Адырбек атаның елесі...

Жаздың шіліңгір шілдесінде тыстан жөткірініп дыбыс беріп, табалдырықтан аттай сала екі жағына алма-кезек қарап, «Ассалаумағалейкүм» деп сәлем бере кіретін ұзын бойлы, қапсағай денелі, оң жақ көзін шекесінен қисайта шыт орамалмен таңып алатын ақ сақалды, көк есекті шал есімде мәңгі қалып қойыпты.

Мен тым кішкентай едім. Бірінші сыныпқа енді барып жүрген кезім болса керек. Үйде ешкім болмаса да амандасып кіретін жанары суалған қартқа үрпие, қорқа қарайтынмын. Бірақ, аузынан шыққан әр сөзі керемет ертегідей әсер қалдыратын. Апам да ол кісі келсе иіліп сәлем салып, қабақ шытпай, жез самаурынды екі иінінен демалдырып, бар жылы-жұмсағын әлгі кісінің алдына тосатын. Апамның соншалық пейілі үшін де ол атаны жек көрмейтінмін. Жас балаға тіке қарамай, әңгімесін үнемі бір қырындап отырып айтатын. Көзімнен қорқып қалмасын дейтін болуы керек. Көкеме ылғи «жыртық үйдің де иесі болады, кірерде дыбыс беріп, адамы жоқ болса да табалдырықтан амандасып кір, табалдырықтан үлкен тау жоқ» дегенді жиі айтатын.

Сондай ми қайнатар шілденің аптап түсінде әлгі қария үйге келді. Жөн сұрасқанда:

– Мына қырғын Құрсайдан келем. Сонау отыз екінің нәубетінде талайдың сүйегі далада қалды ғой. Мен өлсем он баламның ең болмаса біреуі Құран оқытар. Ақ сөңкесі шыққан, беті ашық сүйектерді жинастырып, шамам келгенше көміп, Құран оқып келем. Кім болса да қаймана қазақ қой, Құдай соның сауабын берсін» деп бір тоқтап алып, ары қарай ашаршылықтың, Созақта қырылып қалған адамдардың мәйіттерін сол қырғын Құрсайға әкеліп тастағанын, сондағы үлкен астық қоймасының іші тола бидай болса да талай қазақтың текке аштан қырылғанын айтатын. Соқыр көзден бетін айғыздай аққан жасты жеңінің ұшымен сүртіп, апам ұсынған күрең шайды сораптап ұрттап, ары қарай әңгімесін жалғай түсетін. Ентігі басылып, шайға мейірі қанған соң барып, іргеге тастай салған шолақ сапты күрегін беліне қыстырған күйі көк есегіне мініп қайта кететін. Адырбек ата кете салысымен:

– Апа, қырғын Құрсай қайда?– деймін жұлып алғандай.

– Қырға шықсаң көрінеді...–дейді апам самарқау ғана ойлы пішінмен.

– Апа, ашаршылық деген не, адамдар бидай болса да неге өліп қалған?..

Осы кезде шыдамы таусылған апам:

– Жә, жынды қар, қайдағыны айта берме! – деп тиып тастайды. Аз-кем бұртиып алам да:

– Апа, сонда?– деп ұзақ сонар бітпейтін сұрақтарымды жаңбырша жаудыра беремін. Апам болса кейін өзің түсінерсің дегендей үнсіз қалатын.

Қылышын сүйретіп қыс келгенде апам мен көкем нашарлап жатқан Адырбек атаның күнұзақ үйінде болып, түн ортасында ғана келіп жүрді. Бір күні апам Адырбек атаның үйінен көңілсіз оралды. Көкем мүлде келген жоқ.

– Атаң кетті, жарықтық...бұл дүниеде кім мәңгілік? Иманды болсын, зат кісі еді... – деп көзіне жас алды. Кейін кемпірлермен әңгімесінен ұққаным, Адырбек ата қысымен орнынан тұра алмай, төсек тартып жатса да бес уақыт намазын үзбепті. Тіпті, соңғы демі үзілер шақта мүлдем тұра алмай жатқан қарт орнынан ұшып түрегеліп, босағада ілулі тұрған кемпірінің халатын «сыртта кісілерім мына қара киімнен кіре алмай тұр» деп алдыртып тастағанда отырған ағайындар түгел жағаларын ұстап, таң қалғанын аса толқыныспен айтып отыратын. Тіпті үзілер алдында балаларына дәрет алғыздырып, намаз оқығанын да айтып, «жарықтық, адамзаттың асылы еді ғой» деп күрсінетін. Сонда менің есіме «қырғын Құрсай» оралады. Сол Құрсайға көк есек мінген қарттың кетіп бара жатқан сұлбасы көз алдыма әлі елестейді...

Салтанат АЙДАРБЕКОВА. Қызылкөл ауылы, Созақ ауданы.

 

 

3 пікір

  • Мухатай Жақаев
    Мухатай Жақаев

    Бала кезімде Адырбек атаға Рүстем-Дастанды оқып беруші едім, қойауылға қыдырып келгенде.

  • Расилова Анипа
    Расилова Анипа

    Көке дейтінбіз,жарықтық әулие адам еді деп отыратын марқұм шешем расындада әулие десе дегендей еді қазіргі болып жатқан дүниенің бәрін айтып отыратын.

  • Әшібеков Таужан Байәділұлы
    Әшібеков Таужан Байәділұлы

    Өте керемет!!!

Пікір қалдырыңыз