес азық-түлік және азық-түлік емес жабық базарлардың қызметі жұмыс күндері таңғы сағат 9.00-ден кешкі 19.00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 9.00-ден 17.00 аралығына дейін белгіленді. Осыған орай дүйсенбі мен жұма күндері сауда нысандарына екі сағат артық жұмыс істеуге рұқсат берілген. Себебі, 8 сағат жұмыс істейтін азаматтардың азық-түлік және азық-түлік емес жабық базарларға баруына жағдай жасалды. Қаулы талаптарын сақтау тек базар әкімшілігі не болмаса кәсіпкерлердің ғана емес, сол нысандарға барған тұрғындардың да міндеті. Сондықтан да адам көп шоғырланатын орындарда бетперде тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтаған абзал.

– Жұмыс күндері қоғамдық көліктердің іші адамдарға лық толы болады. Бұл жағдай індеттің таралуына себеп болмай ма?

– Барлық нысандарда, оның ішінде қоғамдық көліктер мен такси қызметтерінде дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, жолаушыларды қоғамдық көліктерде орын санынан аспайтын мөлшерде отырғызу, мүмкіндігінше қолма-қол ақшасыз есеп айырысу қамтамасыз етілген. Өз кезегінде жолаушылар салонға медициналық маскамен кіріп, олар кемінде 1 метр арақашықтықты сақтауы тиіс. Әр азамат өз денсаулығына өзі жауапты. Сондықтан қабылданған талаптардың орындалуы әрқайсысымыздың жауапкершілігімізге тікелей байланысты.

– Облысымызда қандай жағдайда санитарлық блок-бекеттер қойылуы мүмкін?

– Блок-бекеттер тек тиісті аумақтарда эпидемиологиялық ахуалға байланысты төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік комиссия мүшелерінің шешімімен қойылады. Бірақ, карантиндік шектеу шараларының жеңілдетілуі індет жоқ дегенді білдірмейді. Облыс аумағында Сovid-19 індетінің алдын алу мақсатында штабпен бірлесе отырып, карантин талаптары бірқатар жеңілдетілді. Әзірге блок-бекеттерді қою қажеттілігі туындап отырған жоқ.

Сұхбаттасқан Ысқақ САДЫҚ, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

Пікір қалдырыңыз