Стамбулдан алғашқы ұшақ келді


Түркияның «Turkish Airlines» түрік әуе компаниясы жаңадан Стамбул-Түркістан бағытындағы халықаралық тұрақты рейсті іске қосты. Билет құны 119 500 теңгеден басталады. Түркістан және Ыстамбұл қалалары арасында тұрақты әуе қатынасы эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына қарай кезең-кезеңімен ұлғаймақ. Сондай-ақ, болашақта аптасына 1 рейс жиілігімен «Б-737» типті әуе кемесі ұшатын болады.

Азаматтық авиация комитеті мен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі туризмді дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда Түркістан қаласы әуежайынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау және Ыстамбұлға рейстер қойылған. Осы жылдың ІІ жартыжылдығынан бастап Түркістанды аптасына 50 рейс жиілігімен 10 облыс орталығымен (Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Талдықорған, Өскемен) қосу жоспарлануда.

Түркістан қаласы әуежайы шетелдік әуе компаниялардың ұшуы үшін «ашық аспан» режиміне енгізілген. Бұл оның ұшу географиясын кеңейтуге бағытталған. Осы арқылы шетелдік туристер ағынын тартуға болады.

Сондай-ақ, 31 мамырдан бастап «Fly Arystan» әуе компаниясы Түркістаннан Бішкекке (Қырғызстан) жаңа рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Ташкентке (Өзбекстан) рейстің ашылуы қарастырылуда.

Алғашқы тұрақты рейс іске қосылған сәттен бастап Түркістан қаласының әуежайынан 160-тан астам ұшақ ұшып, 47 мыңға жуық жолаушы тасымалданды. Рейстердің орташа коммерциялық жүктемесі 83%-ды құраған екен.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдырыңыз