«Ауылға білікті мамандар қажет»

Бүгінде халық пен биліктің арақатынасы жөнінде қоғамда екіұдай пікір көп. Алайда, бір анығы, бұрынғыға қарағанда бұқараның үні билікке жете бастады. Мәселен, бұрын депутаттардың халық арасына келіп, жүзбе-жүз араласатыны аз еді. Енді олар, әсіресе, «Nur Otan» партиясы атынан сайланған депутаттар халық өкілдерімен, қоғам белсенділерімен тұрақты байланыс орнатуға өте-мөте мүдделі болып отыр. Себебі, партияның алға қойған басты мақсаты – елдің сенімін сетінетіп алмау. Таяуда облыстық мәслихаттың депутаты, мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Нұржан Ашировпен кездесіп, елдің ынтымағы мен ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер жөнінде әңгімелескен едік.

– Нұржан Сапабекұлы, биыл саяси додаға түсіп, үшінші мәрте облыстық мәслихаттың депутаты атандыңыз. Сіздіңше, депутат болу – мансап па, парыз ба?

– Меніңше, депутат болу еріккеннің ермегі емес. Депутаттыққа «мына елдің алдында өтелмеген парызым бар еді» деп ойлана алатын адамдар келуі керек. Мені облыстық мәслихаттың депутаттығына баруға ешкім итермелеген жоқ. «Бәрі де туған жеріме қызмет етіп, Отаныма пайдамды тигізсем» деген ниеттен туындады. Бұған дейін шаруашылық төрағасы болдым, егін ектім, мал бордақыладым. Сөйтіп жүріп, «мен депутат болам» деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Естеріңізде болса, тоқсаныншы жылдары жеке шаруашылық ашып жатқандарға халық басқаша көзқараспен қарайтын. Олар елдің аузындағыны жырып әкетіп бара жатқан теріс пиғылды адам сияқты болып көрінетін. Содан кейін де талай-талай қиындықтармен бетпе-бет келдік. Ағын су үшін, егістік үшін арпалыстық. Қазір шүкір, жағдай жақсарды. Одан бөлек үнемі тура жолдан тайқымауға тәрбиелеген ата-анамның рөлі зор болды. Қазір, қолымнан келгенше, біліктілігім жеткенше ел деп жұмыс істеп жатырмын. Бүгінге дейін атқарған жұмысымды да ел-жұртқа ешқашан міндетсіп көрген жоқпын. Туған жеріме жасаған қызметімді перзенттік парызым деп білемін.

– Биылғы сайлау алдыңғы саяси додалардан өзгеше өткені белгілі. Депутаттыққа кандидаттар бұрынғысынша өзін-өзі ұсынған жоқ, партиялық тізіммен өтті. Сіздің ойыңызша, мұның елдің саяси ахуалына ықпалы қандай болмақ?

– Қайсы сайлаудың болсын, өзіндік ерекшелігі бар. Кейде біз соны жауыр болған сөз сияқты қабылдаймыз. Елдің саяси дамуында сайлаудың өзіндік рөл атқаратындығын мойындауымыз керек. Әрине, сайлаудан кейін сан түрлі әңгімелер болады, сан түрлі пікірлер айтылады. Бір ағайын сайлауды қолдаса, енді біреулері наразылығын білдіріп жатады. Бұл – табиғи нәрсе.

Дегенмен, партиялық тізім не үшін қажет деген сұрақ жиі қойылады. Бұл, біріншіден, саяси партиялардың күшеюіне, саяси бәсекелестіктің дамуына ықпал жасайды. Екіншіден, партиялар өздерінің абыройы, беделі үшін жаңаша жұмыс істеуге мәжбүр болады. Биылғы сайлауға әр партия өздерінің тізімдерін жасақтады. Оның ішінде «Nur Otan» партиясы сайлауалды праймериз өткізді. Яғни бұл партия ішіндегі жаңа тұлғаларды шығару, белсенді азаматтарды анықтау мақсатында өтті. Оның қандай деңгейде өткендігі, өзінің мақсатына қаншалықты жеткен-жетпегенін алдағы уақыт көрсетеді. Десе де, мұны дұрыс қадам деп есептеймін. Соңғы сайлауда депутаттар өз партиясының беделі үшін сынға түсті деуге болады. Бұрын жекелеген депутаттар өз округтері бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, кейін сайлаушылар тарапынан сынға ұшырап жататын. Ал, қазір бар жауапкершілік партияларға артылған.

– Депутаттық сайлауалды бағдарламаңызда негізінен қандай маңызды мәселелерді көтердіңіз?

– Өзім ауыл шаруашылығы саласында жүргендіктен, ең әуелі осы салаға басымдық бердім. Қазір елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға байланысты түрлі бағдарламалар бар. Онда олардың іске асырылуы тайға таңба басқандай айқын көрсетілген. Ендігі мәселе – соның шешілуіне атсалысу. Облыстық мәслихатқа «Nur Otan» партиясы атынан сайланғандықтан, ең алдымен партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыруға күш салмақпын. Өйткені, бұл бағдарламада халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралар тегіс қамтылған. Оның ішінде ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты тәп-тәуір жобалар бар. Округ тұрғындарының аманатын арқалаған соң оларды мазалап жүрген осындай мәселелерді биліктің алдына қойып, сайлаушылардан түскен ұсыныстардың партияның сайлауалды бағдарламасы аясында шешілуіне ықпал етемін. Маған келетін адамдардың көбі әлеуметтік проблемаларын алға тартады. Жұмыс сұрап келетіндері де аз емес. Күніне шамамен үш-төрт адам қабылдауымда болады. Олардың әрқайсысына заң шеңберінде жауап беріп, көтерген мәселелерін атқарушы органдарға хабарлап отырамын. Сайлауалды бағдарламада жоспарланған жұмыстардан бөлек, аудан, ауыл үшін өзекті мәселелер туындаса, округ әкімдерімен, қоғамдық кеңеспен ақылдаса отырып сол мәселелерді бірінші кезекте шешуге тырысамын.

– Қазақтың атакәсібінің бүгінгі жай-күйіне тоқталсақ. Мемлекеттік қолдау жеткілікті болғанымен, нарықта әлі қымбатшылық. Жағдайдың түбегейлі жақсарып кетуіне не кедергі деп ойлайсыз?

– Расында, соңғы жылдары мал басы еселеп өсіп келеді. Бұған тек қуануымыз керек. Бірақ, оңтүстік өңірінің өз ерекшелігі бар. Суармалы егіншілік жағдайында әдетте, мал өнімдерінің өзіндік құны қымбатқа түседі. Солтүстік, батыс өңірлерде дақылдар жауын-шашынмен өссе, біздің күніміз ағын суға қарап отыр. Өңірдегі құрғақшылыққа байланысты соңғы жылдары табиғи шөптің бағасы да екі есе қымбаттады. Сондықтан Түркістан өңірінің климатын ескеріп, жоңышқа, жүгері сияқты мал азықтық дақылдарға мемлекеттен жеткілікті көлемде субсидия бөлінсе, құба-құп болар еді.

Өздеріңіз де білесіздер, жыл сайын мал өсіруге миллиардтаған теңге субсидия бөлініп жатады. Әңгіме оның қаншалықты әділ бөлінуіне қатысты болып отыр. Үкімет соңғы кездері мал өсіруге ақша бөлудің тиімді және тиімді еместігіне назар аудара бастады. Себебі, асыл тұқымды мал өсіруге қыруар ақша бөлініп жатқанымен, мал өнімдері арзандап жатқан жоқ. Сондықтан ауыл шаруашылығына берілетін субсидияны бөлгенде әр өңірдің ерекшеліктерін ескерген жөн.

– Ауыл шаруашылығы саласын жетік білесіз. Сондықтан осы саланы одан әрі жетілдіру туралы қандай тың ойларыңыз бар?

– Халқымыз «Ауыл – алтын бесік» деп бекер айтпаған. Мен де ауылда туып, ауылда өстім. Сондықтан ел өмірі маған етене таныс. Бүгінде халқымыздың 45 пайызы ауылда тұрады екен. Сондықтан ауылдағылардың жағдайын жақсарту – билікте отырғандардың бірінші парызы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақстан – 2050», «Ауыл – ел бесігі» атты стратегиялық бағдарламаларында ауылды дамыту туралы жан-жақты айтылған. Біз – аграрлы мемлекетпіз. Еліміз келешекте көрші елдер мен Еуропа мемлекеттерін азық-түлікпен қамтамасыз етуді қолға алғалы отыр. Көрші Қытай елі біздің ауыл шаруашылығы тауарларына қызығушылық танытуда. Сондықтан ауылды дамыту үшін заманауи технологиялар мен білікті мамандар қажет. Анығырақ айтқанда, өндіріске аграрлық ғылымның жетістіктерін енгізу керек. Сонда ғана ауылдың болашағы жарқын болмақ.

– Білікті мамандар қажет деп қалдыңыз, жастардың бұл салаға қызығушылығы қай деңгейде?

– Тәуелсіздік алған жылдары нартәуекел деп шаруа қожалығын аштым. Ол жылдары кәсіп ашып, оны өрге домалату оңайға соқпады. Қазір «Сапа-2002» серіктестігінде 10 000-нан аса қой бордақыланады. Мұнан бөлек, мақсары егеміз. Бір өкініштісі, дәл қазір шопан кәсібіне бұрынғыдай қызығатындар жоқ. Жастар малға барғысы келгенді айтасыз, қарағысы да келмейді. Не істейміз? Мәселен, әр аудан орталықтарында кәсіптік колледждер бар. Енді осы оқу орындары жеке шаруашылықтармен серіктес ретінде бірлесіп, нарық заманында бәсекелестікке төтеп бере алатын, жаңа инновациялық технологияларды меңгерген білікті мамандар даярлауды қолға алғаны жөн. Олар теориямен шектелмей оқыған-тоқығанын өндірістік тәжірибеде қолданып, көзбен көріп, қолмен ұстап үйренуі қажет. Біз мал өсіргеннен кейін оның етін ғана сатпай, жүні мен терісі де кәдеге жараса дейміз. Ал, оны кәдеге жарату үшін ауылға соңғы технологияларды өндіріспен ұштастыра білетін білікті мамандар керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

Пікір қалдырыңыз