Су арналары қаланы көркейтеді

Климаты құрғақ, шөлді, жаз мезгілі ұзақ болатын Түркістанды көгалдандыру үшін ең алдымен суландыру жүйесін жетілдіру керек. Осы мақсатта облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жеке бақылауымен Түркістанда жан-жақты зерттеліп, зерделенген кешенді жоба бойынша ауқымды істер атқарылып келеді.

Ең алдымен, қаланың бірнеше бағытынан келетін кіші каналдар күрделі жөндеуден өткізіліп, қалаға су тартылды. Түркістан аумағында жүздеген су арналары пайда болды. Рухани-мәдени орталық пен Әкімшілік-іскерлік орталықта және іргелес жатқан аумақтағы көшелерде салынатын жолдардың бойына жобамен 100 шақырым арықшалар тартылды. Бұл – Түркістанның экологиясын оңалтып, климатын жақсарту үшін жасалатын оң қадамдар.

«Түркістан магистральды каналын күрделі жөндеу» жобасы, «Кеңсай–Қосқорған-2» су қоймасын салу, «Машиналық әдіспен су беру», «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жұмыстары басталды. Түркістан қаласының Бас жоспарына сәйкес, қала айналасынан 8 мың гектарға жуық аумаққа «Жасыл белдеу» құру жоспары жыл соңына дейін толық жүзеге асады. Бұл жазы ыстық Түркістанның жасыл желекке орануына сеп болады.

Суландыру жұмыстарын жүргізу арқылы қала ішіндегі және айналма жол бойында отырғызылған ағаш көшеттері мен жасыл желекті суаруға толық мүмкіндіктер болады. Және осы арықшалардан келген су кесене аумағында орналасқан Тұңғыш Президент саябағындағы жасанды көлге келіп құятын болады. Түркістан әуежайының аумағында 140 мың түп жасыл желек, 200 мың түп қара өрік отырғызылды. Бұл да шаһардың жасыл желекке орануына сеп болмақ.

Қаладағы құрылыс алаңдарын аралаған Өмірзақ Естайұлы жаңадан бой көтерген «Дендросаябақ» пен ондағы жасанды көлдің құрылысымен танысты. Жасанды су айдынының құрылысы аяқталуға жақын. Жақын күндері мұнда су келеді.

Түркістан сәулетшілері облыс әкімінің тапсырмасымен жаңа су арнасының жобасын дайындады. Жоба жүзеге асқан жағдайда, ұзындығы 9 шақырымды құрайтын жаңа канал пайда болады. Осылайша «Кеңсай–Қосқорған» су қоймасынан келетін ағын су Ясауи кесенесінің аумағындағы Тұңғыш Президент саябағы мен қала іргесінде орналасқан аттракциондар паркіне дейін созылады.

Айта кетейік, Түркістан қаласын сумен қамтамасыз етуде жер беті суларымен қатар, жер асты суларының да маңызы зор. Жарамсыз болып қалған 150 тік ұңғымаларды қайта қалпына келтіру арқылы жылына қосымша 190 млн. текше метр ағын су тапшылығын жоюға қол жеткізіледі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

 

Пікір қалдырыңыз