Мен орысшаны қалай үйрендім?

Мектеп бітірген жылы қасымда әпкем мен кентаулық Ізбасар бөлем бар, үшеуміз Қарағанды кооператив институтына құжат тапсырдық. «Сауданың айналасында жүрсек аштан өлмеспіз» деген ой болды үшеумізде. Алғашқы емтиханды орыс тілінен жазбаша тапсырып, іркес-тіркес үш алып шыққанбыз. Екінші пән КСРО тарихы екен, мен төрт алып өттім, әпкем мен бөлем құлады. Үшінші емтихан география пәнінен еді. Мектепте бұл пәннен Сәуірбай Калиев деген ағайым оқытқан. Керемет ұстаз еді, сабағын қызықты етіп өткізетін. Сол кісінің арқасында географиядан төрт алып көрмегенмін, дүние жүзі картасын жетік білетінмін. Бұл сынақтан мүдірмейтініме сенімді едім. Сондықтан әпкемді қалдырып, бөлеммен бірге қала аралауға шықтық. Былай шыққан соң бөлем: «емтиханнан өткеніңді жу» деп жат та жабысты. Ауылдан шықпаған баламын, жуудың мәнісі осы екен деп, лимонад пен балмұздақ алмақшы болған едім, бөлем «мен саған жас баламын ба?» деп бұртиғаны. Қанша дегенмен қала көрген неме, «вино ішейік» деді. «Студент болғасын бәрібір үйренесің. Дәмі де ащы емес» деп жүріп, ақыры екеуін бір-ақ алдырды. Ол кезде кез келген көшеде газды су сататын автомат тұрады, соның «айғыр» стаканын қалтаға сүңгітіп жіберіп, бітпеген құрылыстың ішіне жайғастық. Алғашқы шөлмек жақсы кетті. Бойыма қан жүгіріп, әлденелерді айтып, айтқан сайын қарқ-қарқ күліп, әдемі отырған едік, қайдан шыққанын білмеймін, бір қазақ, бір орыс екі млитса жетіп келгені. Қазағы: «Оу, отырыс жайлы болсын, ненің құрметіне ішіп отырсыңдар?» деп сұрақ-жауапты бастап жіберген. «Емтиханды жуып отырмыз» дей берген едім, орысы әй-шай жоқ, бөлемнің астындағы кірпішті бір теуіп, шалқасынан түсірді. Бар білген орысшамды қолданып, «извинитемді» айтып жатырмын. Ол тыңдайтын емес, екінші шөлмекті бір ұрып талқанын шығарды. Ақшаға келген дүние ғой, шөлмекті сындырғаны қаттырақ батты жаныма. «Зашем ударил, надо пить, пить» деп шырылдап жүрмін. Ол тыңдайтын емес, қазақ млитса мен бөлемде үн жоқ. «Откуда?» дейді орыс, мен «оттама» деп тұр екен деп «боқтама» дедім де тағы таяқ жедім. Ақырында арттан тағы бір-бір тепкізіп қайттық. Кетіп бара жатып «зашем задный удар, у вас грязный мысл» деп айтып кеттім тағы.
***
Бөлеммен жүріп «ұшпаққа шықпаған соң» ертеңгісін өз бетімше шықтым. ЦУМ-ның қасынан өтіп бара жатсам, ұзақ-сонар кезек тізіліп тұр. Аңысын аңдап байқасам, сол кезде сәнге айналып жүрген туфли түскен екен. Аяқ киім қат еді, ортаға кимелеп бара жатыр едім, тағы сол айналайын, орыс тілді ағайын «А, ну-ка, встань в очередь» деп шулап қоя берді. Қазақтан орысы көп ортада «соңы кім?» дегенді қалай айтуды білмей тағы қиналдым. Сөйтіп әрі-сәрі боп тұрғанда қайдан есіме түскенін білмеймін, ауылдағы шопырлардың «задний ходқа сал» дейтін сөдері есіме түсе кетті. Ең соңында тұрған орыс қызы мен жігітіне қарап, «Кто задний ходь?» деп салдым. Олар үндемейді, мен естімеген шығар деп қаттырақ сұраймын. Ақыры орыс қыз шекесін сұқ саусағымен шұқып-шұқып алған соң, сөзімнің дұрыс шықпағанын түсіндім.
Сонда да түс ауғанша қайтпадым. Кезектің бітер түрі жоқ. Сөйтіп тұрғанда жерден шыққандай бір жігіт жетіп келді де, «туфли керек болса бері жүр» деп сыбырлап алып шықты. Рәпатым келіспей тұрғаннан-ақ қаланың тұрғыны емесім белгілі болса керек, үстіне бес сом қоссам, өзіме шақ аяқ киім тауып беретінін айтып зыпылдап кетті. Мен де жөн-жобасын сұрап жатырмын. Қалада физкультурный институттың 5-курсында оқитын Қайсар деген жігіт екен. «Туған әпкем осы ЦУМ-да товаровед болып жұмыс істейді» деді. Ақыры келіскен бағаға туфлиімді әкеліп берді. Қуанышымда шек болмай, сұрағанынан да артық ақша бердім.
Кезекте тұрып шөлдегенім бар, су іше қояйын деп автоматқа барсам, ұсақ тиыным қалмапты. Қарсы беттегі киоскіде газет сатып отырған орыс апаға «15 копеек возьмите, 3 копеек дайте» деп жүріп, ол шаруаны да бітірдім.
Жаңадан алған туфлиіме таға қақтырып аламын деп тағы кешке дейін жүрдім. Ол кезде аяқ киім жөндейтін шеберханаларда негізінен еврей, орыс, түрік, әзербайжандар отырушы еді. Олар орыс тілінде сөйлейді. «Говори по-русский» деп олар тұрады, «Нет, русский» деп түсіндіре алмай мен тұрамын. «Этот, нали, нали, сюда так» деп туфлиімнің өкшесін көрсетіп жүріп бұл «мақсатыма» да жеттім.
***
Географиядан төрт алып, соңғы емтихан математика қалған кезде әпкем мен бөлем қайтатын болды. Жаныңда жанашыр адамның болғаны да жақсы екен. Оларды қимай, кәдімгідей мұңайып қалдым. Олар кеткен соң елсіз аралда жалғыз қалғандай елегізіп жүрдім. Ермегім есеп шығару, формулалар жаттау болды. Орыстанып кеткен қалада мейірім жоқ секілді. Сәтін салып, соңғы емтиханнан да төрт алдым. Әке-шешем қуанып, бүкіл ауылға «балам өз күшімен оқуға түсті» деп әкем қызметтестеріне жуып та үлгеріпті. Ал, менің әлі конкурстан өтуім керек. Оған дейін он күн бар. Орысшыл ортада сол он күнге шыдай алмадым. Институтқа барып құжаттарымды сұраған едім, жауапты хатшы: «бағаларың жақсы, конурстан өтесің, спец пәнінен төрт алыпсың, конкурста жеңіл болады» деп біраз үгіттеді. Тіпті, декан да біраз ақылын айтты. Алайда, мен илікпедім.
Ал, келесі жылы Алматы қаласына барып, халық шаруашылығы институтына тағы да «өз күшіммен» оқуға түсіп кеттім. Кейінірек орыс тілін де үйрендім, талап болса тіл үйрену қиын емес екен. Ол кезде саясат солай еді, орыс тілін білмесең күнің күн емес. Ал, қазір өз билігіміз өз қолымызда, ана тілімізден жерінетіндей не басымызға күн туып тұрғанын түсінбеймін.
Есенғазы ЖҮСІПОВ, қаржыгер.