Біздің Сабина

Сабина Пак – Мақтаарал ауданы, Қызылқұм ауылында дүниеге келген. Ұлты – кәріс. Алайда, Сабинамен бірінші рет кездескен адам оны кәрістің қызы деп мүлде ойламайды. Кәдімгі қазақтың қызы. Тілі де қазақ, пошымы да қазақ.

– Отбасында үш ұл, екі қызбыз. Әкем – кәріс, анам – қазақ. Үйде орысша да, қазақша да сөйлейміз. Екеуіне де тіліміз жатық. Ешкім бізді қазақша үйреніңдер деп қыстамаған. Әкем қазақ сыныбында оқығанымызды қалады. Болмаса ауылда орыс сыныбы да бар еді. Айналамыздың бәрі қазақ болған соң қазақша сөйлеу соншалықты ауыр болған жоқ. Алайда, мектепте, әсіресе, бастауыш сыныпта берілген мәтіннің мазмұнын айтудан, жазу жағынан қиындықтар болды. Бірақ, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Ханби апайым ыждаһаттылық танытып, соның арқасында бәрін тез әрі оңай игеріп алдым, – дейді Сабина.

Оқушы кезінде туған ағасы Темур хакім Абайдың, Шәкәрімнің, Мұқағалидың том-том кітабын әкеліп, өлеңдерін жаттайтын. Көркемсөз оқу шеберлерінің байқауларына қатысатын. Жүлделі оралатын. Тіпті, ол «Абайдың» отыз бірінші қара сөзін» корей тіліне аударған. Соны көріп өскен Сабина да сахнаға шығып, өлең оқығысы келетін. Оның бұл арманы мектепте оқып жүргенде-ақ орындалды. Сабина да аудандық байқауларда бақ сынады. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегін», Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпанын», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдарын» сол мектепте жүргенде-ақ оқып қойған. Әлі де әдеби кітаптарды жиі оқиды. Абайдың, Шәкәрімнің, Мұқағалидың өлеңдерін жатқа біледі.

Бүгінде Сабина Шымкент қаласындағы «Мирас» университетінің филология факультетінде 3-курста оқиды. Марқұм әжесі қай жердің суын ішіп, нанын жеген болсаңдар, сол ұлттың тілін біліп, дәстүрін сақтау да міндеттерің!» деп отырады екен. «Біздің ауылда да, мен оқыған мектеп пен жоғары оқу орнында да айналам тола қазақтар. Сондықтан мен көбінесе ұлтымды айта бермеймін. Сұрай қалғандарға «Қазақпыз ғой...» дей саламын» дейді ол күліп. Сондай-ақ, қазақ тілін білу арқылы әуелі қазақтың әдеби шығармаларын түпнұсқадан оқу мүмкіндігіне ие болғанын алға тартады. «Негізі қазақ тілі үйрену жағынан күрделі тілдердің бірі. Сондықтан меніңше, бұл тілде сөйлеудің, сөйлей алуды мәртебе көрудің сөкеттігі жоқ сияқты. Мен қазақша сөйлейтініме мақтанамын. Қайда тудым, сонда ғұмыр кешемін. «Бала – баққандікі» дегендей, мен де туған ел, туған жеріме қызмет етуді мұрат санаймын. Менің мамандығым – қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі. Осыдан-ақ болашағымды осы елмен байланыстырғанымды аңғаруға болатын шығар» дейді ол.

Қаршадай қыздың қазаққа деген махаббаты мен сүйіспеншілігін көріп біз де сүйсіндік! «Қазаққа алғыс айтамын!» дегенін естіп елжіредік. Қазақтың қара өлеңін жатқа оқып, қазақтың ақын-жазушыларын аузынан тастамай, сөздің жүйесі мен киесін ұғынғанына қарап, болашағына сенім арттық!

Мақпал ТӨРЕБЕК.

 

 

1 пікір

  • Аманкелдi Баянов
    Аманкелдi Баянов

    Алыс жакты не кыласын

Пікір қалдырыңыз