Елімізде жаңа Кодекс күшіне енеді

Жаңа заңға сәйкес, мемлекеттік орган еш уақытта талапкер рөлін ала алмайды, ол тек қана жауапкер болады.

2020 жылғы 29 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне және ҚР әртүрлі заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ілеспе заңға қол қойған болатын. Аталған Кодекс 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Жаңа кодекс Әкімшілік рәсімдерді, мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін жүзеге асыру тәртібін, сондай-ақ жария құқықтық қатынастар саласындағы дауларды шешу тәртібін реттейтін айтарлықтай бірегей заңнамалық актіні білдіреді. Бұрын Қазақстанда мұндай кодекс болған емес. 
Жалпы, қазіргі таңда елімізде қылмыстық, азаматтық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралатын болса, бұл жаңашылдық арқылы сот ісін жүргізудің төртінші, жаңа институты – «әкімшілік іс жүргізу» деген ұғым енгізіледі.
Қазіргі таңда осы әкімшілік-әділет жүйесіне дайындық барысы жүргізіліп жатыр. 500-ге жуық судья оқытылуда, 21 әкімшілік сот құрылады, ол соттардың 17-сі еліміздің ірі қалаларында, қалған төртеуі Қаскелең, Семей, Жезқазған және Екібастұз қалаларында орналасады. Ал, Заң нормалары халыққа кеңінен түсіндірілуде. 

Аталған заң Әділет министрлігімен бірлесіп әзірленген. Ол күшіне енгеннен кейін екі заң, «Әкімшілік рәсімдер туралы заң» мен «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы заң» өз күштерін жояды. Бұдан былай азаматтар мемлекеттік органмен немесе әкімшілік органмен, басқа да лауазымды тұлғалармен дау туындаған жағдайда, осындай әкімшілік соттарға жүгінетін болады. Тек лауазымды тұлғалар ғана емес, квазисектордағы, мемлекетке бағынышты органдар, мысалы, ұлттық компаниялар, мемлекеттің үлесі бар, мемлекет өзінің уәкілеттігін берген органдар, тіпті Республикалық адвокаттар алқасы сияқты органдардың өзі де осы заңның шеңберінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне жауап беретін болады. Демек, бұл заң азаматтардың мемлекеттік органдар алдындағы әлсіздігін жоюға бағытталған десек қателеспейміз 

Жаңа заңға сәйкес, мемлекеттік орган еш уақытта талапкер рөлін ала алмайды, ол тек қана жауапкер болады. Сонымен қатар, бұл заңға бойынша судья шешім шығарып қана қоймай, оның орындалуын да қадағалайды. Лауазымды тұлға шешімді орындамаған жағдайда, 50-ден 100 АЕК дейін қаржылай өндіріп алу жазасы қолданылады. Шешім орындалмайынша, судья ол адамды жауапкершіліктен босатпайды.

Кодексті қабылдау мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдау процесінде және жоғары тұрған органда және сотта мемлекеттік органдармен дауларды қарау кезінде азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғау кепілдіктерін бекітуге және сот жүйесіне жүктемені азайтуға әкеледі.

Болат Турабай,
Түлкібас аудандық сотының судьясы. 
Пікір қалдырыңыз