Шардараға жеңем деп келме, үйренемін деп кел

Боксшы ұлдарымыз Азия чемпионатынан алтынсыз оралса, шардаралық қол күрес шеберлері еңсемізді бір көтеріп тастады. Шардара қаласына әлемнің кіл мықтылары жиналып, қол күрестіріп, өзара бәсеке өткізген. Әлем құрамасына Шардараның 5 білекті жігіті қарсы шығып, қарсыластарын ойсырата жеңді.
Әлем құрамасы Ресей, Грузия, Латвия, Украина, Өзбекстан елдерінен келген әлем, Еуропа, Азия чемпиондарынан жасақталған еді. Армрестлинг жанкүйерлерінің назарын аударған турнирде алғаш болып сайысқа 57 келі салмақта өнер көрсетіп жүрген шардаралық Нұрмахан Ердәулет пен ресейлік Ахмат Айбазов шықты. Нұрмахан қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмай, 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Одан кейін Қадір Нұрдәулет пен грузиялық спортшы Вилени Габрава күш сынасты. Қадір намысты қолдан берген жоқ, 4:1 есебімен жеңіп, есепті еселеді. Үшінші жекпе-жекте де шардаралықтардың мерейі үстем болды. 78 келідегі Айдархан Нұрдәулет украиналық қарсыласы Роман Мантиканы 5:0 есебімен жеңіп, «Shardara Armsport» командасының еншісіне тағы бір жеңіс жазды.
Әлемдік жанкүйерлер арасында «ең жылдам» деген лақап атқа ие Талғат Ақтаев латвиялық Владислав Красовскийге титтей де мүмкіндік қалдырған жоқ. Ең ауыр салмақ – 95 келіде өзбекстандық Жасур Алиакбаров шардаралық Қаржау Есболаттың мықтылығын мойындады.
Жалпы есепте Шардараның жігіттері әлем құрамасын 5:0 есебімен тізе бүктірді. Енді шағалалы өлкенің жігіттері Еуропа, Азия құрамаларына қарсы турнир өткізуді жоспарлап отыр.
Е.Қожахметұлы.